Аймақтар • 16 Мамыр, 2019

Қарағандыда триатлон-саябақ салынады

922 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында «Көгілдір тоғандар» және Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарының арасында триатлон-саябақ бой көтереді. Ашық аспан астындағы бірегей спорт нысанын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке құрылыс компаниясы салады.

Қарағандыда триатлон-саябақ салынады

– Жұмыс кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Құрылыс алаңын дайындап, аумақты тазаладық. Жақын арада қажетті рұқсат қағаздары қолға тиеді. Алдағы уақытта жағалау жолағын тазартып, жарықтандыру жұмыстарына кірісеміз.  Шахтер күнінде қарағандылықтарға мерекелік тарту жасау үшін тамыз айында құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, –  дейді «Eurasia Building» тобының төрағасы Айдос Мұхатаев.

Триатлон-саябақта тартан мен асфальт бетоны төселген ұзындығы 5 шақырым жүгіру және велосипед жолдары салынады. Алыс және қысқа қашықтықтарға жүзу үшін қалқымалы көпір жабдықталады. 100 велосипедке арналған спорт алаңқайы мен транзиттік аумақ, автотұрақ, теннис корты, егде адамдарға және кішкентай балалары бар ата-аналарға арналған демалыс аймағы қарастырылған. Жаңа спорт нысанында халықаралық жарыстарды да өткізуге болады.

Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания басшысының айтуынша, жыл соңына триатлон-саябақтағы жасыл желек саны 10 есеге дейін артады екен. Қазір мұнда 300 түп ағаш егілген.

Бірегей спорт нысаны ашылған соң тұрғындардың келіп-қайтуына ыңғайлы болу үшін қала билігі қоғамдық көлік маршрутын іске қосуды  жоспарлап отыр.

 

Қарағанды облысы