Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда 41 азаматтың оралман мәртебесі ұзартылды

838 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар өңіріне шетелдерден оралған 89 ағайынымыздың оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен.

Солтүстік Қазақстанда 41 азаматтың оралман мәртебесі ұзартылды

Олардың басым бөлігі Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында тұрады. Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері осы елді мекенге арнайы келіп, оралман мәртебесін қалпына келтіруге  жәрдемдесті.

«Көші-қон туралы» заңға сәйкес оралман мәртебесі бір жылға беріледі. Мерзімі өтіп кетсе, бұрын тұрған елдің азаматтығынан шығып, Қазақстан аумағында 5 жыл тұру керек деген сықылды қиындықтар туындайды. Арнайы акция аясында бұл процедураларды жеңілдетуге болады», дейді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Проблемалардың туындауына кей азаматтардың туған-туыстары шетелде қалып қойғаны, кейбірінің дүние-мүлік мәселелерінің  шешілмеуі себеп болған. Осыған орай Елбасының тапсырмасымен уақыты өтіп кеткен оралман мәртебесін ұзартуға мүмкіндік беріліп отырғаны, қандай құжаттар қажеттігі түсіндірілді.  Сөйтіп 41  адамның оралман мәртебесінің уақыты ұзартылды. Олардың 38-і Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берді.

Еске сала кетсек, биыл 16 наурызда елімізде азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу үшін оралман мәртебесін жыл аяғына дейін ұзарту туралы шешім қабылданған болатын. Атажұртқа келген кез келген қандасымыз оралман мәртебесін ұзарту үшін тиісті орындарға жүгіне алады.