Аймақтар • 24 Мамыр, 2019

Дарынды жастарға шетелде оқуға мүмкіндік бар

2351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыщ Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев талапты, талантты жастарды шетелдің маңдайалды оқу орындарында оқытып, мамандық алуына жағдай туғызып келеді. Өйткені, әлем дамудың жаңа деңгейіне ауысып жатыр. Барлық игілік жоғары технологияны игергендердің пайдасына шығып жатқанын жұртшылық көріп отыр.

Дарынды жастарға шетелде оқуға мүмкіндік бар

Елбасының бастамасына үн қосқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоқ мамандықтарға шетелдерден оқытуды 2014 жылдан бастап кеткен еді.

Биыл Қызылордада Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев дарынды түлектермен кездесу барысында айтты.

Кездесуге республикалық және халықаралық байқаулардың, олимпиадалардың 55 қатысушысы шақырылған еді. Олар биыл 58 жүлде, атап айтқанда, 15 алтын, 13 күміс және 30 қола медаль алған болатын.

Кездесуде облыс басшысы жастармен аймақтың дамуы туралы сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап берді.

- Екінші жыл қатарынан біздің мектеп түлектерінің 97% жоғары оқу орындары мен колледждерге түседі. Енді біз кем дегенде облыстық мектеп бітірушілерінің 50% жоғары оқу орындарына, оның ішінде Қазақстандағы оқу орындары ғана емес, шетелдік университеттерге де оқуға түсуін көздеп отырмыз. Біздің ендігі мақсатымыз – аймақ жастарының Гарвард, Йель және Массачусетс университеттерінде білім алуына жағдай жасау. Сондай-ақ, талантты жастарға кәсіпкерлік, дизайн, коммуникация сияқты салаларда жаңа технологияларды енгізетін және қолданатын Ресейдің «Кванториум», «Сириус» секілді ірі орталықтардың тәжірибесін меңгерту,-деді аймақ басшысы.

Осы мақсатта қызылордалық оқушыларды «Болашақ» бағдарламасының түлектері құрған елордалық «Astana Garden School» жеке меншік мектебінде оқытуды ұйымдастыру және Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында оқушыларды шет мемлекеттегі іргелі университтерге түсуге дайындайтын арнайы орталық ашу жоспарлануда. Бұл тәжірибе 2016 жылдан бастап Елордада жүзеге асырылып жатыр.