Аймақтар • 02 Маусым, 2019

Павлодар облысында алма ағашы өсіріліп, «Сәбилер аллеясы» жасалмақ

2022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асырғуа байланысты атқарылған шаралар барысына арналған облыстық сараптамалық кеңестің отырысы өтті.

Павлодар облысында алма ағашы өсіріліп, «Сәбилер аллеясы» жасалмақ

Кеңесте қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары сарапшыларға жаңа жобаларын таныстырды.

Алғашқысы - биыл облыс орталығында Естай Беркімбаев ескерткіші мен музейі ашылмақ. Ескерткіш Естай атындағы мəдениет сарайының маңында бой көтерсе, музей сарай ішінде ашылады.

Екібастұз қаласында «Туған жер» арнайы жобасы бойынша «Сәбилер аллеясында» жаңа туған əрбір нəрестенің құрметіне ата-анасы белгіленген жерге ағаш отырғызады.

Сонымен қатар Бауыржан Момышұлына арналған монумент қаланың орталық көшелерінің бірінде жасалды.

Ал «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында өңірдің өркендеуіне  үлес қосқан адамдар дәріптеледі.

Ақсу қаласы мен ауылдық аумағында 6 жоба жүзеге асырылуда.

Яғни «Ақсу толқыны» атты бірінші республикалық дәстүрлі әндер конкурсы өткізілсе, Байғабыл Жылқыбаевтың мүсіні туған ауылы Құркөлде бой көтереді.

Аққулы ауданында халық әртісі, күйші Рүстембек Омаровтың 100 жылдығына орай «Күй өнерінің сарыны» күйшілер байқауы басталады.

Жобаның қортындысында Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» күйін аудан жастарынан құралған 100 күйші бір уақытта орындайды.

Жастар жылы аясында ауданның Жастар орталығы «Жас шабандоз» жобасына дайындалуда.

Жоба атқа отыру мәдениетін үйретіп қана қоймай, «Ер қанаты – ат» эстафетасы, асау үйрету, аударыспақ сияқты ат спортын кеңінен насихаттайтын шаралардан тұрады.

Ал, Ақтоғай ауданында «Ақтоғайтану» жобасы жалғасып жатыр.

2018 жылдан бастап әр мектептің 5-7 сыныптарында «Ақтоғайтану» арнайы курсы енгізілген. Осы арнайы жобада жыл бойына туған өлкенің тарихы, Ақтоғай ауданының тарихи тұлғалары мен оқиғалары, физикалық-географиялық орналасуы, тарихи ескерткіштері оқытылды.

Бұл жоба аясында түрлі конкурстар, көркемсөз оқу сайыстары мен оқулар өткізілу қарастырылған.

Баянауыл ауданында «Ruhty Qazaqstan» жобасы іске асырылмақ. Жоба аясында аудандағы республикалық маңызы бар 4 қасиетті орынға экскурсиялық тур ұйымдастырылады.

Шараға ауданның жас мамандары мен белсенділікпен көзге түскен жастарды қолдау мақсатында, олардың еңбегін бағалап, жігерін көтеруге негізделген. Бүгінгі күнде Баянауыл ауданында 40-қа жуық жас мемлекеттік қызметші бар.

Железинка ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шабыт» балалар мен Жастар орталығы ашылады. Балалар мен жастар орталығының ашылуы ауданның да, жалпы облыстың да шығармашылық әлеуетіне жағымды әсер етеді.

Ертіс ауданының экожүйесін жақсартуға бағытталған «Алмалы бақ – берекенің қайнары» жобасы аясында 200 алма ағашы отырғызылды.

Бұл аймақты келешекте абаттандырып, демалыс орнына айналдыру көзделген.

Май ауданы да «Алма бағы» тамшылап суару тəсілімен алма ағашын егіп, өнім алып, жастарды еңбекке баулу жобасын қолға алды.

Тек жоба басталуын басталып,  соңына жетпей, ағаштар өспей, күтімсіз қалмаса болғаны.

«Tildes» тіл орталығы арнайы жобасы аясында латын графикасын оқыту орталығы жобасы іске асырылуға ұсынылады. Оқыту орталығы аудандық кітапханада ашылады.

Тереңкөл ауданында Жастар жылын мерекелеу барысында Новосібір облысына іс-сапар жоспарланған.

Яғни екі мемлеке арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, достық қарым-қатынасты нығайту мақсаты көзделген.

Сонымен қатар осы ауданда Сейділдә қажы Түйтебекұлының кесенесін салуды жоспарлап отыр.

«Шарбақты ауданы тарихын және аудан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу және іздеу жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында аудан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу және осы ескерткіштер жинағын басып шығару көзделген.

«Ауылым – алтын қазынам» жобасы арқылы Успен ауданының тарихы түгенделмек. Көнекөз қариялардан аудан мен ауылдың құрылуы, өткен ғасырлардағы аңыз-әпсаналар жинақталады.

Сонымен бірге Успен ауданының маңында археологиялық экспедиция мүшелерімен бірлесе отырып қорғандар мен үйінділерге қазба жұмыстарын жүргізу және оларды зерттеу жұмыстары жоспарлануда.

Ал Павлодар ауданына Оңтүстіктен көшіп келген отбасылар үшін «Арнау» фестивалі ұйымдастырылады.