Бәрімізді тең еткен Тәуелсіздік!
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:35
Мен ұйғыр халқының қаламгер қызымын. Сонымен бірге, өзімді қазақ елінің төл перзенті деп есептеймін. Сол себептен де тәуелсіздігімізге тәу етемін. Бәріміздің ортақ үйіміз – Қазақстан атты Отанымыз жайында тебірене толғанамын. Ғасырлар бойы ұрпақтардың арманы болып келген тәуелсіздік! Баршаның жүрегін жібіткен, көңілін көкке көтерген тәуелсіздік! Мезгілсіз үзілген демдердің, төгілген қанның бодауына бостандық болып атқан арайлы таң,
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:35
Мен ұйғыр халқының қаламгер қызымын. Сонымен бірге, өзімді қазақ елінің төл перзенті деп есептеймін. Сол себептен де тәуелсіздігімізге тәу етемін. Бәріміздің ортақ үйіміз – Қазақстан атты Отанымыз жайында тебірене толғанамын. Ғасырлар бойы ұрпақтардың арманы болып келген тәуелсіздік! Баршаның жүрегін жібіткен, көңілін көкке көтерген тәуелсіздік! Мезгілсіз үзілген демдердің, төгілген қанның бодауына бостандық болып атқан арайлы таң, бақыт шұғыласы болып шарпыған дербестік. Сен біз үшін ардақтысың, еркін серпіп қаққан қанатыңа көк Туың мен Елтаңбаңды қондырған алып самұрықсың… Осылайша, зеңгір аспанды әуезді әнге бөлеген шаттықтың сазды үнісің! Сен ақынның жүрегінде тербелген, өлеңінде жырланған шабыт шалқарысың… Сені қанша толғасам да, сені қанша биікке көтерсем де аздық етеді. Өйткені, сен – аңсап жеткен, сағынып қауышқан Тәуелсіздіксің!..
Тәуелсіздіктің жиырма бір жылы барысындағы еліміздегі оңды өзгерістерді, өмірге келген керемет жаңалықтарды ауызға алып, қағазға түсірер болсақ, көлемді-көлемді кітап жазуға тура келеді. Өйткені, бұл шежірелі жылдардың бізге шертер сыры аз емес. Бір ғана 2010 жылдың өзінде әлемдік деңгейде өткен Саммиттің өзі Қазақстан үшін қаншалықты мәртебе?! VII Қысқы Азия ойындарының мемлекетіміздің Алматы мен Астана секілді әсем қалаларында өтуінің өзі, біздің де санатқа кіріп, санаға қосылғандығымыздың айқын көрінісі. Әрі осы ұлы дүбірде мерейіміздің асып, дәрежеміздің өсе түскені тіпті де қуаныш үстіне қуаныш болды. Ал ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу құқын жеңіп алуымыз тіпті ерен табысымыз десек, асыра айтқандық емес.
Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір қоғамнан енді бір қоғамға ауысқан сәтте халықтың дағдарып, әрі-сәрі күй кешіп, экономикалық тоқырауды бастарынан өткізгені бар еді. Алайда, тәуелсіздіктің алдында ондай-ондай болымсыз жағдайлар жолымызға кедергі бола алған жоқ. Жаңаша ойлауға, үйлесімді шешім қабылдауға үйретті. Кеңестік кездің қайта құру науқаны әбден тұралатып кеткен жүдеу шақтың жұтаң тірлігін өзгерту ендігі жерде ер-азаматтардың мойнына түсті. Бұл, әсіресе, Қазақстанның Президенті, қиын кезде халқына көшбасшы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың міндетіне айналды. Шынын айтсақ, таусылмайтын ауырлықтарды жеңіп шығар жол тауып еді. Жақсы бастамаларға жұмылдыра білді. Сөзі дана, қимылы ширақ, ақыл-парасаты алысты болжаған Елбасы ауыр күндердің азабын артта қалдырып, жарқын болашаққа ұлы көшті бастады. Тарих – қателікті, қасақана бұрмалауды кешірмейді. Кезінде қандай бір кереғар пікірлердің болғанына қарамастан, нағыз шындық мойындалып, Елбасы еңбегіне елі сенді, ертеңгі күнге үмітпен қарады.
