Руханият • 20 Мамыр, 2019

Қайран тілім қор болды-ау!..

1252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы адам аяғы үзілмейтін кең даңғыл, үлкен көшелердегі мемлекеттік тілдегі жарнама, хабарландырулардағы қатеден көз сүрінеді. Тіпті Көкшетауда қазақ тілінде қара танитын кісі қалмағандай.

Қайран тілім қор болды-ау!..
Егер күндердің бір күнінде қате жазудан кесірлі конкурс өткізіле қалса, Көкшетау бәй­гені шаппай алатын сыңайы бар. Қазақ тілінің кірпігі әзер қимылдап тұрған қалада қате жазу былай тұрсын, сай-сүйегіңді сырқыратып, қорлау да бар. Сөз ләмін мысалмен шегелеген дұрыс. Шағын қаланы қақ жарып өтетін Уәлиханов көшесінің бо­йын­да буы бұрқыраған асхана тұр. Тек атауына көзің түссе, тәбетің тартпай қалады. Аш өзегің үзіліп бара жатса да, ас іше алмас едіңіз. Өйткені, асхананың атауы «БешБармақ». Қасық-шанышқы ұстап көрмеген жергілікті жұрт алдындағы асын бес бармағымен жейді деген мағынада. Асымызды ішіп, аяғымызға түкірген деген осы емес пе? Ниет түзу болса, асханаға атау болуға жарайтын сөз толып жатқан жоқ па?!

Жылжымайтын жарнамадағы жай адам төзгісіз. Ал қалың ел­ді жағалап жүріп, көздеріне шұқып көрсететіні де бар екен. Бұл - автобус қабырғасындағы аялдамалардың атауы жазыл­ған шағын тақтайша. Бір бағыт­тағы 16 аялдаманың жарты­сынан астамы қате тұр. Мәсе­лен, «Сұңқар» – «Сұнқар», «Әуелбеков» – «Ауэльбеков», «Тәшенов» – «Ташенов» болып жазылған.

Тіл туралы түйткіл бүгін ғана түйіліп отырған жоқ. Өткен жылы облыс орталығында қа­лалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің араласуымен, халық көп жүретін жерлердегі жарнамалардан 800-ден астам қате анықталып, 352-сі түзетілген екен. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 575 қате анықталып, қазір сауатты қалыпқа түсірілуде. 

– Бұл сорақылықтан латын әліпбиі қолданысқа енгізіл­геннен кейін құтыламыз, – дейді қала тұрғыны Рамазан Абаев. – Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін ғимараттардың сыртындағы, бірқатар көшедегі қазақ тіліндегі жарнамалар латын графикасымен жазыла бастады. Ендігі арада осыған мұқият бол­сақ, тіліміздің көсегесі көгеріп, қатеден арылар едік. 

Көкшетау