Қоғам • 23 Мамыр, 2019

Ақтөбе облысында құқық бұзушылық деңгейі төмендеген

1520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Құқық бұзушылықты ескерту мен алдын-алудағы қоғамның рөлі және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеті» тақырыбында халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті.

Ақтөбе облысында құқық бұзушылық деңгейі төмендеген

Жиынға РФ-ның  Екатеринбург, Орынбор қалаларынан Максим Черепанов, Виталий Попов, Елена Мищенко сынды т.б. құқық саласының профессорлары мен  заң ғылымдарының докторы, оқытушылар арнайы келген.

Сонымен қатар, ауқымды басқосуға Нұр-Сұлтан қаласынан  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Конституциялық құқық, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Марат Тағимов, Аграрлық мәселелер, қоршаған ортаны қорғау және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов сынды және жергілікті  Ақтөбе облыстық Полиция депаратментінің бастығы Атығай Арыстанов, облыс прокуроры  Марат Қайбжанов және жалпы 250-ге жуық мамандар қатысты.  Және облысқа қарасты 12 ауданның  әкімдері конференцияға онлайн режимде қатысты.

Басқосу барысында  құқық бұзушылықтың алдын-алу, онымен қалай күресу жайындағы мәселелер көтеріліп, ашық пікірлер айтылды. Мәселен, азаматтардың тергеу жұмыстарының жүргізілуіне ат салысу белсенділігі төмен, нормативті-құқықтық реттеулерді азаматтардың қатысуымен жетілдіру, сонымен бірге әлеуметтік  желілерде заңдық талаптардың  орындалу деңгейі  секілді бірнеше сауалдар талқыланды.

Мамандардың мәліметінше, елімізде  қылмыс саны  жылдан жылға азайып отыр. Оның ішінде Ақтөбе облысында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құқық бұзушылық саны 12,3% төмендеген. Мәселен, жыл басынан бері  4339 құқық бұзушылық тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 4978-ді көрсеткен.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ең бастысы, халықтың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өз құқықтарын іске асыру мақсаттарында жұмыстар жасалу қажеттігін айтты.

«Алдымызда әлеуметтік мәселелердің тоғысында тұрған проблемаларды қарау міндеті тұр, бұл құқық бұзушылықтың алдын алу үшін  қоғам болып күресу  көзқарасын қалыптастыру керек. Осы басқосу құқықтық мемлекеттің қалыптасуына қосымша қадамдар жасауға көмектеседі деп сенемін»,-деді облыс әкімі.

Конференцияға келген қонақтар аймақ басшысына  жиынның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына алғыс білдіріп, басқосуды тұрақты түрде өткізілетініне сенім білдірді.