Бүгінгідей зор табыстарға қол жеткізудің сыры – Президентіміздің көрегендігі мен батыл шешім қабылдайтыны. Қарамаққа жиырма бір жыл қысқа ғана уақыт. Ал Елбасының осы жиырма бір жылда атқарған шаралары, сіңірген еңбегі – ғасырдың жүгі. Ол осы мезгілдер ішінде қаншалаған түйіні шие болған мәселелерді шешті. Бостандығымызды қорғау жолында бас қатырды, аянбай тер төкті. Ел бірлігі мен достықты нығайту жолында оңтайлы шешімдер жасап, тұтас халқымызды дербестіктің, дамудың жолына салып отырды. Өзгелердің ұйқысы тыныш болсын деп, өзі ұйқысыз кірпік айқастырмай, түндерді өткізді. Басқалар күліп жүрсін деп, өзі мұңға батты. Аласапыран заманның, әлемдегі алыс-жұлыс күндердің салқынына ұрындырмай, ұлы мұрат жолында күрескерлік рухпен мемлекетімізді басқарып келеді. Ел тілегін қабылдап, билікке келген кездегі қап-қара шашы тәуелсіздікке қызмет ету жолында қардай болып ағарды… Осының бәрі, түсінген адамға үлкен жауапкершілік екені белгілі.
Бір ғана Қысқы Азия ойындарындағы, әсіресе, Олимпиададағы алған алтын мен күмістің саны, жаңарған рекордтардың көрінісі, спорттағы топ жарған жарық жұлдыздардың жарқырап көрінуі үлкен мақтаныш! Енді ғана тәуелсіздігін алып отырған біздің елдің, тарихы ұзын өзге елдердің терезесімен теңеліп, халықаралық ірі жұмыстарды сәтті орындап шығуы ғажайып қуаттылық деп білемін. Еткен еңбек, төккен тердің бодауы далаға кеткен жоқ. Мемлекетіміз әлемге танылды, Әнұранымыз құрлықтарда қалықтады.
Айналасы жиырма бір жылдың ішінде қол жеткізген табыстарымыз «тек спортта ғана» десек, қателесеміз. Сан-салалы, салиқалы саясаттың, салмақты қадамдардың бәрінде әлеуеттілік көрінуде. Әлем елдері мойындап таңғалған, тамсанған қадамдарымыз өте көп. Халықаралық форумдар, әлемдік құрылтайлар, экономикамыздың қарыштап дамып отырғаны, қоғамның орнықтылығы мен тыныштығы жаһан жұртына үлгі-өнеге болып отырғанын әйгілеуде. Еліміздегі ұлы дүбір сайлаудың сәтті күнінде тағы да Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдықпен ел тізгінін қолға алуы оның халық жүрегіндегі қалаулы адам екендігін көрсетеді. Бағбанның жеміс ағашын егіп, оның жемісін қолымен үзіп аузына салған кезіндегі жан рахаты секілді, Елбасы да ұлтын ұлықтады, халқын қадірледі, жолында жайылып жастық, иіліп төсек болды. Қартын қолтықтады, сәбиін жетеледі. Ал, соның бодауына ие болған жемісі – қазақстандықтардың риясыз сенімі. Бұл сенім – Қазақстанның біртұтастығының берекелі өмір, мерекелі көңілдің кепілі болуда. Ақыл-ойдың іске асып, іс-қимылдың батыл басталып, байыппен аяқталуының негізі деуге болады. Тарих қойнауына еніп, жылдардың шежіресіне қосылған сәтті күн – 2011 жылдың 3 сәуірі баршаның бағалаған бақытты сәті болып есімізде қалды! Ол күнгі көңіл-күйімізді айтып жеткізе алмаспыз. Өйткені, ол той – бірауыздылықтың, ортақ үйіміздің гүлденіп-көркеюіне деген құштарлықтың, сүйіспеншіліктің тойы еді! Сәуірдің көктемге жалғасар сәтінде аспаннан ақ қауырсын қар жауып тұрды. Алматы басын Алатауға сүйеп, аяғын Іле өзеніне созып, терең тыныс алды. Әр көңілдің көкжиегінде осынау қалқып келіп, қас-кірпігімізге қонып жатқан қар гүлдеріндей әсемдік көлкіді. Мен де Президентімізді қолдаған өзге диаспора өкілдері секілді, ұйғыр ұлтының бір қызы ретінде Елбасының халық сеніміне бөленгеніне шаттанып отырдым. Жүзіме қонған ақ қардан қуаныштан аққан көз жасым да еріп сырғып бара жатқанын айтқым келеді.
Келесі бір ел есінде, жұрт назарында қалған тарихи оқиға: VII Бүкіләлемдік ислам экономика форумының сәтті өткені, әрі Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі болды. Осы бас қосуда Ислам конференциясы Ұйымы ресми түрде Елбасының ұсынысымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына өзгертіліп жаңа дәуірге бет бұрғаны көрінді. 57 мемлекеттен келген қонақтар бір үстелдің басында, бір шаңырақтың астында жүздесіп, жылы шырайлы пікір алысты. Осы арқылы әлем қазақ жеріне көз тігіп, халқымызды таныса, ал Қазақстан ислам дүниесіне жақындап, жоғалғанымызды түгендеп, жүрегімізге Алланы алып, алдағы күндерге үмітпен қарай бастады. Жығылғанға сүйеу, сүрінгенге демеу болсын деген ақиқаттың ақ жолындағы шоғырланудың ғибраты мол, берері көп болды. Осынау алып адымдар, үлкен жобалардың әрқайсысы өзіндік мәнге, терең сырға толы. Әйтеуір, жұмыс таппаған жанның ермегі үшін емес, қайта биікке ұмтылу, біліктілікке жетудің қам-қарекеті! Бұл жер шарындағы жетістігі мол, дамыған озық 50 елдің қатарына өтсек деген ниеттің нақты атқарылып жатқан игілікті істері деп білемін.
