К.Петровтың айтуынша, 11 мамыр күні сағат 18.00-де Президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталады. Ал кандидаттардың бәрі Конституция және «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» заң талаптарына сай 2019 жылдың 06 мамырына дейін тіркеліп болды. Бұл орайда Орталық сайлау комиссиясының қабылдаған бірқатар шешімдеріне сәйкес кандидаттарды тіркеу мерзімінен бұрын аяқталған. Ал үнемделген уақыт кандидаттардың штаб қызметін ұйымдастыруға жұмсалып, үгіт жүргізу мерзіміне сапалы дайындалуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде 7 адам тіркелді. Олар: Nur Otan партиясынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан ұсынылған Сәді-Бек Түгел, «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен ұсынылған Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Төлеутай Рақымбеков. «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қоғамдық бірлестігі ұсынған Әміржан Қосанов.
2019 жылғы 11 мамырда жергілікті уақыт бойынша 18.00 сағаттан кейін үгіт жүргізу мерзімі басталады.
Бұдан кейін баяндамашы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер туралы айтты. Мәселен, қазіргі күнгі жағдай бойынша Ортсайлаукомға 60 өтініш келіп түскен, оның ішінде Президенттікке кандидаттарды тіркеу кезеңінде 25 өтініш түссе, оның ішінде: 21-і – жеке тұлғалардан; 4-еуі – заңды тұлғалардан екен. Өтініштер пошта конверттері, электронды үкімет порталы, Ортсайлаукомның электронды поштасы арқылы жеткізіліп және қолма-қол берілген.
Екінші мәселе бойынша, яғни бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемдерін бекіту туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина айтты. Ол Орталық сайлау комиссиясының «Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдерін бекіту туралы» 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/202 қаулысына сәйкес кандидатқа БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін: теледидарда – он бес минут; радиода – он минут; мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парағынан екі мақала жариялау үшін қаражат бөлу қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен кандидаттардың: сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізуі мен үгіт материалдарын шығаруы үшін және Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстарына арналған шығыстары өтеледі.
Баяндамашы кандидаттардың сайлау қорлары туралы айтып өтті. Яғни, Президенттікке кандидаттың сайлау қоры: кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он екі мың есе мөлшерінен аспайды. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей кандидат Орталық сайлау комиссиясына сайлау қорына ақша түсімдерінің көздері және барлық жұмсалған шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есеп беруі қажет. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін он күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты жариялайды. Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсынады. Арнайы шотқа қаражаттың түсуі және олардың жұмсалуы туралы есепті Орталық сайлау комиссиясы БАҚ-та айына екі рет жариялайды. Арнайы шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар сайлау күнінің алдындағы күні 18.00-де тоқтатылады. Кандидаттың сайлау заңдарының айтылған нормаларын және арнайы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бұзуы кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеліп соғады.
Отырыста бұдан кейін Сайлау алдындағы үгіт туралы айтылды. Оны ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. Ол заңда сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатын субъектілердің бірқатар санаты көзделгенін атап өтті. Республиканың сайлау заңнамасы бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау алдындағы үгіттің дербес субъектілеріне жатқызбайды. Бұл партиялық бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа БАҚ-тың белгілі бір кандидатты өзінің қолдауы туралы мәлімдеуге, сол сияқты оған қарсы немесе жақтап үгіттеуге құқығы жоқ дегенді білдіреді. Ал мемлекет сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең шарттарына кепілдік береді, деді ол.
Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспа алаңын беру туралы шарттың талаптары қандай да бір кандидатқа, саяси партияға басымдық туғызбауға тиіс. Кандидаттардың біріне берілген эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру өзге де кандидаттарға эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру болып табылады. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуінің кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда жеребе бойынша белгіленеді. Президенттікке кандидаттар бұқаралық ақпарат құралдарына үгіт материалдарын ұсынған кезде олардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс. Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңда жазылған заңдылықтарды мұқият сақтау қажет екендігі туралы Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев айтып өтті. Сайлау алдындағы үгітті жүргізу барысында атап көрсетілген мәселелердің бәрі заңға сәйкес келуі керектігі туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова айтып берді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес интернет-ресурстар бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады, яғни оларға «Сайлау туралы» Заңның барлық ережелері қолданылады, демек, интернет-ресурстарда үгіт материалдарын орналастыру мониторингі баспа басылымдарына ұқсас жүзеге асырылатын болады.