Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Жол азабын жүрген біледі

1285 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге жұмыс сапары кезінде жұртшылықты толғандыратын, ауқымды шаралар мен қауырт қимылдарды жүзеге асыруды қажет ететін көлік-логистика мәселесіне баса көңіл бөліп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Осыған орай газетіміздің 9 мамыр күнгі санында жарық көріп, елдің мұңы, жолдың жыры, атқарылған жұмыстармен қатар алдағы перспективалық мақсаттар тәптіштеліп баяндалған «Жөндеуге мұқтаж жолдар көп» атты мақалаға ой қосқанды жөн санадық.

Жол азабын  жүрген біледі


Бөлінетін қаржы қомақты, ал сапа ше?..

Президент күн тәртібіне қойған міндет­тің астықты өлкелерге де қатысы бар. Об­лыста жалпы қолданыстағы авто­­мобиль жолдарының ұзын­­дығы 9 мың шақырымды құ­райды. Оның 1468 шақыры­мы – рес­публикалық, 2487 ша­­қырымы – об­лыстық, 5 мың шақы­рымға жуығы аудан­­дық маңызға ие. Бұл жөні­нен Шығыс Қазақ­стан және Қос­танай облыс­тарынан ке­йін үшінші орында. Қиыр­шық­тасты-то­пырақты жол­дар­дың ұзындығы бойынша Қос­танай облысынан 1,2 есе, Пав­лодар облысы­нан 1,7 есе, Ақ­мола облысынан 1,3 есе ар­тық. Жүр­гізілген мони­то­ринг­­тік тек­­серістер қоры­тын­ды­сы­на қарап жер­гілікті жол­дар­дың 42 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететінін, 30 көпір­дің жетеуі апаттық жағ­дайда екенін ескерсек, қор­да­­лан­ған проблемалардың же­тіп-артылатынын аңғару қиын емес. Жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бас­қар­масының басшысы Вла­димир Балахонцевтің айтуын­ша, жол сапасы жөнінен Қазақ­стан әлем­дегі 127 елдің арасынан 110-орын алады. 2017 жылы рес­пуб­ликалық қазынадан 11,1 мил­лиард теңге қарастырылып, об­лы­стық, аудандық маңыз­да­ғы 640 шақырым жол жөн­делді. Келлеровка-Чкалово, Ста­новое-Новомихайловка, Сер­­геевка-Тимирязево, Смир­но­во-Қиялы секілді ірі бағыттар жаңартылды. Жолаушыларды діттеген жерге діңкелетпей жеткізетін жолдарды қалпына келтіруге былтыр барлық дең­гей­дегі бюджеттен 33 миллиард теңге, биыл рекордтық 37 мил­лиард теңге бөлінді.


2021 жылға таман автомобиль жолдарының 70 пайызы жақсарады деген басқарма басшысы «тоғыз жолдың торабы» саналатын Петропавл арқылы транзитті жүк тасымалының, автомобильдер қозғалысының алыс-жақын шетелдерге күрт артуына байланысты ішкі өңірлік қатынастарды жетілдірудің мүмкіндіктері мен резервтері жан-жақты ескерілгенін жеткізді. Соның бірі, «Петропавл-Қорған» бағытындағы тас жолын түбегейлі жаңарту белгіленіп, озық әдістер қолданылуда. Төрт жолаққа айналатын халықаралық трассаның бойына жаңа үлгідегі шамдар орнатылып, түрлі сервистік-бизнестік инфрақұрылымдар қызмет көрсететін болады

Әкімдік отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Елба­­сының Қауіпсіздік кеңесінде тап­­сырған хаттамалық тапсырма­сын орындау үшін жергілікті маңызы бар жалпы қолданыстағы авто­мобиль жол­дарын дамы­ту­дың 2019-2021 жыл­дар­ға арнал­ған өңірлік бағдарламасы түзі­ліп, жыл сайын 20 миллиард теңге қа­­ра­­с­­тырылатынын, мұның өзі үш жыл­да 1700 шақырым жол­­ды қалпына келтіруге мүм­кін­­дік беретінін айтқаны бар. Жасы­­ратыны жоқ, қаржылай да, бас­қадай да басымдық беріліп кел­ген­­діктен, республикалық ма­ңыз­ға ие трассалардың жайы тәуір. «Қаз­ав­тожол» ҰК облыс­тық филиалы был­тыр­­дың өзінде ғана 18,5 миллиард теңгенің 21 жобасын жүзеге асырыпты. Ал алыс­тағы ауыл жолдарының мүш­­­кіл халі дәл осылай тол­ған­­та қой­ма­ғаны анық.

