Әлем • 31 Мамыр, 2019

Елдің инвестициялық мүмкіндігі таныстырылды

913 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы елшілігі мен Швейцария Сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстан-Швейцария инвестициялық дөңгелек үстелін өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Елдің инвестициялық мүмкіндігі таныстырылды

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Бақыт Батыршаев бастаған делегация қатысты. Оның құрамына Шымкент қаласының әкімдігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы, «Астана» Халық­ара­лық қаржы орталығы (АХҚО), «Жо­лау­шылар тасымалы» АҚ мен Қазақ­стан фермерлер одағының өкілдері кірген болатын.

Швейцария тарапынан банк және қаржылық қызмет, консалтинг, фармацевтика, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс, АКТ, көлік және логистика саласындағы 40-тан астам компания өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан­ның әртүрлі салалардағы инвестициялық мүмкіндіктері туралы, шетелдік инвестицияларды тартуда Қазақстан Үкіметінің жаңа іс-шаралары туралы хабардар етілді. Қазақстандық тау-кен, химия, мұнай-химия, азық-түлік және басқа салалар, сондай-ақ оның дамып келе жатқан транзиттік әлеуеті Швейцария компанияларының қызығушылығын тудырды. Қаржы және банк құрылымдары АХҚО-ның қызметіне ерекше қызығу­шылық білдірді.

Қазіргі таңда Қазақстанда Glencore, Philipp Morris, ABB, Rieter, Schindler, Bühler, Leica, Nestlé, Roche, Novartis, Syn­genta, Ammann Group сияқты 40-қа жуық швей­ца­риялық компания жұмыс істейді.

2005 жылдан 2018 жылға дейінгі Швейцариядан Қазақстанға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 23,2 млрд АҚШ долларын құрады. 2018 жылы тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, 2018 жылы екіжақты сауда көлемі 3 млрд долларға жетті.

Швейцария Қазақстанның ЕО, Ресей, Италия, Қытай, Нидерланд және Фран­циядан кейінгі алтыншы ірі сауда әріптесі болып табылады.

Дөңгелек үстел барысында Қазақ­станда жұмыс істейтін швей­цария­лық компаниялар іс-шараға қатысушыларға өздерінің оң тәжірибесін көрсетті.

Қазақстандық делегация жұмыс сапары барысында инвестициялық ынтымақтастықты талқылау мақсатымен Swissport International Ltd., Burkhard Comp­ression және Stadler Rail CIS (Штадлер ТМД) компаниялары өкілдері­мен кездесулер өткізді.