Қоғам • 03 Маусым, 2019

Тағдыр талқысына түскен жан

1016 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылғы 27 ақпан күні таңғы сағат 6:10 шамасында Тараз қаласындағы Мыңбұлақ шағын ауданындағы №9 үйде газ жарылып, біраз адам зардап шеккен болатын. Тіпті оқыс оқиғаның салдарынан опат болғандар да бар. Аталған қайғылы оқиға, қаралы хабар Тараз жұртшылығының ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі тұрғындардың да еңсесін түсірген еді. Әрине, бүтін бір үйдің дүмпуінің қорқынышынан жергілікті халық көпке дейін арыла алмады.

Тағдыр талқысына түскен жан
Жарылыс орын алған үйдің №62 пәтерінде тұратын 32 жастағы Аида Төлегенова – зардап шеккен жандардың бірі. Тіпті оны әуелі қайтыс болған­дар­дың санатына кіргізіп, Қаратау қа­ласында тұратын ата-анасына қаралы хабар да жіберіп қойған. Алайда, Аида бассүйегінен зақым алып, өзі аман қалыпты. Жуырда Аиданың анасы Гүлзахира Бөлегенова хабарласып, өзінің уәжін жеткізді. Сонымен қатар ақ халатты абзал жан­дарға деген алғысын да айтты. 

Аиданың 5 жасар Қарақат деген қызы бар екен. Күйеуі жоқ. 25 күн бойы ауруханада өмір мен өлімнің ара­сында арпалысып жатқан Аиданың денсаулығы қазір де бірқалыпты емес. Үш рет ота жасатқан олар енді тағы бір отаны күтуде. Әуелі жа­рылыс болғанда құтқарушылар Аи­даны жаңылысып Тараз қалалық ба­лалар ауруханасына жатқызыпты. Кейін­нен қайтыс болған өзге қызбен оны та­ғы да шатастырып, қайтыс болған деп есептейді. Алайда, Аиданы сол ауру­ханада жұмыс істейтін Саят де­ген сыныптасы танып қалып, бір­ге оқыған қыздарға хабар береді. Со­дан кейін ғана Аида Төлегенова №1 Тараз қалалық ауруханасына жеткі­зіледі. «Жамбыл облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Ма­рат Жұманқұлов, №1 Тараз қала­лық ауруханасының бас дәрігері Нұр­лан Әбілдаев, орынбасары Ербол Орда­беков, бөлім меңгерушісі Гамзат Мұ­саев, нейрохирург Бақытжан Тұрар­ұлы және өзге де азаматтарға алғыс ай­тамын. Қызымның денсаулығына жақсы қарап, қолдан келген көмек­терін аяған жоқ. Бұл кісілер күн, түн демей Аиданың жанында болып, ден­саулығының біршама түзелуіне сеп­тігін тигізді», дейді анасы Г.Бөле­генова.

Бүгінде Тараз қалалық әкімдігі бүлінген үйді қайта қалпына келтіруге уә­де беріп отыр. Тиісті жұмыстар бас­талып та кетті. Алайда, Г.Бөлегенова қызы Аиданың ол үйге енді барғысы кел­мейтінін айтады. «Қаратау қала­сынан кезінде «Аида» наубайханасын ашып, сол жерде жұмыс істеп жү­ріп осы пәтерді қызыма алып бер­генмін. Өзі Тараздағы «Нұрай» ба­лабақшасында жұмыс атқарып жүр­ді. Ешкімнің басына бермесін, екі жыл бұрын жалғыз ұлымнан айрылдым. Енді Аиданың жағдайы мынадай болды. Қызым қазір ол үй­де тұрмақ түгілі жанынан өтуге қор­қады. Менің жалғыз тілегім, сол пәтер­ді әкімдік өздеріне алып, бізге сондай екі бөлмелі пәтер берсе болды. Осы ойымды айтуға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына да жазылып қойдым. Бізді әкімдік қол­дамаса, басқа кім қолдайды», дейді ол.

Жалғыз қызының жағдайына жаны ауырған ана күнара 100 шақырым жолды артқа тастап, такси жалдап Қаратау қаласынан келеді екен. Себебі Тараз қаласында тұратын үй жоқ. Ал Мың­­бұлақ шағын ауданындағы екі­ бөлмелі үйінің екі бөлмесінің де едені толығымен жерге түсіп кеткен. Қысқасы, амалы таусылған ана осы жағдайды айтып Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жан­босыновтың қабылдауына барады. Алайда, әкімнің орынбасары уәжге құлақ аспай, кері қайтарады. «Ол кісі орнынан атып тұрып «Сендерге газ­ды жауып жүріңдер дегенмін. Газ­ды мен жарған жоқпын. Тұрамын де­сеңдер, үш бөлмелі пәтер бар. Со­ның екі бөлмесінде біреулер тұрып жа­тыр. Бір бөлмесі бос. Тұрамын де­сеңдер тұрыңдар сонда. Екі айдан бері қайда жүрсің» деп, өзіме дүрсе қоя берді. Бір Аиданың өзіне алты адам қараймыз. Екі айдан бері мен оңып жүрген жоқпын ғой», дейді ол. Г.Бөлегенованың енді қалалық әкім­дік ескі үйді өздері алып, орнына басқа пәтер берсе деген тілегі бар. Ен­дігі үмітті облыс әкімінен ғана кү­тіп отыр.


Жамбыл облысы