«Қазақстанның киелі жер­ле­рі­нің географиясы» жобасы­на енген әйгілі Ботай қонысы негізінде рес­пуб­ликалық тарихи-мәдени музей-қоры­ғын салу жос­парланған. Айыртау ауда­нын­да бұдан басқа Қарасай мен Ағын­­тай батырлардың мемо­риал­дық кешені, Имантау, Шал­қар секілді суы мөлдір айдын көл­дер орналасқан. Осын­дай тарихи-танымдық жерлерді, курорттық аймақтарды тамашалауға, дема­луға келетін адамдар көп маша­қат көріп жүр. Ішкі, сыртқы туризмнің дамуы­на әсерін тигізетін кері тұс­тар баршылық. Оның бірі ойда­ғыдай сервистік қызметтің, инфра­құрылымның жоқтығы. Енді турис­тер­дің жол азабынан құтылатын күні алыс емес секілді. Аудан әкімі Бейбіт Исма­нов­пен сөйлескенімізде негізгі жолдарды екі жылдың ішінде қай­­та жаңартуға мүмкіндік мол екенін айтты. Аудандағы 37 ту­рис­тік нысанға былтыр 30 мыңға тарта турист келіп, 34,5 мил­лион теңгенің қызметі көрсе­ті­ліп­ті. Имантау-Шалқар курорттық ай­мағы республикалық он үздік жоба қатарына енгенімен, ту­рис­­тік нысан­дар­ға апаратын жол­­дардың 70 па­йы­зы күрделі жөн­деуді қажет етеді. Былтыр бұл мақсат үшін 3,5 мил­лиард, биыл 4 миллиард теңге қарас­ты­рылып, сапа жайы ерекше назарда ұсталған. Мемлекет-же­кеменшік әріптестік шең­бе­­рінде кәсіпкерлер мен инвестор­лар­ды көптеп тарту бел­гіленген. Сонымен бірге Шал­қар көлі аума­ғын жағалай 17 шақы­рымдық жол құрылысы жүр­гізілмек. Бұл жерлерде 14 дема­лыс орны бар. Сөйтіп жыл сайын келетін турис­тердің саны 50 мың­ға дейін көбей­мек.

«Ботай» тарихи-мәдени музей-қоры­ғының директоры Уәлихан Құл­баев­тың айтуынша, Айғаным қонысы, Шоқанның тарихи-этнографиялық музейі орна­ласқан Сырымбетке баратын жолдың жағдайы өте нашар. Оның үстіне туристердің Николь­скі­ден Ботайға Иман Бұр­лық өзені арқылы жеңіл көлік­пен өтуі оңай емес. Себебі көпір салын­бағандықтан тар өткел өте қауіпті. «Біз бұл ретте сауалымызды Мәжіліс депутаты Кәрі­бай Мұсырманға жіберіп, ол тиіс­ті министрліктен мына мәсе­ле­лерді бірінші кезекте ше­шу­­ді өтін­ген болатын. Атап айт­­­қанда аудан­дық маңызы бар, ұзын­ды­ғы 27 шақы­рым Сау­малкөл-Сырымбет және ұзын­­­ды­ғы 50,3 ша­қырым Каменный Брод – Никольское-Ботай қонысына кі­ре­­беріс – Казанка – Всеволодка жо­л­ учас­келерін рес­публикалық ма­­ңызы бар автомобиль жол­да­­рының тізбе­сі­не қосу және оған жаңғырту жұмыс­та­рын жүр­­гізу мүмкіндігін қарастыру, автокөлік көпірін салу. Бүгінде бұл мәсе­лелер ведомоство тарапынан қа­на­­ғат­тандырылып, тиісті құжаттар рәсім­деліп бітуге жақын. Қаржылық қам­тамасыз ету жағы да қолдау тап­қан», деді ол халық қалаулысына ақ алғы­сын жаудырып.

