Аймақтар • 01 Маусым, 2019

Петропавлда «Олимпиада үміті» акциясы бастау алды

1013 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Олимпиада үміті» акциясының алғашқы шарасы халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды.

Петропавлда «Олимпиада үміті» акциясы бастау алды

Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған акцияның ерекшелігі сол, 2013 жылы Алматы қаласының маңында әуе апатынан қаза тапқан кеден қызметінің полковнигі, спортшы, абзал азамат,  жерлесіміз, Қайсар Малғаждаровты еске алуға арналып, марқұмның атындағы қайырымдылық қоры ұйытқы болды.

Дәстүрлі шара олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде өтуінің өзіндік мәні бар. Кешен құрамына енетін  спортқа мамандандырылған спорт мектеп-интернаты қабырғасынан Маргарита Мукашева, Ақан Баймағанбетов, Алексей Луценко секілді есімдері әлемге белгілі спорт саңлақтары түлеп ұшқан.

«Үлкен спортты серік еткен сайыпқыран жастардың қадамдарына қолдау жасап, жасап, ірі додаларға қатысуын қамтамасыз етуді басты бағдар етіп отырмыз. Олар түрлі дәрістер алып, спорт ошақтарына, «Құлагер» ипподромына саяхат жасайды», дейді денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.

Өңірдің танымал жаттықтырушылары мен спортшылары алғашқы күні 45 жас балғынмен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Тренинг-сабақтар барысында қиындықтарды еңсеру жолдарын ортаға салды. Спорт-интернаттың түлегі Нұрқожа Қайпанов үлгі етілді. Еркін күрес шебері осыдан бір ай бұрын 70 кило салмақта Азия чемпионы атанған болаты. Ал жуырда Италияның Сассари қаласында өткен халықаралық турнирде тағы да топ жарды.  

Биылдан бастап спорт мектебін бітірген үздік түлектер колледжге қабылданып, диплом алып шығады. Оқу  мерзімі– үш жыл.