Руханият • 13 Мамыр, 2019

Елордалық оқушылар Түркістаннан рухани азық алып қайтты

1129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 жаратылыстану және математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейінің 10-шы сынып оқушылары Түркістан өңірінің тарихи жерлерінде болып қайтты.

Елордалық оқушылар Түркістаннан рухани азық алып қайтты


Сыныптастарының демалыс күндерін тиімді пайдалануына себепкер болған Нұрсатай өз ойын атасымен бөлісіпті. «Немерем сыныптастарын қонаққа шақыратынын айтқанда атасы ретінде ойын қуаттадым. Сынып жетекшісі Айман Дөшкенқызы балаларды ұйымдастырып алып келді. Өзге өңір балаларына Түркістанның тарихи жерлерін көрсетіп, олардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуды мақсат еттік. Ел, жер тану арқылы саяхат жасау жиі жалғасып жатса балалар туған жерімен мақтанып өседі», дейді Нұрсатайдың атасы Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Серікбай Ибадуллаев.

Алдымен Шымкенттің шетіндегі Алпамыс батырдың ескерткішіне барған оқушылар Шәуілдірдегі  Отырар мемлекеттік қорық-музейіне, сосын тарихи қалашық Отырар төбеге, Арыстан-баб кесенесіне, Түркістан қаласындағы  Қ.А.Ясауи кесенесіне, Укаш ата басына барып, соңында Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Отырардағы музейде балаларды халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен  аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қарсы алды. «Әл-Фарабидің, Шәмшінің, Өзбекәлінің туған жеріне келдіңдер. Бабтардың бабы –  Арыстанбабқа барасыңдар. Зияраттарың қабыл болсын! Адамның  рухани қазынасы мен материалдық қазынасы қатар болса құстың қос қанаты сияқты кедергісіз ұшады екен. Ал оның біреуі кем болса бір қанатпен ұша алмайды. Сондықтан, қос қанаттарың тең болсын!» деп ақын апалары оқушыларға ізгі тілегін білдірді. Балаларды, әсіресе Отырар қаласының ежелгі орны қызықтырды. «Тарихи  төбенің аумағы250 гектар. VII-XV ғасыр аралығында Орта Азияның астанасы болған. Әлі қазылмаған жері қаншама. Бүгінде мұндағы хан сарайының айналасы ғана қоршалған. Келешекте аспан астындағы мұражай ету жоспарда бар. Қазір қалашыққа жақын жерден қонақ үй және мұражай салынуда. Осы Отырар қалашығынан табылған заттар сол мұражайға қойылатын болады», дейді тарихшы Бауыржан Камалов. 

Түркістан өңірінің тарихымен терең танысқан астаналық оқушылар, тұрғындарының қонақжайлылығына риза болып, қызғалдағына қызықты. «Тарих пен әдебиеттен оқығандарын көзбен көрді. Бұған дейін оқушылар мұндай саяхатқа шықпаған еді. Ертең ел тізгінін ұстайтын балалар қазірден атамекенінің әр өлкесін біліп өссе дейміз. Осы сапардың өзінен оқушылар қаншама рухани азық алып қайтады», деген Айман Дөшкенқызы осындай танымды саяхат ұйымдастырған және демеуші болған Серікбай Ибадуллаевқа алғысын айтты.