Экономика • 20 Мамыр, 2019

Түркі елдері нарығы алпауытқа айналмақ

1438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркі елдеріне ортақ Сауда-өнеркәсіп палатасы құрылды. Аталған палатаның жарғысына Астана экономикалық форумы аясында өткен Түркі іскерлік кеңесiнiң кезектi отырысында қол қойылды. Ортақ палатаға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінің Сауда палаталары қосылды. Болашақта бұл бастамаға Өзбекстан мен Түрікменстанның ұлттық палаталары қолдау білдірмек.

Түркі елдері нарығы алпауытқа айналмақ

Премьер-Министр Асқар Мамин бұл игі істің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынғанын атап өтті. «Өңірлік және жалпы дамуды көздейтін ортақ палата Елбасы бастамасымен ұсынылған болатын. Қазақстан Үкіметі бұл бастаманы алдағы уақытта дамытуға, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға барынша күш салады. Аталған шаралар түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де өте тиімді, енді бұл ынтымақтастықтан нақты нәтиже күтеміз», деді Премьер-Министр. Оның айтуынша, түркі елдері Сауда-өнеркәсіп палатасының не­гізгі мақсаты – құрамына кірген елдер арасындағы эко­номикалық байланыс­ты дамыту әрі нығайту. Ал ор­тақ палатаға қосылған елдер ортақ міндеттерді бір­ле­се анықтамақ. Атап айт­қанда, түр­кітілдес мемлекет­терде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын дамыту; сау­да, қызмет көрсету, өнер­кәсіп, шағын және орта кәсіпорындар, кәсіп­кер­лік, ауыл шаруашылығы, ішкі туризм және қолөнер саласы, кеден, көлік, ақпараттық тех­нология және басқа да өзара тиімді салаларды да­мыту; Түркі елдері кеңесіне мүше мем­лекеттердің эконо­ми­калық және іскер­лік мүд­делерін қорғауға бағыттал­ған ұсыныстарды әзірлеу, өзара инно­вациялық мүмкіндіктерді алға тартып, бірлескен  кәсіп­орындарды дамытуға атсалысу; түркі елдері арасындағы тауар та­сымалын жолға қою,  сон­дай-ақ өзара тауар жә­­не қыз­мет түрлерімен алма­суға тос­­­қауыл болатын кедер­гі­лерді жою, т.б.

Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев Қазақ­стан­да құрылған түркі елдеріне ортақ палатаның оған қо­сыл­ған мемлекеттер арасын­дағы сауда-өнеркәсіпте ғана емес, туризм, білім және басқа да салаларда тығыз қа­рым-қатынас орнатудың ма­ңызды құралы болатынын жет­кізді. «Бүгінгі басқосу елдер­дің экономикалық, сауда-саттық салаларындағы досты­ғын ны­ғай­туға септігін тигізеді деп сенемін», деді Б.Әміреев. Сондай-ақ ол Түркі ел­дерінің кеңесіне қазіргі таңда төра­ғалық етіп отырған Қырғызстан болған­дықтан, кеңестің келесі сам­миті Бакуде өтетінін айтты. Қазан айына жос­пар­­лан­ған ауқымды шара кеңеске мүше мемлекеттердің эконо­ми­калық ынты­мақ­тастығына бағытталмақ. 

Ал Әзербайжан Ұлт­тық кәсіпкерлер (жұмыс бе­рушілер) конфедера­ция­сының президенті Мамед Мұсаев палатаның шетелдік инвестицияны тартуға зор ықпал ете алатынын айтты. Бұл үшін Түркі кеңесін де мүше мемлекеттердің бірлескен инвестициялық қоры құ­рыл­мақ. «Түркі кеңесінің бизнес форумында Түркітілдес ел­дердің жаңа инвес­тициялық қорын құруды жоспар­лап отырмыз. Сондықтан бүгінгі құ­жа­тымыз Түркітілдес ел­дерінде орта және шағын биз­нес, ауыл шаруашылығы сала­сындағы кәсіпкерлікті дамытуға және тағы басқа салаларда өзара ынты­мақ­­тастық орната отырып, дамуға серпін береді», деді М.Мұсаев. 

Айта кетейік, бүгінде түркі елдерінің ІЖӨ көлемі 1 трлн доллардан, халқының саны 150 млн-нан асады. Бұл елдер жыл са­йын 260 млрд доллардан астам сома­ға өнім импорттайды. Өз ке­зе­гінде, ортақ палата осы ел­дер арасындағы өнім өндірі­сін арт­тыру үшін негіз болады, яғни ұжым­дық импорт алмастырушылықты қам­тамасыз етеді.

Сондай-ақ отырысқа қа­тыс­қан сарап­шылардың сөзіне сенсек, бірнеше елдің басын қосқан палата арқылы на­рық­та Қытай, Ресей секілді ірі елдермен иық тіресіп, тіпті оларға тауар экспорттай аламыз.