Руханият • 17 Мамыр, 2019

Алматыда Шәкен Аймановтың мүсіні орнатылды

7682 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сахна және экран өнерінің айтулы шебері, қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы Шәкен Аймановтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін «Алматы» қонақүйінің алдына оның мүсіні орнатылды. Ұлы режиссер мүсінінің бұл қонақүйдің алдына орнатылуы кездейсоқ емес. Мың жылдық тарихы бар алып шаһардың орталығында орналасқан «Алматы» қонақүйінде Ш.Аймановтың «Тақиялы періште» бірегей туындысы түсірілген болатын.

Алматыда Шәкен Аймановтың мүсіні орнатылды

Ш.Айманов бүкіл саналы ғұмырын театр өнері мен кино саласын қалыптастыру мен дамытуға арнады. Ол – сан қырлы талант иесі. Актер ретінде кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды қимыл-әрекеттер жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға идеялық мазмұн дарытуға, ұлттық болмысымыздың бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой-толғам жасауға айырықша мән беруімен дараланды. Ш.Аймановтың режиссерлігімен түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен», «Алдар Көсе», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» секілді картиналар ұлттық киноның үздік үлгілеріне айналды. Бұл фильмдер әлі күнге дейін қалың көрерменнің сүйіп көретін кинолары қатарында.

Мүсіннің ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, орынбасары Арман Қырықбаев, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Юрий Померанцев,  ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, «Тақиялы періште» фильмінің басты кейіпкерлері Әлімғазы Райымбеков, Шолпан Алтайбаева және өзге де театр мен кино өнерінің тарландары, Ш.Аймановтың ұрпақтары мен туған-туыстары қатысты. Қонақүй  алдына жиналған қауымды Ш.Айманов мүсінінің ашылуымен құттықтап, сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек дара тұлғаның бірегей қасиеттері туралы жан-жақты әңгімеледі.

– Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында елге еңбегі сіңген, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп дәріптеу үшін ескерткіш-мүсіндер орнату қажеттігін атап көрсеткен болатын. Соңғы жылдардың өзінде Елбасы тапсырмасымен қаламыздың тарихынан сыр шертетін көптеген ескерткіштер бой көтерді, 60-тан астам елеулі тұлғалар өмір сүрген үйге тақталар орнатылды. Алдағы уақытты Қыз Жібек пен Төлегенге, Шәмші Қалдаяқовқа және Балуан Шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған. Бүгінгі ашылып отырған Ш.Айманов ескерткіші де Елбасы тапсырмасының орындалуының бірден-бір көрінісі. Халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген құрмет.

Бұдан кейін ескерткіштің шымылдығы түрілгенде, көшенің қарсы бетіндегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрына ойлы жанарын қадай, шабытқа толы қиялы шарықтап, кезекті туындысына толғанып отырғандай сәтте бейнеленген Шәкен келбеті жарқ ете түсті. Өзі отырған орындықтың арқалығын қапсыра құшақтап, аяқтарын айқастырған күйі алысқа көз тіккен. Көз үйренген ескерткіштерден ерек. Мүсіннің композициясы, идеялық шешімі, техникалық орындалуы шығармашылықты бәрінен биік қойып, үнемі шабыт үстінде жүрген Шәкен-шебердің болмысын қолмен қондырғандай дәл тапқан. Қоңырқай түсті қоладан құйылған мүсіннің авторы – белгілі мүсінші Нұрлан Далбай.

Ш.Айманов ескерткішінің ашылу салтанатында оның ғажайып картиналарындағы көктемнің өзіндей жанды баурап алатын көркем әндері  орындалып, таланттың көзін көргендер тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті.   Маэстроның ешкімге ұқсамайтын ерекше бейнесінің жанында тұрып суретке түскендердің қатары көпке дейін толастамады.