Әлем • 29 Мамыр, 2019

Украинаның алтыншы президенті қызметіне кірісті

873 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

20 мамыр күні Украинаның жаңа сайланған президентін ұлықтау рәсімі өтті. Оған бірнеше елдің басшылары, өкіл­дері келді. Қазақстаннан Сенаттың вице-спикері Бектас Бек­назаров қатысты. Бұған дейін ешбір саяси тәжірибесі болмаған Воло­димир Зеленскийдің рәсімде қандай мәселелерге назар аударатыны, жалпы шараның қалай өтетіні медиа қауымдастықты қызықтырғаны рас. Себебі В.Зеленскийдің билікке келуі бұл елде жаңа саяси кезең басталғанын білдіреді.

Украинаның алтыншы президенті  қызметіне кірісті

«Құрметті, украиналықтар. Сайлаудағы жеңісімнен кейін алты жасар ұлым: «Теле­­ди­дар­дан естідім, Зеленский президент дегенді. Енді мен де пре­зидентпін бе?» деп сұрады. Қа­зір түсіндім, бұл – ақиқат. Әр­қайсымыз президентпіз. Маған дауыс берген 73 пайыз ғана емес, бәріміз 100 пайыз президентпіз. Бұл – баршамызға ортақ жеңіс, ор­тақ жауапкершілік», деп сөз басын осылай өзіне тән ерекше стильмен бастағанымен, кейін саяси салмақты сұрақтарға көшті. Ең алдымен, ол Жоға­ры Раданы таратамын деп мәлім­де­ді. Ол түсінікті де. Себебі қа­­­зір парламенттегі ең көп орын­­­ды сайлаудағы қарсыласы Петр Порошенконың партиясы алып отыр. Кейінгі орында экс-пре­мьер Арсений Яценюктің пар­­тиясы. Осы екі блок парла­­­мент­тегі 450 орынның 215-ін иемден­ген. Яғни, ертең Зеленский қан­дай да бір заңды ұсынса, де­путаттар оған қарсы шығуы әб­ден мүмкін еді. Сол үшін Зе­ленский парламентті таратып, 21 шілдеге жаңа сайлау тағайындады.

Осы болжамды растағандай, 22 мамыр күні Жоғары Рада депутаттары Зеленский ұсын­ған «Украинаның халық де­пу­­таттарын сайлау» туралы за­­ңына қарсы дауыс берді. Ж­а­ңа украинбасы қазіргі пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесінен таза пропорционалды жүйеге өтуді ұсын­ды. Оған қоса, парламентке пар­тиялардың өту межесін 3 па­йызға түсірмек болды. Алай­да Жоғары Рада бұл оймен ке­ліспеді.

Ұлықтау рәсімінде Зеленский айтқан тағы бір ұсыныс  жаңа президенттің портретін ка­би­нет­терге ілмеу болды. Оның ор­нына шенеуніктерге өз ба­лаларының суретін қойып, әр ше­шім қабылдағанда солардың кө­зіне қарауға кеңес берді. Кадр мәселесі де көтерілді. Зелен­ский Украинаның Қорғаныс ми­нистрін, Бас прокурорын, Қа­уіпсіздік қызмет басшысын қызметінен алу туралы ұсы­ныс жасады. Себебі ол үшін Пар­ламенттің келісімі қажет. Алайда бұл тізімде Украинаның Ішкі істер министрі Арсен Ава­ковтың есімі аталмады. Неге екені белгісіз. Бірақ оған миллиардер Игорь Коломойскийдің қатысы болуы мүмкін. Себебі олигарх бұған дейін Аваковты қызметінде қалдыру керек деп журналистерге пікір білдірген. Ал жаңа президент Зеленскийді әлгі Коломойский жан-жақты қолдап жатыр деген ақпарат былтырдан бері тарап келеді.

Володимир Зеленский пре­зидент ретінде өзінің ең ал­ғашқы міндеті қазір елдің Шы­ғысында жүріп жатқан со­ғысты тоқтату деп мәлімдеді. Сырт­тай қарасаңыз, өте дұрыс, қолдауға лайық сөз. Алайда экс-пре­зидент Порошенко соңғы бес жыл­да сол соғысты тоқтата алмады. Ал енді жаңа президент бұл ойын қалай жүзеге асыратыны белгісіз. Себебі қазір Дон және Луган аймағы Киевке ба­ғынбайды, өзін тәуелсіз республика деп жариялады. Оған қоса, Ресейдің толық қолдауына ие. Тіпті әскері де тұр.

Жалпы кез келген прези­дент­тің өз командасы, яғни нақ­­ты мамандардың болуы аса ма­­­ңызды. Себебі олар басшы­сы­ның саясатын жүзеге асыру­шы­лар. Президенттің абыро­йы кейде сол мамандарының жұ­­мыс нәтижесіне де байла­ныс­ты. Зеленский осы аптада маңызды мемлекеттік қыз­мет­терге өзінің бұрынғы әріп­тестерін тағайындады. Бұрынғы дегенім «95 квартал» студия­сында бірге істеген азаматтар. Мәселен, президенттің бірін­ші көмекшісі болып Сергей Ше­фир тағайындалды. Ол «95 кварталдың» продюсері еді. Ал Сергей Трофимов президент әкім­шілігінің бірінші орынбасары атанды. Ол да әлгі студияның бұрынғы атқарушы продюсері болған. Президент әкімшілігінің басшылығына 42 жасар заңгер Андрей Богдан тағайындалды. Кезінде Әділет министрінің орынбасары болған. Сайлау ба­рысында көмектесті. Бұдан бөлек, жоғарыда айтылған миллиардер Коломойскийдің кеңесшісі де болған. Соған қарағанда, әлгі олигархтың жаңа президентке ықпалы аз емес се­кілді.

Экс-президент Петр Поро­шен­ко қызметінен кеткен кезде басы­на қара бұлт үйіріле бастады. Ук­раинаның Мемлекеттік тер­геу бюросы Порошенкоға мем­лекетке опасыздық жасады деген айып тақты. Яғни, былтыр экс-­президент Керчь бұғазына ук­раин теңізшілерін әдейі жі­беріп, Ресейге қарсы әскери жағ­­­­дай жариялауын заңсыз деп­ танып отыр. Айтпақшы, ол теңіз­­шілер әлі күнге Ресейдің түр­­­месінде жатыр. Зеленский Ресейдегі барлық тұтқындағы аза­­маттарымызды қайтарамын деп уәде берді. Алайда тағы да қа­лай қайтаратынын айтқан жоқ. Мәс­кеу оларды оңайлықпен бере қой­мас.

Кезінде Арменияда халық­тың қолдауымен билікке кел­ген Никол Пашинянның тәжі­ри­бесіне қарасақ, ол ескі пар­ламентті таратып, жаңа сайлау­да электораттың 70 пайыз қол­дауына ие болды. Содан кейін ғана реформаларды жүргізе бас­тады. Володимир Зеленский де дәл осылай істеуіне тура келеді. Қа­­зіргі әлеуметтік сауалнамаға сен­сек, оның сериалы аттас «Слу­га народа» партиясына ха­лық­­тың 40 пайызы дауыс беру­ге дайын. Яғни, президент осы ­қолдауды пайдаланып, өзі­нің парламенттегі жағдайын рет­­теп алуына мүмкіндік бар. Қыс­қасы, енді алдын ала сцена­риі жазылған сериал емес, шынайы сая­си өмір басталды. Экс-актер, жа­ңа президент оған дайын ба, жоқ па, оны уақыт көр­сетеді.