Алдағы кезеңдерде барымызды базарлы етіп, өзгерістер мен өркениетімізді бүкіл елге жеткізетіндей, жетістігімізді суреттейтін көркем әдеби еңбектердің жазылары шүбәсіз. Тіпті жаңа дәуірді, экономикалық, руханияттық маңызды мәселелерді сөз еткен сүбелі еңбектер қазірдің өзінде жазылуда. Көкірегі даңғыл, көзі ашық жазудың жарқын үлгілері болып жүрген қаламгерлер жаңа туындыларын жария етуде. Сол арқылы жиырма бір жылдың жақсылықтарын барша қазақстандықтарға білдіріп, көздерін жеткізіп, көңілдерін орнықтыруда. Еліміздегі ақпарат құралдары, қалам ұстаған қауымның үнін еркін естіртіп, ертеңге деген үміттеріне көрік басып қыздыра түсуде.
Соңғы жылдардың тізбегіне назар салатын болсақ, тізім молайып, қаламгерлер қатары зорайып келеді. Әр жанрдағы жаңа кітаптар көбейді. Осының бәрін классика деуге болмайтын шығар. Дейтұрғанмен, саннан сапа туындап, шөлдегенге сусын, ашыққанға азық болатын, рухани кедейліктен құтқаратын құнды кітаптар өмірге келіп жатыр. Қазақ әдебиеті туысқан ұлт әдебиетіне, соның ішінде ұйғыр әдебиетіне де қамқор, қолдаушы, қорғаушы болып өсіріп келеді. Ой еркіндігі, ізденудің ұтымды тәсілдері тек тәуелсіздіктің арқасында арман қанатына серпін беруде… Талантты қаламгердің еңбегі бағаланбай, тасада қалып жатқан жағдай жоқ. Сауатты оқырман өзіне керегін тауып, қажетіне жаратуда.
Жүзден аса ұлт өкілдері өмір сүріп отырған елімізде әдебиет, көркемөнер – достықтың алтын көпірі, халықтардың қарым-қатынас құралына айналуда. Өтпелі кезеңде әркім өзімен өзі болып, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезден өттік. Бүгінгі таңда ұйғыр қаламгерлерінің еңбектері қазақ, орыс тілдеріне тәржімаланып, рухани сабақтастық қайтадан жандана бастады. Жақсы дүниелер жарық көріп жатыр.
Өз басыма келер болсам, бауырлас қазақ ақын-жазушылар арасынан ақылды аға, замандас, сырлас, қадірлі інілер тауып, тығыз шығармашылық байланыс орнатып отырмын. Айталық, елге белгілі ақындар Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Жәркен Бөдешұлы, Маралтай Райымбек, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Сәуле Үсенбаева, Любовь Шашкова секілді достарымыздың жылы лебізі, шынайы әдеби жанашыр пікірлері мені ылғи да алға қарай шабыттандырып отырады. Міне, осы қаламгерлермен бір шеп, бір бағытта тәуелсіз елдің еркін әдебиетін ерінбей зерттеп, өзімізше өрнектеп жазып жүрген жайымыз бар. Бізге осы мүмкіндікті берген басымызға қонған тәуелсіздік, Елбасының тура, әділ саясаты деп білемін. Қазақстанның толыққанды азаматымын, әрі ұстанған жолыма берік ақынмын. Шабытты шақтарымда нұрлы болашақты елестетемін, қаламым жаза бастағанда Елбасының тартымды тұлғасы көз алдыма келеді. Ол кісі бізге алтын шапақты алыс көкжиекті көрсетіп отырады… Көк аспан мен көк туымыз қосылып жайылып, зеңгір аспанмен астасып кеткендей… Байтақ даламызға атқан бақыттың таңы жарқырап жайнай бер!
Тәуелсіздік, біз сені қастерлейміз, сенімен мақтанамыз! Тәуелсіз еліміздің табысына қуанамыз. Ол қазаққа да, ұйғырға да, осындағы орыс пен корейге де ортақ. Ендеше, ортақ құндылығымызды қастерлеп, көзіміздің қарашығындай сақтай берейік.
Патигүл МӘХСӘТОВА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, ақын.
АЛМАТЫ.
—————————–
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.