Осы орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», деген сөздері ойға оралады. Демек, мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіздік ұғымдарын әсте бөліп қарауға болмайды. Ал тәуелсіздік – ата-бабаларымыз аңсаған арман, көзіміздің қарашығындай сақтайтын қазынамыз.
Сөздің орайы келіп тұрғанда айтуға тұратын бір мәселе бар. Журналист ретінде Елбасының шетелге сапарларын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында бірнеше елдің табалдырығын аттап, сондай-ақ елімізде өткізілетін ауқымды іс-шараларға қатысуға тура келеді. Сондай үлкен жиындарда қатысушы мемлекеттердің туларын төрге шығару – халықаралық қағида. Сондайақ әсіресе шет мемлекеттерге шыққанда алдымен туымыздың өзге мемлекеттердің байрақтарымен қатар тұрғанына, көбіне аспан түстес туымыздың орналасуына дейін мән беретінім рас. Ал Елбасының мемлекеттік сапарлары кезінде туымыздың жол бойына қатарластыра, көше бойлап ілінгенін көрген сәтте мемлекет пен мемлекеттік символ ұғымдарының астасып кеткендігін аңғаруға болады. Әлемде қанша ұлт болғанымен, туын қадайтын атамекендері жоқ, тәуелсіздіктерін аңсаған елдер елтаңбаларын ілетін маңдайша таппай жүр.
Ал Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дербес мемлекеттік рәсімдерін бекітіп, әйгілегеніне де биыл, тәубе, 27 жыл толып отыр.
Өткен жылы мемлекеттік рәміздеріміздің бірі – Елтаңбамызға қатысты елеулі өзгеріс болды. Атап айтқанда, Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес Елтаңбамыздағы «ҚАЗАҚСТАН» сөзі «QAZAQSTAN» болып жазыла бастады. Бұл да болса, еліміздің, ұлтымыздың болашаққа деген ұмтылысының нышаны. Орайы келгенде айтар болсақ, бұрынғы нұсқада жасалған елтаңбаларды пайдалану мерзімі жеткенше, яғни 2022 жылға дейін қолдана беруге болады.
Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі, шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар, шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар, жоғарғы бөлігіндегі көлемді бес бұрышты жұлдыз бейнесі сол күйінде сақталып, «QAZAQSTAN» алтын түстес жазуы бар елтаңбаның алғашқысы Ақорда резиденциясына ілінді.
Әнебір жылдары көкбайрағымызды қорлау деректері бойынша бірқатар оқиға қылаң берді. Бүгінде әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған уақытта кез келген ерсі көрініс қоғам назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Әрине, ол оқиғалар бойынша кінәлілер құқықтық қудалауға ұшырап, тиісті жазаларын алды.
Алайда заңға сүйенген полицейлер мен жергілікті ішкі саясат органдарының туымызды елдік мақтаныш, ішкі сезімі бойынша төріне іліп, төбесіне шығаруға байланысты әлі де бір ортақ ұстанымы жоқ сияқты. Құқықтық негіздер болғанымен, оны ұлттық патриотизм сезімдерімен түйістірер нүктесі табылмай жүргені өкінішті. Демек, елімізде туды үйіне ілген адамның жазалануы да бек мүмкін. Қисынсыздық, қиғаштық деген осы.
Айталық, қазір кәсіби боксшылардан бастап басқа да спортшылар шетелдердегі жарысына мемлекеттік туды міндетті түрде арқалай барады. Рингте жеңіске жеткен бойда бапкерлері оның иығына сол сәтте Мемлекеттік туды іліп, жеңімпазымыз шаршы алаңды айнала жүгіреді. Бұл өзі әлемдік қалыптасқан қағида. Алайда дәл осындай жағдай тиісті заңдарда көрсетілмеген. Сонда еліміздің атын әлемге шығарған спортшы жазалануы керек пе? Бұл сауалдың ішкі астарына бұрын Олимпия ойындарының жеңімпазы Ольга Рыпакова былай жауап қатқан еді.
«Кез келген спортшы үшін Мемлекеттік ту мен Әнұранның орны бөлек екені даусыз. Ту мен Әнұран ғана емес, жалпы мемлекеттік рәміздердің қадірін өзгелерден гөрі спортшылар қауымы жақсы біледі деп ойлаймын. Ал енді мемлекеттік тудың көтерілген сәтін, әсіресе аспан түстес байрақты өзің көтеріп, иығыңа жамылған кездеріңді сөзбен жеткізу қиын. Мұндай кезде қара басың үшін ғана шаттанбайсың, саған үміт артқан артыңдағы қара ормандай елің үшін, байтақ жерің үшін мақтанып, масаттанасың», деген еді даңқты спортшы қыз.
Ал Қазақстанның Мемлекеттік гимні туралы айтар болсақ – оның басты артықшылығы да, ұтымдылығы да – кең танымалдылығымен де астасып жатыр.
Қазір гимн ойналған кез келген сәтте әрбір отандасымыз қосыла шырқап, айналаны рухтандыра, жігерлендіре түседі.
Негізі ел гимніне арқау болған «Менің Қазақстаным» әнін Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазғандығы баршаға белгілі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Ал Парламент 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
Ал нағыз шынайылықтың, ұлтжандылықтың үлгісін балабақшалардағы кішкентай тәрбиеленушілер көрсетіп жүр. Әлеуметтік желілерде кең таралған жазбаларда өздерін нағыз елдің иесі, жердің иесі ретінде сезініп, Әнұран шырқалған бойда қолдарын жүректерінің тұсына қойып, сап түзеуге асыға жүгіріп, гимнді қосыла шырқаған балдырғандар көп ересектерге үлгі болып келеді.
Мемлекеттік гимнмен астасып жатқан тәуелсіздіктің тірегі де, иесі де екенін сол балдырғандарымыз лүпілдеген жүректерімен сезініп жүр.
Рәміздер күні құтты болсын!