Аймақтар • 15 Мамыр, 2019

Тосынсыйға толы қойылым

965 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында облыстық бейнелеу өнері мұражайы мен «Құпия база» шығармашылық бірлестігі тізе қосып, «Картиналар. GIF» атты тосынсыйға толы қойылымды көрермен назарына ұсынды.

Тосынсыйға толы қойылым

Мұражайда өткен спектакль барысында өнерсүйер қауым әйгілі «Қара шаршы» картинасының авторы Казимир Малевичтің рөлін ойнаған ақынның өмір туралы толғанысына, «Италиялық талтүс» картинасындағы кейіпкердің гитарада шебер ойнағанына және тағы басқа да атақты өнер туындыларына қатысты сәтті шыққан түрлі образдар шешіміне тәнті болды.

Әсіресе, Әмірәлі Қожағұлов бейнесін сомдаған Казимир Малевичтің «Қара шаршысы» көрермен қауымның ерекше ілтипатына бөленді.  Автор қара матамен жабылған шаршы нысан астында отырып, өзінің өлеңдерін оқыды. «Адамдар қаншалықты қатыгез?», «Не үшін өмір сүріп жүрміз?, «Артымызда не қалдырмақпыз?» деген салмақты сұрақтары бар күрделі тақырыптар төңірегінде ой толғады.  Ара-арасында қара жәшік ішінен көрерменге қарай ішін­дегі мазмұны әрқилы хаттар лақ­тыры­лып отырды. Ол жазбаларды оқыған қауым автормен әңгіме-дүкен құрып, ой-пікір бөлісті.

Сонымен қатар спектакльде Ирина Дергунова суретші Карл Брюлловтың «Италиялық талтүс» картинасын қалай салғанын егжей-тегжейлі баяндап берсе, Вадим Ким әйгілі Ван Гогтың «Авто­порт­рет» картинасын таңдап, қылқа­лам шеберінің образын шынайы сомдап шықты. Ал Василиса Вельман болса, «Көңілдестер» туындысындағы Марк Шагалдың зайыбы Белла Розен­фель­дтің бейнесін көрермен назарына ұсын­ды.

Бейнелеу өнері мұражайы ди­рек­­то­рының орынбасары Александр Гех­т­тың айтуынша, спектакльге қажетті кос­тюмдер мен жабдықтарды, картиналар мен оларға арналған өлең және сөз мәтіндерін авторлардың өздері таңдап, әзірлеген  екен.

Үш жылдан астам уақыттан бері жұ­мыс іс­теп келе жатқан «Құпия база» –­ қара­­­ғандылық ақындар мен про­зашы­лар­­дың және музыканттардың шығар­ма­шылық бірлестігі.

– «Құпия базаның» құрамы жиі өзге­ріп тұрады. Біреу кетеді, жаңадан адамдар келеді. Қазір бірлестікте 12 автор бар. Ескі гвардиядан мен және Миха­ил Папуша екеуіміз ғана қалдық, – дей­ді шығар­машылық кештерді ұйым­дас­­тырушы, жоба авторларының бірі Васи­ли­са Вельман.

Қазіргі таңда шығармашылық бірлес­тік еліміздегі бірқатар қаладағы  әріп­тес­те­рі­мен шығармашылық тығыз қарым-қатынас орнатқан.

«Картиналар. GIF» спектаклі «Арт-тера­пия» жобасы аясында ұйым­дас­ты­рыл­ды.


ҚАРАҒАНДЫ


Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше