Саясат • 14 Мамыр, 2019

Қылмысқа қатыстылығы тексерілуде

1321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясы арқылы 7-9 мамыр күндері Сириядағы соғыс аймақтарынан 231 отандасымыздың елге әкелінгенін бұған дейін хабарлаған едік. Осы мәселеге байланысты Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев құтқарылған отандастарымыздың арасындағы лаңкестікке қатысы барлары қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Қылмысқа қатыстылығы тексерілуде
Оның айтуынша, бұл операция ең алдымен гуманитарлық сипатқа ие және шиеленісті аумақтардан бірінші кезекте балаларды құтқарып, олардың елімізде бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. 

– «Жусан-2» операциясының нәти­же­сінде құтқарылған 231 отандасымыздың 16-сы – ер адам, 59-ы – әйел және 156-сы бала. Бұл гуманитарлық шараға АҚШ тарапы мен сириялық демократиялық күштер қолдау көрсетті, – деді Е.Ашық­баев. 

Ал осы брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы Ба­қытбек Рахымбердиев ДАИШ жағында қа­рулы қақтығыстарға қатысты деген күдікпен 16 ер адам мен 4 әйелдің елі­мізге жеткізілген бойда қамауға алы­н­ғанын хабарлады. 

– ҰҚК тарапынан елге қайтарылғандар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақ­төбе, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Маң­ғыстау облыстарының азаматтары. Олар елге өз еріктерімен оралуға ше­шім қабылдаған, оған қоса, бірқатары істе­ген істері бойынша қылмыстық жаза өткеруге дайын, – деді Б.Рахымбердиев. 

ҰҚК өкілінің айтуынша, 55 әйел мен балалар Ақтау қаласының төңірегіндегі бейімдеу орталығына орналастырылған. Сол жерде медициналық тексеруден өт­кізіліп, оларға психологтар, теологтар және үкіметтік емес ұйым өкілдері көмек көрсетуге кіріскен. 

Сонымен қатар жеке куәліктерін жо­ғал­тып алған бірқатарының жеке басын анықтайтын құжаттары қалпына кел­тірілуде. Карантиндік орталықтағы бір ай ішін­де олардың қандай да бір қылмысқа қа­тысы болмағаны дәлелденсе, бұрынғы тұр­ғылықты жерлеріне жіберіледі. 

Тағы бір атап өтерлігі, 156 баланың 107-сі – жеті жасқа да толмаған. Ал 18 бала тұл жетім – әке-шешелері соғыс айма­ғында өлген немесе із-түзсіз жоға­лып кеткен. Балалардың басым бөлігі шетел­дерде дүниеге келген.

Сайып келгенде, өз елі өзекке теппеген жандар қазір толық мемлекет қарауында деп айтуға болады.