Жол­да­ры жоқ ауылдардың көбі осы өңірде шоғырланған. Қыс түгіл жаз­дың лайсаң күндерінде қатынас үзіліп, ат-арбамен қатынайтын жайттар аз ұшыраспайды. Ішкі жолдардың сапа­­сын қадағалауға аудандық әкім­дік­­тер жауапты болғанымен, жол жоқ жерге асфальт төсемек түгіл, то­пы­рақ тө­гіп, қиыршықтас аралас құм шашуға қауқары жете бермейді. Әң­гі­ме қаржының тапшы­лығына ке­­ліп тіреледі. Есеп­ті кездесулерде уәде үйіп-төгі­ліп берілгенімен, орын­­далуы шикі күйінде қалатыны, сиыр­­­құй­ым­шақтанып, тым ұзаққа созы­лып кететіні сондықтан. Оны шенеу­­ніктердің іші сезсе де, жұрт­шы­лықты жұбатудан басқа амалы қалмаған секілді. Тілшілер қосы­ны­на хабарласқан Мамлют ауда­ны Бостандық ауылының тұр­ғын­дарын 15 жылдан бері жол­дың сапасыздығы әбден қажытқан. Бар-жоғы 10 шақырым аралықтағы грей­дер жолдың нашарлығынан қоғам­дық көлік қатынауын сиреткен. Көрік­сіз көшелер де ауылдың сұрқын қашы­рып тұр. Су алатын мұнараға жету бір мұң дейді олар. Керісінше, осы ауданға қарасты Вос­кресе­нов­ка ауы­лы­ның тұр­ғын­дары қуанышты. Олар ой-шұң­­қыр­ларға толы жолдың жөн­де­ліп жатқанына дән риза. Міне, бір аудандағы кереғар екі көрініс!

Тайынша ауданы Тихоокеан ауы­лының тұрғындары аудан орта­­­лығына егістік алқаптар ара­­­сындағы сүрлеу жолмен қа­ты­­науға мәжбүр. Өйткені тіке тартылған грейдер жол қы­рық жамау құрақ көрпеге көбі­рек ұқсайды. Айгүл Оралбай 13 жыл бойы уәдеге әбден тойғандарын, ауылішілік жол­дардың жайы сын көтер­мейтінін айтады. Сырқат­­танған науқасты аудан орта­лығына жеткізудің әлегі көп. Бір мыңға жуық адам қоныс­танған округке Алабота, Шұң­қыр­көл, Тихоокеан ауылдары кіре­ді. Учас­келік дәрігер көшіп кет­кен­дік­тен, медициналық қосын құлып­тау­­лы. Бір жылдан бері автобус қаты­намайды. Қалыпты әлеуметтік жағ­дай жасалмағаннан кейін мамандар да тұрақтай бер­мей­ді, дейді Бәзи Қамар­хан. Ал аудан әкімінің орынбаса­ры Ерлан Жаров Виноградовка мен Ясная Поляна жолдары жөнделгенін, Тихоокеанға дейінгі аралыққа жоба­лық-сметалық құжат жасалып жат­қа­нын, республикалық бюджеттен қара­жат сұраған өті­ніш қолдау тапса, іске кірі­се­тін­де­рін, дәрігер, қоғамдық кө­лік мәселесі жақын арада шеші­ле­­­ті­н­ін алға тартады. Тұрғындар бол­са уәденің аяғы тағы сұйылып, қағаз жүзінде қалмауын тілейді. Осы аудандағы «Тайынша-Чкалов» бағы­тындағы жол құрылысының да «жыры» әлі таусылар емес. Қимыл – баяу, іс – сылбыр.


