Қоғам • 29 Мамыр, 2019

«Ауыл – ел бесігінің» жәрдемі көп

1094 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы 52 аудан орталығы жаңғыртылады, бұл жақын жылдары 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов осылай деді.

«Ауыл – ел бесігінің» жәрдемі көп

Оның айтуынша, 450-ге тарта шара іске асырылады. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфра­құ­ры­лым­ға және 66-сы тұрғын үй-комму­налдық шаруашылыққа тиесілі.

«Жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарас­ты­рылып, оның ішінде, 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді. 4 662 жұ­мыс орны құрылып, 73 мек­теп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 12 абат­тандыру жобасы іске асыры­ла­тын болады», деді вице-министр.

Сондай-ақ 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жаб­­дықтау, 136 шақырым газбен жабдықтау, 7 жылумен жаб­дық­тау нысаны және оның 20 ша­қы­рымдық желісі салынып, жөнделеді.

«Осы жылы 700 мыңға жуық адам тұратын 52 ауылдық елді мекен іріктелді. Басты назар ірі ауыл­дық елді мекендерге, яғни халық саны көп аудан орталықтарына, сол жердегі өткір инфра­құрылымдық проб­ле­­­маларды тез арада шешу­ге ауда­рылды. 1 аудан орталығын қаржы­ландырудың көлемі орта есеппен 670 млн теңгені құ­рай­ды. Жергілікті бюджеттен қоса қар­жыландыруға 4,5 млрд теңге немесе жалпы соманың 15,8%-ы бағыт­талды», деді Е.Алпысов.

Жергілікті бюджеттер мен бас­қа да көздерден болатын қоса қаржыландырудың айтарлықтай үлесі Атырау (84%), Қарағанды (32%), Ақтөбе (20%), Алматы (16%) облыстарында көзделген.

Бұдан басқа, аумақтарда жүйе құрайтын ірі кәсіпорындардың бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі шеңберіндегі бюджеттен тыс қаражаттары ауыл ин­фрақұрылымдарын жаңғыр­туға тартылмақ.

2025 жылға қарай өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес барлық ауыл тұрғындарының 80%-ын қажетті игіліктер мен қыз­­меттермен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Республиканың 6,5 мың ауылдық елді мекенінде 7,7 млн астам адам немесе елдің барлық халқының 42%-ы тұрады. Соңғы 7 жылдың ішінде қалалардағы тұрғындар саны шамамен 1,5 млн адамға артып, 10,7 млн адамға жетті, ал ауыл халқының үлесі 3,5%-ға қысқарды», деді вице-министр.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын 2025 жылға дейін іске асыру даму әлеуеті жоғары және бүгінде 5,5 млн адам тұратын 1,8 мыңнан астам ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы, даму деңгейі әртүрлі ауылдық елді мекендер арасындағы көші-қон үдерісіне оң әсер етеді», деп атап өтті ол.

Сөйтіп алдағы 7 жыл ішінде ауыл халқын «басқарылатын урбанизация» үдерістерімен қамту және ондағы тұрғындар санын 600 мың адамға ұлғайтып, 2025 жылы 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдарда өмір сүрудің неғұрлым қолайлы ортасын құру көзделуде.