«Білім-2030: білім мен дағды болашағы» жобасы аясында жаһандық білім берудегі негізгі ұғымдарға арналған бейнероликтер топтамасы жасалды. Қазақстан Зияткерлік мектептер педагогтары мен оқушылары арқылы таныстырылған.
«Білім-2030» тұжырымдамасында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Нұрай Бектай болашақтың архитектурасы туралы пайымын айтса, өскемендік зияткер Жанасыл Бақыт су тасқыны кезінде адамдарды робототехника көмегімен құтқару мәселесін көтерді.
Шымкенттік мұғалім Нодир Росулов (ФМБ) пен Өскеменнен Динара Өнеркан өз баяндауын цифрлық сауаттылық тақырыбына арнапты. Петропавлдағы Зияткерлік мектептің шетелдік мұғалімі Катарина Вулф жаһандық құзіреттілікті жаратылыстану ғылымдары арқылы қалай енгізуге болатынын көрсетті.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – ғаламдық мәселелерді шешетін беделді форум. 2016 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ЭЫДҰ «Білім-2030: білім мен дағды болашағы» жобасының ұлттық үйлестірушісі болды.
Жыл сайын NIS пен ЭЫДҰ ынтымақтастық аясы кеңеюде. 2019 жылдың 24-25 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін NIS «Мектептерді өзгертетін мұғалімдер» XI халықаралық конференциясында ЭЫДҰ өкілдері TALIS биылғы зерттеуінің нәтижелерін ұсынады. Ұйым өкілдері мен олардың баяндамалары қазақстандық педагогтардың қызығушылығына ие. ЭЫДҰ Білім департаменті Ерте балалық шақ пен мектептер бөлімінің жетекшісі және PISA және TALIS кеңкөлемді зерттеулер үйлестірушісі Юри Белфали 2017 жылғы конференцияның басты спикері болды.
Келешек білімінің негізгі тұжырымдамасымен танысып, НЗМ мұғалімдері мен оқушылары қатысқан бейнроликтерді ЭЫДҰ сайтынан көруге болады.