Қоғам • 15 Мамыр, 2019

Жауқазын және жапон жігіті

1758 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәуір самалы Жер-анаға нәр беріп, айналаға нұрлы шуағын шашып, табиғат жайнап, далада еңбек көрігі қайнап, төрткүл төңірек гүлдестемен көмкерілген уыз шақта күллі түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына Күншығыс елінен бір турист келген. Шетелдік қонаққа бәрі де таңсық. Айналаға қызыға, тамсана көз тастайды. Сәттілікті қарасаңызшы, Нанака Ишидо атты жапон жігітімен сапарлас болудың орайы келе кеткені.

Жауқазын және жапон жігіті

Сапар бағыты киелі кент Түркістан еді. Төтесінен салып-ұрып жетіп бармай, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудан­дары арқылы Ащысай асып, Кентау кентінен көлбей өтіп, барымыз бен байлығымызды қадірлі қонағымызға көрсету жоспарланған болатын.

Қыр төсі өртке айналып, алаулап тұрды. Бұл дала қыз­ғал­­дағы еді. Нанака насат кейіп­те от оранған қыраттарға қа­ра­ғыш­тайды. Қанатына көк­тем­ді ілестіріп келген бір топ тыр­на­лар көк жүзінде туған жер­ге сәлем бергендей тырау­лай қа­лықтады. Әлдеқайдан тор­ғай­лар шықылықтады. Дала­ сим­фониясы төңіректі әнге бө­леп тұрды. Қонақ: «О, о» дес­ті. Тағы бір нәрселерді кү­­бір­леді. Біз тілмаштан сыр тарт­­тық. «Қазақстанның ұлан-ғайыр даласына, мына ал­қы­зыл қызғалдақтарына сүйсініп келеді», деді аудармашы. Дүние жүзі адамдары табиғаттың ғажайып туындысы санайтын қыр төсіндегі қызғалдақтарға қонағымыз аузын ашып, көзін жұмып қарап қалыпты.

– Олай болса, айта түс. Осы­ ретте Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті­ қыры» атты мақаласына ке­ңінен тоқтал. Елбасы: «Қа­зақ­стан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағында осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп әлемге тарады. Бүгінде жер бетінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі бар» дегенін де сөзбе-сөз аудар. Кезінде найзаларын көкке шаншыған түркілер осы қызғалдақты Ыстанбұл мен Голландияға жеткізіпті. Демек, Грейг қызғалдағының арғы атасы қазақтың ұлы даласы. Мұны да айтуды ұмытпа, – деп жатырмыз.

Күншығыс елінен келген қонақ аудар­машыны тыңдап алып, бір­деңелерді айтты. Сосын көлікті тоқта­туды сұрады. Есік ашылуы мұң екен, көліктегілер өрттей қырға өршелене ұмтыл­ды. Дала жұпар шашып тұр еді. Мұндай ғажап иісті табу қиынау. Дертіп піскен қозықұйрықтар, дүр көтерілген жусан, дермене, басқа да өсімдіктер қыр төсін жасандырып тұрды. Осындай даламыз барына мақтанып, масаттанып тұрдық.

Бірақ, қыз ғұмырлы қызғал­дақ пен сарғалдақ, жауқазын, бәйшешек туралы айтқанда қо­нағымызды мұңайтып ал­дық. Ұзын сөздің қысқасы, аудар­машы-тілмаштың тікелей жет­кізгенінен ұққанымыз мынау.

