Қазақстан • 09 Мамыр, 2019

Барлық үміткерге – тең мүмкіндік

806 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің төрағалығымен ОСК-ның кезекті отырысы өтіп, онда 2019 жылғы 9 мау­сымға тағайындалған Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің кезектен тыс сайлауына пре­­зиденттікке кандидаттарды тіркеу қоры­тын­дылары қаралды. Отырыста сөз алған төрағаның орынбасары Константин Петров бұ­қа­ралық ақпарат құралдарында кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін бө­лінетін қаржы көлемі мен қағидаттары туралы айтып берді.

Барлық үміткерге – тең мүмкіндік

К.Петровтың айтуынша, 11 мамыр күні сағат 18.00-де Пре­­зиденттікке кандидаттар­ды тіркеу аяқталады. Ал кан­ди­дат­тардың бә­рі Конституция және «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» заң талаптарына сай 2019 жылдың 06 мамырына дейін тір­келіп болды. Бұл орайда Орта­лық сайлау комиссиясының қабылдаған бірқатар шешім­де­ріне сәйкес кандидаттарды тіркеу мерзімінен бұрын аяқтал­ған. Ал үнемделген уақыт кан­ди­даттардың штаб қызметін ұйымдастыруға жұмсалып, үгіт жүргізу мерзіміне сапалы да­йындалуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде 7 адам тіркелді. Олар: Nur Otan партиясынан ұсы­нылған Қасым-Жомарт То­қаев «Ұлы дала қырандары» рес­публикалық қозғалысынан ұсы­нылған Сәді-Бек Түгел, «Қазақ­стан Респуб­ли­касының Кәсіп­одақтар федерациясы» респуб­ликалық кәсіподақтар бірлес­тігінен ұсынылған Аман­гелді Таспихов, «Ақ жол» Қа­зақ­станның демократиялық пар­тиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Дания Еспаева, «Ауыл» ха­лықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Төлеутай Рақымбеков. «Қазақстан Ком­му­нистік халық партиясы» қоғам­дық бірлестігі ұсынған Жам­был Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» ұлттық пат­риоттық қо­ғамдық бірлестігі ұсынған Әміржан Қосанов.

2019 жылғы 11 мамырда жер­­гі­­лікті уақыт бойынша 18.00 сағат­тан кейін үгіт жүргізу мер­зімі бас­талады.

Бұдан кейін баяндамашы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер туралы айтты. Мәселен, қазіргі күнгі жағ­дай бойынша Ортсайлаукомға 60 өтініш келіп түскен, оның ішін­де Президенттікке кандидат­тар­ды тіркеу кезеңінде 25 өтініш түссе, оның ішінде: 21-і – же­ке тұл­ғалардан; 4-еуі – заңды тұлға­лардан екен. Өтініштер пошта кон­верттері, электронды үкімет пор­талы, Ортсайлаукомның элек­­трон­ды поштасы арқылы жет­кізіліп және қолма-қол беріл­ген.

Екінші мәселе бойынша, яғни бұқаралық ақпарат құрал­дарында сөз сөйлеу үшін канди­даттарға қаражат бөлу қағида­лары мен көлемдерін бекіту туралы Орталық сайлау ко­мис­сиясының хатшысы Сәбила Мұс­тафина айтты. Ол Орталық сайлау комиссиясының «Канди­даттарға бұқаралық ақпа­рат құралдарына шығуы үшін қа­ражат бөлу қағидалары мен көлемдерін бекіту туралы» 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/202 қаулысына сәйкес кандидатқа БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін: теледидарда – он бес минут; радиода – он минут; мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парағынан екі мақала жариялау үшін қаражат бөлу қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ республикалық бюд­жеттен кандидаттардың: сай­лау алдындағы көпшілік іс-шара­ларды өткізуі мен үгіт материал­дарын шығаруы үшін және Ор­та­лық сайлау комиссиясы бел­гі­­ле­ген мөлшерде көлік шығыс­та­ры­на арналған шығыстары өтеледі.