Жаңашылдықтың жаттығы жоқ

Ресайлдеу (ресайклирование) әдісі облыс орталығында осыдан төрт жыл бұрын қолданыла бастаған болатын. Экономикалық жағынан тиімді әдіс негізінде бір шақырым жолды күрделі жөндеуге 80 миллион теңгенің орнына 20 миллион теңге ғана шығындалады деген әкімдіктегілер бөркін аспанға лақтырғанмен, қуаныштары су сепкендей басылып қал­ған. Құрылғы өте қымбат тұра­тын­дықтан, сатып алуға екі фирма ғана тәуекел етіпті. Енді қаланы абаттандыру шара­ла­ры аясында реджувасил инно­ва­циялық технологиясын тәжі­ри­бе­ге енгізуге кірісіп кеткен сыңайлы. Бұл бойынша тоғыз шақы­рым жол жөнделіпті. Эмульсиялы-полимерлі қоспа асфальт-бетон­ның тозуын бәсең­детіп, ұзақ сақ­талуын қамта­ма­сыз еткенмен, бі­лек сыбана кірісушілердің қатары саусақпен санарлықтай. Жаңаны жатсынбас­тан тез қабылдаудың орны­на ескі дағды шырмауынан шы­ға алмаудың себептері не деген сұраққа әкімдік отырысында өткен талқылауда жауап тапқандай болдық. Жиында арнайы топ жол сапасына мониторинг жүргізіп, көптеген кемшіліктің бетін ашқаны айтылды. «СУ-808», «Петропавл жолдары», «Гегарт», «ДСТ-СК» секілді серіктестіктер Ай­ыр­тау, Шал ақын, Мамлют, Есіл аудан­дарында асфальт төсеген. Екі жыл өтпей жатып біраз бөліктері ой-шұңқырларға айналып, ошақтың орнындай үңірейіп қалған. Осы арада аудандық әкімдіктегілер, көліктік бақылау инспекциясы жағдайды неге қадағаламаған деген сауал туады. Жолдардың сапасына бірінші кезекте жауап беретін мердігер ұйым­дардан қатаң сұралмақ түгіл айып­пұл төлеттірмеу, жеңіл-желпі жаза­мен құтылып кету нені меңзейді? Жо­лау­шы­лар тасымалы және автомобиль жол­­дары басқармасының бас­шы­лы­ғы бәрі тап-тұйнақтай, еш­қандай заң бұзу­шылық тір­кел­меді деп қанша сендіруге тырысқанымен сапаның ала-құла екені тайға таңба басқандай бірден білінеді. Антоновка, Лавровка, Астраханка – Қиялы бағыттары бойынша жаңа технологиялар іске асы­рыл­маған. Жол жөндеумен тікелей айна­лысуға кей кәсіпорындар ие­лі­гінде техникасы да, маманы да жоққа тән қосалқы мердігер жалда­ған. Араларында салықтан жалтарып, жұмысшы-қызметкерлерге уақ­­тылы жалақы төлемейтіндері де саланы майлы жіліктей көріп, же­ңіл кәсіпке айналдырып алған ба дейсің. «Гегарт» ЖШС 2017 жылы 526 миллион теңгенің тапсырысын алып, бар-жоғы 1,5 миллион теңге салық төлеген. Былтыр 313 миллион тең­ге­нің тапсырысын атқарып, 12,6 мил­лион теңге ғана төлем аударған. «Компания Best строй Петропавл» серік­тестігі 1 миллиард теңгеге жуық тап­сырыс алса, төлеген салығы 2,5 миллион теңге ғана. Материалдық-техникалық базаны нығайту жайы сын көтермейді. Олқылықтар жыл сайын қайталанғанымен, азаюдың орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Қанша ескертілсе де Келлеровка – Южный бағытындағы және Айыртау ауда­нындағы «Солнечный ВИП» шипа­жайына кіреберіс жолдарды қал­пына келтіру дұрыс атқарылмаған. Мұндай кем­шіліктердің бір ұшығы мер­ді­гер­лерді қадағалайтын тиіс­ті орган­дар тарапынан нақты бақы­лау­дың жоқтығына келіп тіреледі. Жоба­лық-сметалық құжаттарды әзір­лей­тін бір ғана мекеме бар. Оның өзі жаңашылдық десе ат-тонын ала қашады. Бұдан кейін инновация туралы айтудың өзі артық. Жұмыртқадан жүн қырыққан кей пысықайлар арзан материалдарды пайдалану арқылы табыс табудан именбейтін тәрізді. Материалдардың сапасын бақылайтын арнайы зертхана екеу ғана. Олардың жүктемесі шамадан тыс көп.

113 елді мекенге қоғамдық көлік­тің жүрмейтіні, жол жөндеу, қал­пына келтіру жұмыстарына тар­тыл­ған адамдардың 80 пайызы маман­дан­ба­ғаны, биыл 4 айдың ішінде ауыр салмақты автокөліктердің жү­ріп-өтуіне 421 рұқсаттың берілуі, жүк тасымалдау ережелерінің 58 рет бұзылуы, жол бойында ұлттық стан­дарттарға сай келетін бірде-бір нысан­­ның жоқтығы осы саладағы сан соқ­тыратын сапасыздықтарды аңғар­тып тұр.


 Солтүстік Қазақстан облысы