Жапон халқы сакура гүл­де­ген кезді асыға күтеді. Бұл кезең көктем мерекесі. Ын­ты­мақ мерекесі. Сондықтан сакура гүлдегенде олар орталық бақ­тарға барып, халықпен бірге жаңадан жапырақ жайған гүл­дерді сүйсіне тамашалай­ды. Сакураның гүлдегені – көк­тем­нің келгені. Бұл мерекені олар «Ханами» деп атайды. Олар бұл күндері күнделікті күйбең тірліктен арылып, шие аға­шының астында ұлттық киім­дері­мен ән айтып, би билейді, ұлттық тағамнан ауыз тиіп, бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін айтады. Демек, біздегі Наурыз мерекесі сияқты болғаны ғой. Жапондықтар осы мерекемен бірге табалдырықтан бақыттың аттауын тілейді. Сакура гүл­де­ген мерзімде жапон халқы жұ­мыс істемейді, студенттер мен оқушылар сабаққа бармайды. Сакура ұзақ гүлдеп тұр­майды екен. Бар-жоғы 7-10 күн аралығында гүлдеп тұрады. Осы кезең жапондықтар үшін үлкен мереке. Көктем мезгілін алапат сезіммен сүйетін жапон­дықтардың сакура туралы ха­лық­тық әні де бар. Оны бүгінде Икимино Гакара атты қыз орындап жүр.

Нанаканы налытып алдық па десек, ол сакура мен сарғалдақ­тың ғұмыры қысқа болатынын ой­лап, жаны күйзеліп тұр екен ғой.

– Қазақтар да біз сияқты екен. Біз де халық аңыздарына сенеміз. Бізде мынадай аңыз бар. Сакура деген қария Хотта деген байдың қаталдығы туралы Сегун өлкесінің басшысына шағымданады. Бірақ басшы жалаң сөзге сенбейді. Сакура балаларының қан жоса болған арқасын көрсетеді. Мұны көріп басшы Хоттаны жазалайды. Бірақ ыза-кегін ішіне сақтаған Хотта кейін Сакураны балаларымен шие ағашының діңгегіне байлап, таяқтың астына алады. Олар осы жерде қаза болады. Сакура ағашына балалардың қаны сіңіп қалған. Сондықтан ағаш қызғылтым түрге малы­нып,­ гүлдей бастауы осыдан болса керек, – дейді Нанака Ишидо.

Гүлзарлармен көмкерілген, субұр­қақ­тармен сәнденген, ескерткіштерімен еңселене түскен Түркістан қонағымызға бек ұнады. Сан ұлттың өкіл­дері бір әкенің баласындай, бір өзеннің саласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, еңбек етіп келе жатқанына таңырқады. Егіс алқаптарында түрлі да­қыл­дар­ жайқалып өсіп тұр. Мақ­та­ның осы аймақта өсетініне таңырқаған қонақ танап басына барып, егін егу жұмыстарымен танысты. Көл, тоғандар, айдын, өзен бойлары құс базарына айналған. Арыс, Отырар аудандары аумағынан өткенімізде маңғаз басып, ыңырана қозғал­ған дала кемелеріне ауызын ашып қарады. Нанакиге бәрі де қызық. Біз облысымызды ауыл шаруашылығы саласының аса білгір маманы, республикалық деңгейде түрлі басшылық қыз­меттер атқарған Өмірзақ Шөкеев басқаратынын айттық. 

Кейіннен білдік, Түркістан облысындағы бірқа­тар аудан­дар­­да да сакура өседі екен. Шым­кент ден­дро­ло­гия­лық сая­ба­ғы 1,5 мың гектар тұқым­бақ­та түрлі кө­шеттер өсіруде. Осы меке­ме­нің бөлім басшысы Ерлан Тұр­ғановтың айтуынша, биылдан бастап сакура ағашын өңірімізге жерсіндіру қолға алынбақ.

– Біздің ұқсайтын тұстары­мыз көбейіп келеді, туысқан екенбіз, – деп қуанды қона­ғымыз.

«Ақпыз, қызыл сарымыз, туыс­қанбыз бәріміз» деген бәл­кім, осы шығар. Дүниеде адам­заттың барлығы бір кісінің ба­ласындай болып, тату-тәтті ғұ­мыр сүргеніне не жетеді!? Шет­елдік қонаққа Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі екенін жет­кіз­дік. Бұл – береке мен бірліктің туы желбі­реп, еңбек пен дос­тық­тың күйін шертетін ғажайып мезгіл.

– Осындай ғажап мерекеде жаны жаз, көңілі көктем қазақ бауырлармен неге бірге болмасқа! – деді жапон жігіті.

Біз шаттана қол шапалақта­дық.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Түркістан облысы