Қоғам • 23 Мамыр, 2019

Жоғары білім. Оның сапасы да жоғары болуы керек

2384 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Гранттар саны жыл санап артуда. Жауапкершіліктің де жүгі ауырлай түсті. Әрине, заңды. Себебі әлем алға жылжып келеді. Ал білім бәрінің басында тұруы тиіс. Бұл талапты жастайынан жадында ұстаған қазақ жастары бүгінде сапалы жоғары білім алу мақсатында шетел асуға бейім. Шетелдік ЖОО-лар біздің жастарды несімен қызықтырады?

Жоғары білім. Оның сапасы да жоғары болуы керек

Айсұлтан Оразбай АҚШ-тың Northwestern университетінде «Project Management» маман­ды­ғы бойынша білім алып жүр. Оны университеттің беретін білімі мен студенттерге көрсететін қыз­меттері қызықтырған. «Айталық, студенттер мен профессорларға академиялық еркіндік берілген. Университет кафедрасында тұрып, қандай ой айтамын десең де, ешкім қарсылық көрсетпейді. Кез келген пікір тыңдалады және оған жеткілікті академиялық баға беріледі», дейді ол. Айсұлтанның айтуынша, америкалық студенттер басқа елден келген студенттерге қарағанда өздерін өте еркін сезінеді. Егер қателесіп кетсең, түсіністікпен қарайды. Эмпатия, жүйе­лік ойлау, эмоциялық интеллект қабілеттері жоғары дамыған.

«Сту­денттің алаңдамай, білім алуына барлық жағдай жасалған. Уни­верситет жанында 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар, фитнес орталық, жиі жүретін тегін автобус, кешкі уақытта үйге жеткізетін тегін такси, түнгі уақытқа дейін ашық тұратын асханалар, студенттер шынығатын спорт бөлмесі, түрлі дін өкілдері құлшылық, медитация жасайтын бөлме және т.б. қызмет көр­сету орталықтары бар», дейді Айсұлтан. Оның тағы бір көңі­лі­не қонғаны – америкалық сту­денттердің әлеуметтік және во­лонтерлік жұмысқа деген жоғары белсенділігі.

Жақында Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Елбасының Жастар жылының ашылу салтанатында берген тапсырмасына сәйкес ерікті студенттерге сағатына 1000 теңгеден төленетіні, оларға лайықты көңіл бөлінетіні, яғни шәкіртақысының өсетіні айтылды. Сондықтан әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға белсенді студенттер мүмкіндігі Қазақ­стан­да да кеңеймек. Алайда ке­лесі ерекшелік еліміздегі ЖОО-ларда әзірге табылмай­ тұр­ғанын ескеруіміз керек. «Университеттің көп әкімшілік қызметтері студенттерге беріл­ген. Бос уақыты болса, студенттер табыс таба алады. Уни­вер­си­тет студенттердің жұмысқа ор­наласуына үлкен септігін ти­гізеді. Жарты жыл сайын жұ­мыспен қамту жәрмеңкесі өтіп тұрады, түйіндеме жазуға, ком­па­ниялармен келісімшартқа оты­руға көмек көрсетеді», дейді Айсұлтан. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде мұндай жәрмең­ке­лер жылына екі-үш рет өтеді. Бұл өз кезегінде студенттерге болашақ мамандығы бойынша жұмыс орнын таңдауға, кө­кейінде жүрген мәселені жұ­мыс берушілерден сұрауына мүм­кіндік береді. ЖОО-лардың кез келген кафедраларында сту­денттердің оқу бітірген соң жұ­мыспен қамтамасыз етілгенін қа­дағалау мақсатында жұмысқа орналастыру іс-шаралары ұйым­дастырылады.

Енді Еуропаға ойысайық. Ұлыбританияның Глазгоу қала­сындағы Стратклайд универ­си­тетінде «Медиа және коммуникация» мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатқан Құралай Ахметті де жоғарыдағы Айсұлтан айтқан 24 сағаттық кітапханалар қызықтырады. «Ондағы барлық кітаптың электронды нұсқасын кітапхана сайтынан таба аласыз, осы арқылы кітапханаға бармай-ақ кез келген жерде компьютеріңіз арқылы тапсырмаңызды орындай бере­сіз», дейді Құралай. Біздегі кітап­ханалар жүйесі жол­ға қойылған. Дегенмен, кей құн­ды, әсіресе тарихи деректер­ мен кемі 50 жыл бұрынғы кітаптардың толық нұсқасына әр беті үшін ақша төлеп қол жеткізесіз.

Құралайдың айтуынша, Англияда да Қазақстандағыдай кредиттік жүйемен оқытады. Бізде берілген тапсырманы оқу мен түсіну бағаланса, онда сыни тұрғыдан талдауға аса мән береді. Яғни белгілі бір тео­рияның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай оты­рып, қорытынды шығару қажет. «Оқытушыларымыз: «Белгілі тео­ре­тиктердің айтқан сөздерін сынап, талдаудан қорықпаңдар», дейді. Сондықтан мұнда сыни тұрғыдан қарау жоғары ба­ға­ла­­нады. Сонымен қатар бір ака­демиялық эссені жазу (тапсырма көбіне академиялық эссе жазу түрінде келсе, арасында сабақ үстінде презентация таныстыру, дискуссия түрінде болады) үшін 10-20 кітап, мақалаларды оқуға тура келеді және оларға міндетті түрде сілтеме бересіз», дейді Құралай. Бұл тапсырмаларды белгіленген уақытқа дейін жазып, университет сайтына жүктейтінін жеткізді. Эссе тапсыру процесі электронды түрде жүзеге асады екен. «Эссеңізді жүктеместен бұрын университет сайтындағы плагиаттан міндетті түрде өткізесіз. Цитаталарға дұрыс сілтеме жасамасаңыз, плагиаттан өтпей қалу қаупі де бар», дей­ді ол.

