Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

500 домбырашы «Балбырауынды» құйқылжытты

940 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Амангелді ауданында бірінші рет өткен облыстық Қызғалдақ фестиваліне келгендер Құрманғазының «Балбырауыны» мен халық күйі «Келіншекті» 500 домбырашының орындауында тыңдады.

500 домбырашы «Балбырауынды» құйқылжытты

Домбырашылар Амангелді ауданындағы мектеп оқушы­ла­рынан, ауыл жастарынан, ұс­таздардан құралды. Бес-он емес, 500 домбыраның құ­лақ күйін келтіріп, талаптылар­ды дирижер таяқшасына ба­ғы­нуға үйрету оңай шаруа емес. Осы міндетті Амангелді ауданының перзенті, Мәде­ниет саласының үздігі Сапар­ғали Ахметжанов мойнына алыпты. Мәдениет саласында халық шағармашылығы бойынша жарты ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан 73 жастағы өнерпаз сахна жауапкершілігіне адалдық танытып, осында өзі тұратын Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы төрт-бес рет келіпті.

– Мен «Амангелді ауда­нының құрметті азаматы» ға­на емеспін, туған жерімнің патрио­тымын. Ауыл балала­ры­ның барлығы да домбыраны еркін тартады. Олар ой­наған күйдің әсері дуылда­тып, жұрттың рухын көтеріп жіберген жоқ па, – дейді Сапарғали аға ұшатын қырандай қомданып.

Бір қызығы, аппақ шаға­ладай болып киініп, домбырасын баптап ұстап отыр­ған күйшілерді фести­валь­ға сырттан келген туристер ара­сынан «расында, саны 500 бе?» деп, сырттай санап та шыққандар болды. Ал Аман­­гелді ауданының әкімі Әмір­хан Асанов енді сахнаға мың домбырашы шығаруды ойлас­тырып та қойыпты. Сапар­ғали аға әкім бастамасын құп алып, білек сыбанып отыр.

– Шілде айында «Домбыра күні» құрметіне сахнаға мың күй­ші шығатын болады. Олар­дың барлығын да ауылдардан жи­наймыз. Ауылда дом­быра шертпейтін қазақ жоқ, оларға он ­шақты күй үй­ретіп, сахнаға дайындау өз қо­лымда! – дейді Сапарғали Ахметжанов.

Мың амангелділік бір сәтте сахнаға шыққанда бүкіл қазақ да­ласына домбыра шанағынан күй шашылғандай болар, бәл­кім.


Қостанай облысы,

Амангелді ауданы