Руханият • 13 Мамыр, 2019

Алматыда шетел хореографтары бас қосты

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 11 мамырда басталған «Өрлеу» V Халықаралық балет мектептері фестивалінің бүгін соңғы күні. Қазақстан өнеріндегі ірі мәдени оқиғаны А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Фестиваль А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің 85-жылдық мерейтойына арналып отыр.

Алматыда шетел хореографтары бас қосты

Фестиваль мақсаты  өзгеріссіз. Бұл – ұлттық хореографиялық өнерді қолдау және танымал ету, педагог-хореографтардың кәсіби қауымдастығын нығайту, хореографиялық білім беру саласында шығармашылық жетістіктер мен тәжірибе алмасу.

Фестиваль Елбасы Н. Назарбаевтың жариялаған «Рухани жаңғыру»  қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында өтуде.  Осыған байланысты  ұйымдастырушылар қазіргі жастардың мәдени тәрбиесі мен шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі.

Фестиваль студенттер мен оқытушылардың, концертмейстерлер мен әдіскерлердің, ғалымдар мен балет әртістерінің басын қосты. Атап айтсақ, кең ауқымды халықаралық шараға Қазақстан, Ресей, Башқұрстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бурятия, Якутия және Оңтүстік Корея хореографиялық оқу орындарының кәсіби би ұжымдары мен студенттік ұжымдары қатысуда.

Халықаралық өнер мерекесінің ашылу салтанатында Дарья Дмитриева (Якутия), Людмила Мергенева (Бурятия), Гайникамал Бейсенова (Қазақстан) шығармашылық жастардың талантын дамытуға бағытталған ауқымды білім беру бағдарламасы туралы, бүгінгі заманауи балет өнерінің бағыт-бағдары туралы қысқаша сөз сөйледі. Балет шеберлері тәжірибесімен бөлісіп, жеке шеберлік сыныптары аясында өз елдері мен өңірлеріндегі балет мектептерін таныстырды.

Балет мектептерінің  V фестивалінің   бағдарламасы іс-шараларға аса бай болды. Фестиваль қонақтары үш күн бойы түрлі тақырыптар мен жанрлардағы шараларды тамашалап, балет туралы танымын кеңейтті. Атап айтқанда, «Времён связующая нить» атты тақырыптағы қазақ сахналық киімінің экспозициясы, Г. Қапанованың «Биге жол» фотоэкспозициясы, жас автор Натальи-Раминты Бараускайтенің «Би бояулары» атты көркем  көрмесі, «Жаһандану дәуіріндегі заманауи өнер және білім» конференциясы, «Мектептің тұсаукесері және хореографиялық білім берудің даму болашағы – XXI ғасыр балеті» атты дөңгелек үстел, «А.Селезнев атындағы Алматы  хореографиялық училищесінің бүгіні» атты фильмінің тұсаукесері болып өтті.

«Өрлеу» V Халықаралық балет мектептерінің фестивалі бүгін, 18:30-да Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өтетін гала-концертпен аяқталады.  

Бұған қоса, үш күнге созылған фестивалдің Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясы, «ПетроҚазақстан», «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау» қоры, сондай-ақ Абай атындағы МАОБТ-ың қолдауымен өткенін де айта кеткеніміз ләзім.