Ал бізде студенттің өзіндік жұмысы деген бар. Бір­ақ эссе жазу нақты жолға қойыл­маған. Оқытушы бірнеше кри­те­рийлерін (кіріспе, негізгі бө­лім, қорытынды, кілт сөздер) көр­сетіп, тапсыру мерзімін бе­реді. Алайда көпшілігі оны еш­қандай плагиаттан өткізбейді және жұртқа жария болатындай сайтқа салынбайды.

«Бұдан бөлек, мұнда қағаз­бас­тылыққа салынған оқытушы көрмедім», дейді Қ.Ахмет. Оның айтуынша, оқу жоспары, материалдар, бағалау – барлығы университет сайтында жүзеге асады. Студенттермен де поштамен хат алмасып жұмыс істей береді. «Жиналысқа бару керек, тыныш отыра тұрыңдар», «Комиссия келе жатыр, құжаттарды реттеу керек» деп жүрген оқытушы көрмедім. Тағы бір байқағаным, сабақ себепсізден өтпей қалса, университет әкімшілігі факультетке көлемді айыппұл салады», дейді британдық университеттің студенті.

Біздегі ЖОО-лар қазіргі таң­да Platonus ақпараттық жү­йесін пайдаланады. Бұл қа­ғаз­бастылықты жояды әрі оқы­тушылар, студенттер, олар­дың ата-аналары үшін де ың­ғайлы. Олар кез кел­­ген жерде жүйе арқылы баға­ларын көре алады және оқу әдістемелік ке­шендерді жүк­теп, пайдалана алады. Егер оқы­тушы бел­гілі немесе белгісіз жағдай­лар­мен сабақ бере алмаса, ол әкім­шілікке ескертеді, сонан соң оны міндетті түрде басқа оқытушы алмастырады.

Еуропадан Азияға бет бұрып, Корея (Kyungpook) ұлт­тық­ университетінің шетел­дік­тер­ге бөлетін грантымен оқып жүр­ген қазақ қызы Гүл­зира Абуо­вамен тілдестік. Ол өзі­нің ізденісі арқасында оқуға түс­кен. Қазақстанда музыкалық кол­ледждің хореография ма­ман­дығын бітіріпті. Кейін өзі өскен Қызылорда қаласындағы мемлекеттік спорт мектебінде гимнастикалық биден сабақ бер­ген. Оның айтуынша, Кореяда шет­елдік студенттерге жақсы жағ­дай жасалған. Мәселен, жатар орны, тамағы тегін, В.0 дең­гейінен түсіп қалмаса, сти­пендиясын және алады. Бізде де, айталық, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де жыл сайын академиялық ұт­қырлық бағдарламасымен шет­елден студенттер келіп оқи­ды. Олар жоспарланған арнайы курстарды таңдап, білім ала­ды. Шетелдік студенттерге жа­тақхана және шәкіртақы бері­ле­ді. Олардың оқу мерзімі 1 семестр  (4 немесе 5 ай). Сондай-ақ Қазақстан мемлекеті тарапынан Ауғанстан, Пәкістан және т.б. ел­дерден келген студенттерге арнайы грант бөлінеді. Шет­елдік студенттер Қазақстан сту­дент­терімен бірге  4 жыл оқып, бакалавриат дипломын алып шығады.

Ал мына мүмкіндіктің біз­де жоқ екені рас. Сенесіз бе, корея­лық студенттер сабақ кестесін өздері құрады. Біз хабарласқанда Гүл­зира алда қандай пәннен дә­ріс алатынын шешіп отырды. «Мұнда ізденушілерге еркіндік берілген. Біздің елдегі жүйеге осы жетіспейтін сияқты. Әрине ма­мандыққа қатысты міндетті пәндер бар, бірақ қалғандарын өзім таңдаймын. Мысалы, осы семестрге ағылшын тілін қосып қойдым. Бұл – бір. Екіншіден, өзіме ыңғайлы уақытты да бел­гілей аламын», дейді ол. Ал елі­мізде студенттерге сабақ кес­тесін жасау мүмкіндігі беріл­меген. Алайда студент оқы­ту­шыны немесе арнайы пәндерді таңдай алады. Сонымен қатар студент өз мамандығына байланысты пәндерді ағылшын тілінде оқытатын арнайы топтарда оқуға құқылы. Бірақ ондай топтарға түсу үшін арнайы талаптарға сай болу керек. Ең басты және міндетті талап – студенттің ағылшын тілін білу деңгейі.

Қазақ жастарының әлеуеті артып, шетелдіктермен тең дә­ре­жеде білімімен бәсекеге қа­білетті болуы еліміздегі ЖОО-ларға деген талапты күшейтуге тың серпін берді. Бұл талап бұ­рынғыдай жоғарыдан емес, сту­денттердің, тіпті талапкерлерден түсіп келеді. Осының өзі жоғары білімге деген жоғары жауап­кершіліктің айқын кө­рінісі.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»,
Ақмарал НИЯЗБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы