Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

Ажары Ақтөбенің атқан таңдай

1205 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдегі кешегі күн Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік шараларға толы болды. Ең бастысы, ақтөбеліктер атаулы датаны толайым табыстармен, құтты мекен Ақтөбеге деген шексіз сүйіспеншілік сезіммен қарсы алды. Еліміздегі бүгінгі бесінші қала бұдан 150 жыл бұрын, яғни 1869 жылдың 28 мамыры күні алғаш рет әскери бекініс ретінде құрылған екен.

Ажары Ақтөбенің атқан таңдай

Қаланың ең басты байлығы – адамдар, оның жас тұрғындары. Ақтөбенің 150 жылдық бедерлі белесі көптеген тари­хи тұлғалар шаһардың мәр­те­­бесі мен даңқын көтере түсті. Осы орайда бүгінгі мереке жас буын үшін туған жердің тарихын тереңнен танып, оның жаңа да жарқын беттерін жазу­ға, Ақтө­бе­ні бұрынғыдан да ажарлы әрі әсем қалаға айналдыру үшін беріл­ген таптырмас мүмкіндік деп біле­міз, – деді Ақтөбе облысының әкімі Оңда­сын Оразалин 150 жыл­дық­қа арнал­ған салтанатты рәсім ке­зін­­де.

Ақтөбе қаласында тек соңғы 3-4 жыл­дың төңірегінде ауқымды құрылыс жұмыс­тары атқарылды. Айталық, қазіргі күні қала көркін одан әрі түрлендіре түскен көп­те­ген заманауи әлеуметтік-тұр­­мыс­тық және мәдени нысандар бой кө­­терді. Бұған дейін «Нұр Ақтөбе» және «Батыс» мас­сивтерінің орны құла­­зыған қу дала болғаны ешкімге де жасырын емес. Қаладағы құрылыс қар­­­қыны жоғары екені осы деректің өзінен де айқын көрінеді. Алдағы 10-15 жылдың бедерінде Ақтөбе қаласы тұр­ғын­дарының саны 1 миллион адамға жете­ді деп күтілуде. Сөз жоқ, бұл – биік меже.

Бүгінгі кезде алға қойылған әлеу­­мет­тік мақсаттарға қол жет­кі­зу және Ақтөбе қаласының ажарын одан әрі аша түсу үшін жан-жақ­ты жұмыс жүргізілуде. Оның дені Ақтөбе қаласының 150 жыл­дық мерейлі датасына дейін атқа­рыл­ғаны да үлкен мерей. Бүгінгі таңда Ақтөбе өз тұрғындарының саны жөні­нен еліміз бойынша бесінші орында тұр. Қала тұр­ғын­дарының саны 500 мыңдық межеге жақындап қалғанын айтқан жөн. Қазақстанда халқының саны 1 миллионнан асқан үш мегаполис бар екені мәлім. Бұдан бес-алты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтөбені еліміздегі агломерация орталығының біріне айналдыру әрі тұр­ғын­дары санын 1 миллионға жеткізу мін­деті қойылды. 

Соңғы жылдары қала хал­қы­ның ішкі көші-қон және табиғи өсім есебінен тез өсе түсуі Ақтөбе қаласы аума­ғында «Астана» және «Алматы» деп аталған аудандардың құрылуына себеп­ші болды. Ақтөбе қаласының соңғы бас жоспары бұдан үш жыл бұ­рын қабылданды. Соған сәйкес қазіргі кезде ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Жаңа тұрғын үй массивтерінің пайдалануға берілгені соның дәлелі. Тұтастай алғанда, қалада қосымша тағы да алты шағын аудан ірге көтермек.

Ақтөбенің «Батыс-3» деп аталатын жаңа құрылыс алаңында жоба бойын­ша 100 мың адам тұрады. Тұрғындардың санын өсіре отырып, мұнда негі­зі­н­ен көпқабатты үйлер салу тәжіри­бе­сі қол­да­нылуда. Бұл үшін жылу, электрмен қамту және газ­дандыру жөнінде арнайы жо­балар түзілген. Сондай-ақ атал­ған аудан­да биыл шыға бас­та­ғанына жүз жыл толып отыр­ған елі­міздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan»-ның бұ­рын­ғы редакторы, публицист-ғалым Сақтаған Бәйішев атын­да­ғы университеттің оқу қала­шы­ғы тұрғызылмақ. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе айма­ғын­да құрылыс қар­қыны жоғары.

Өткен жылы мұнда 850 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтер­се, биыл оның көлемі 1 миллион шаршы метрге жеткізілмек. Ақтөбенің 2016 жылы қабыл­дан­ған бас жоспары 2030 жылға дейін есептелген. Осы уақытқа дейін қала­ның өнеркәсіптік, аграрлық және ло­гистикалық аумағын бір-бірі­мен өзара үндес тығыз бірлестікте одан әрі ны­ғайта түсу көзделген. Сондай-ақ бас жос­парға сәйкес темір жол вокзалы терми­налының жаңа құрылысын бастау ұйға­рылған.

Ақтөбе қаласының 150 жыл­ғы қарсаңында шаһардың ескі аудандарын қайта жаңғырту жол­­дары белгіленді. Мұндай ау­қым­­­ды жұмыстарға бюджет қара­жаты жұмсалса, оның мөл­­шері тым қомақты болмақ. Сон­­­дықтан оған инвесторлық қа­­ра­­жат көздерін тарту көзделген. Сонымен бірге жер­­гілікті атқа­ру­шы органдар құ­рылыс компанияларымен ынты­мақ­тас­тықтың өзге де нұс­қа­ларын қарастыруда. Айталық, облыс орталығында ескірген, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп тастап, оның орнына жаңа көпқабатты үйлер салу үрдісі басталып кетті. Бұл жауапты да күрделі істер инвесторлардың қатысуымен атқарылады. Оның бастауында «Керемет үй» ЖШС компаниясы тұр.

Ақтөбе қаласының 150 жыл­ды­ғы қар­саңын­да абаттандыру мен көгал­дан­ды­ру жұмыс­тары жан-жақты жүргізілгені де тұр­ғын­дарға лайықты тарту болды дей аламыз. Соның ішінде Тұң­ғыш Президент атындағы саябақ маңында, «Қазақ халқына мың алғыс» стелласының қарсы бетінде арка тұрғызылуда. Әрине Ақтөбе қаласын көркейту мен абаттандыру мәселелері оның 150 жылдық мерейтойы шеңберімен шектеліп қалмақ емес. Бұған дейін аяқтап үлгермеген жобаларды алдағы қыркүйек айына дейін толық бітіру мақсаты қойылған.

Бүгінде еліміздегі бола­ша­ғы зор, мүмкіндігі жоғары Ақтөбе қаласы мереке құшағында. Сон­дық­тан сөз түйінінде Елбасы айт­қан­дай, «Ажарың атқан таңдай ашыла берсін, арайлы Ақтөбе», демекпіз.

 

АҚТӨБЕ