Атақты атасының болғанына мақтанып, перзенттік парызбен бір құшақ гүлін көтеріп келіп, ешқашан көрмесе де, тас мүсініне маңдайын түйістіріп, армансыз еркелеп кеткен еді сол күні. Енді, міне, сондағы қуанышының ізі де жоқ, орнатылғанына екі апта ғана болған атасының су жаңа ескерткішінің суретін жіберіпті де, астына маймыл мен қойдың смайлигін қоса салыпты...
Динаныкі дұрыс. Белгілі журналист, марқұм Жұматай Сабыржанұлы ағамыздың жиі қолданатын «Адам дейін десең – сияғы жоқ, мал дейін десең – тұяғы жоқ» дейтін мақалы болушы еді. Соның кері. «Атамды қорлап жатқандарға шара қолданбаса болмайды, көмектесіңізші!» деп қиылыпты Дина.
Адамның өз беті қызармаса, біреудің ұятының кемдігі үшін бір нәрсе істеу мүмкін емес. Көзі тірілердің айтуынша, көптің ортасында жүрмесе, көңілі ортайып, жарқылдаған жайдары мінезімен жан-жағын күлкіге көміп жүретін ұлы режиссер ұрпағының келемежіне ұшырап, мазағына айналамын деп әсте ойламағаны анық.
Германияда 4000-нан астам кеңес әскерінің құрметіне қойылған ескерткіш бар, ара-тұра «намысы» қайнап тұратын нацистердің тарапынан шабуылға ұшырап тұратыны болмаса, қарапайым немістер жат жерде шейіт болып кеткендердің шекесінен де шертпейді. Бұл – мәдениет. Ескерткішті қызықтаудың да мәдениеті бар. Мүсін өнері ойнау үшін емес, ой салу үшін бой көтереді. Аймановқа осы ескерткіштің түкке де керегі жоқ еді, ескерткіш бізге керек болатын. Ұрпақ біліп өссін дедік. Осыны ұрпағына ұғындырмақ түгілі, балаларын Аймановтың төбесіне шығарып, ойнақтатып қойып, суретке түсіріп жүрген ата-аналардың мәдениеті үшін қонақүйдің балконынан қарап, күліп тұрған шетелдіктерден біз ұялдық.