Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Қарағандылық оқушылар мектепке онлайн режімінде орналастырылады

869 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап Қарағанды қаласында бірінші сыныпқа қабылдау және мектептен мектепке ауысу өтінімдерін http://school.kargoo.gov.kz/ru/ порталы бойынша беру мүмкіндігін қарастырған жаңа жүйе іске аса бастайды. Яғни, ата-аналар енді балаларын мектепке онлайн режімінде орналастыра алатын болды.

Қарағандылық оқушылар мектепке онлайн режімінде орналастырылады

Жоба ұйымдастырушылары мұндай жаңашылдық ата-аналардың уақытын үнемдеуге көмектеседі және сыбайлас жемқорлық тәуекелін жояды деген пікір айтады.

Өтінішті дұрыс рәсімдеу үшін баланың электрондық фотосуреті, оның туу туралы куәлігінің сканерлік көшірмесі және баланың денсаулық төлқұжатының  сканерленген 1, 17 және 18-ші беттері қажет. Өтініш беруші құжаттардың қарауға қабылданғаны туралы СМС-хабарлама алады. 

Баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналарға онлайн-өтінімді қалай дұрыс рәсімдеу керектігі туралы 18 мамыр күні сағат 11.00-де Қарағандының барлық мектептерінде өтетін жалпықалалық ата-аналар жиналысында түсіндіріледі.

Жаңа жүйе тәртібіне сай, бірінші кезекте тіркелген мекенжайы бойынша таңдалған мектепке қатысты оқушылар қабылданады. Ал балаларын басқа ауданда орналасқан мектепке бергісі келетіндер үшін квоталық орындар қарастырылған. Ол орындар тамыздың 1-жұлдызынан  кейін бөлінеді. Бұл ретте гимназия мен лицейлерде баламен әңгімелесу және тестілеу өткізуге құқығы болады. 

Жаңа жүйе бір сыныпқа 25 баладан артық қабылданбайтындай етіліп жасалған. Ал егер сынып инклюзивті болса, онда оқушылар саны азайтылуы мүмкін.

– Бұл жүйеде ата-аналар қаладағы рейтингтері көрсетілген барлық мектептердің тізімін көре алады. Сондай-ақ, олар биыл бірінші сынып оқушыларын қабылдайтын барлық педагогтармен онлайн режімінде танысу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, жүйе базасында әр мұғалімнің марапат, санат және жетістіктер тізімі бар құжаттама болады. Ескеретін бір жайт, егер қабылдау кезінде қандай да бір құжат жетіспесе, мектептің ол баланы қабылдамауға құқы болады, – деп түсіндірді Қарағанды қалалық білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта электрондық жүйеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі бойынша жұмыс істейтін жеке мектептер де пайда болады.

Қазіргі таңда облыс орталығында жеке меншік бес мектеп жұмыс істейді. Мамыр айының соңына қарай мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға байқау ұйымдастырылады. Оның төменгі сынып оқушыларына арналған бағасы 15 780 теңгеге тең. Ал бұл қаржының қалған бөлігін ата-аналар өз қалтасынан төлейді.

Өтініштерді электронды түрде қабылдау 29 тамызға дейін жүргізіледі. Ал бұл мерзімде онлайн-өтінім беріп үлгере алмаған ата-аналар оқу мекемесінің кеңсесіне хабарласуы керек. Бұған қоса, жақын арада балаларды мектепке қабылдау мәселелері бойынша «Жедел желі» жұмыс істей бастайды.