Міне, осының негізінде Ор­талық сайлау комиссиясының «2019 жыл­ғы 9 маусымға тағайын­далған Қа­зақстан Респуб­ликасы Прези­ден­тінің кезектен тыс сайлауында республикалық бюд­­жет қаражатынан өтелетін Қа­зақстан Республикасы Прези­­дент­тігіне кандидат шығыс­­тары-
ның мөлшерін белгілеу туралы» қаулысы қабыл­данды. Онда Қазақстан Респуб­ли­касы Президенттігіне кандидат шығыс­тарының мөлшері 7 331 200 (жеті миллион үш жүз отыз бір мың екі жүз) теңге көлемінде белгіленді.


Баяндамашы кандидаттардың сайлау қорлары туралы айтып өтті. Яғни, Президенттікке кан­­­ди­­­даттың сайлау қоры: канди­даттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қо­ғамдық бірлестік кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада бел­гі­ленген ең төменгі жалақының он екі мың есе мөлшерінен аспайды. Сайлау қорытындылары анық­талғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей кандидат Орталық сайлау комиссиясына сайлау қорына ақша түсімдерінің көздері және барлық жұмсалған шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есеп беруі қажет. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қо­ры­тындылары жарияланғаннан кейін он күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты жариялайды. Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсынады. Арнайы шотқа қаражаттың түсуі және олардың жұмсалуы туралы есепті Орталық сайлау комиссия­сы БАҚ-та айына екі рет жария­лайды. Арнайы шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар сайлау күнінің алдындағы күні 18.00-де тоқтатылады. Кандидаттың сайлау заңдарының айтылған нормаларын және арнайы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бұзуы кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеліп соғады.

Отырыста бұдан кейін Сайлау алдындағы үгіт туралы айтылды. Оны ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. Ол заңда сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатын субъектілердің бірқатар са­на­ты көзделгенін атап өтті. Республиканың сайлау заңнамасы бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау алдындағы үгіттің дербес субъектілеріне жатқызбайды. Бұл партиялық бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа БАҚ-тың белгілі бір кандидатты өзінің қолдауы туралы мәлімдеуге, сол сияқты оған қарсы немесе жақтап үгіттеуге құқығы жоқ дегенді біл­діреді. Ал мемлекет сайлау алдын­дағы үгіт жүргізу үшін бұқа­ралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең шарттарына кепілдік береді, деді ол.

Кандидаттарға бұқаралық ақ­парат құралдарында эфир уақытын, баспа алаңын беру тура­лы шарттың талаптары қан­дай да бір кандидатқа, саяси пар­тияға басымдық туғызбауға тиіс. Кандидаттардың біріне берілген эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру өзге де кандидаттарға эфир уақытын, бас­па алаңын бөлуге келісім беру болып табылады. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуінің кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда жере­бе бойынша белгіленеді. Пре­зиденттікке кандидаттар бұқара­лық ақпарат құралдарына үгіт мате­риалдарын ұсынған кезде олар­дың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәй­кестігін қамтамасыз етуге тиіс. Пре­зиденттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы.

«Қазақстан Республи­ка­сын­дағы Сайлау туралы» Заңда жа­зыл­ған заңдылықтарды мұқият сақ­тау қажет екендігі туралы Бас прокурордың орынба­са­ры Бо­лат Дембаев айтып өтті. Сай­лау алдындағы үгітті жүргізу бары­сында атап көрсетілген мәселе­лердің бәрі заңға сәйкес ке­луі керектігі туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-ми­нистрі Нұргүл Мау­берли­нова айтып берді. «Бұқа­ралық ақ­па­рат құралдары туралы» Заң­ның 1-бабының 4) тарма­қ­ша­сына сәйкес интернет-ресурстар бұ­қаралық ақпарат құралдары болып табылады, яғни оларға «Сай­лау туралы» Заңның барлық ере­желері қолданылады, демек, интернет-ресурстарда үгіт материалдарын орналастыру мониторингі баспа басылымдарына ұқсас жүзеге асырылатын болады.