Сайлау • 05 Маусым, 2019

Сайлауға дайындық пен өткізу барысы айтылды

1350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау ко­миссиясының төрағасы Берік Имашев ШЫҰ Байқаушылар миссиясының басшысы – ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норовпен кездесті. Кездесу барысында 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына әзірлік және оны өткізу барысы туралы айтылды.

Сайлауға дайындық пен өткізу барысы айтылды

В.Норов Шанхай ынтымақтастық ұйымы Байқаушылар миссиясы Қа­­­зақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен Нұр-Сұлтанға келгенін атап өтті. Осы шақыртуға байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барысын байқайтын ШЫҰ Байқаушылар миссиясы құрылған көрінеді. Бұл орайда ШЫҰ-ға жүктеліп отырған міндеттердің бірі – президенттік және парламенттік сайлауларға, рефе­рен­думдарға бақылау жүргізу.

«Бұл жұмыс біздің ұйымда 2006 жылы қабылданған тәртіпке сай жүргізіледі. Жалпы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушылар миссиясы жұмысын ең алғаш 2004 жылы Қазақстанда бастады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Байқаушылар миссиясы 25 мүше мемлекеттің өкілдерінен тұрады. Олар – өз елдерінің заңнамалық, құқықтық салаларынан келіп отырған жоғары санатты саясаткерлер. Біздің миссия бү­гінгі күні Қазақстанда жұмысын бастап кетті», деді В. Норов.

Владимир Имамовичтің айтуын­ша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Байқаушылар миссиясының өкілдері Қазақстанның 7 қаласында, атап айтқанда: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Түр­кіс­тан, Қарағанды, Атырау және Өске­мен қалаларында жұмыс жүргізіп жат­қан көрінеді. Сонымен қатар олар 6 аймақты – Ақмола, Алматы, Қарағанды, Атырау, Түркістан және Шығыс Қа­зақ­стан облыстарын да қам­тымақ. Сөй­тіп ШЫҰ байқаушылар миссиясы сай­лаудың әділ өтеріне бек сенімді. Өйткені Қазақстандағы пре­зиденттік сайлау жоғары деңгейде заңға толық сай ұйымдастырылып отыр. Оның үстіне олар Қазақстанның сайлау заңнамасында біршама жаңашылдықтар бар екенін де жасырмады. Соған сай бұл жаңашылдықтар ШЫҰ елдеріне үлгі болатындығын да атап өтті.

Ал осының алдында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің басшылығымен Алматы облысында «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңінде сайлау ко­миссияларының жұмысы туралы» та­қырыбында екі семинар-тренинг өтті. Мәселен, сондай кезекті семинарға атал­ған облыстың аумақтық және учас­келік сайлау комиссияларының төрағалары, төрағаларының орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері, электоралды оқы­ту бойынша сертификатталған жат­тықтырушылар, Алматы облысы әкі­мі аппараты басшысының орынба­сары, сондай-ақ Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары және аппарат басшысы, жергілікті атқарушы органдар мен бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Екі өңірде де Ортсайлауком мүшесі Л.Сүлеймен сайлауға әзірлік және дауыс беру күні сайлау комиссиялары қызметінің мәселелеріне егжей-тег­жейлі тоқталды. Семинар барысында қатысушылар сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының не­гізгі кезеңдерімен, кандидаттардың сай­лау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарт­тарымен, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау ко­миссияларының және жергілікті ат­қарушы органдардың мүмкіндіктері шек­теулі азаматтардың құқықтарын қам­тамасыз ету жөніндегі міндеттерімен таныстырылды. Сондай-ақ барлық сай­лау комиссияларының қызметі ашық­тық және жариялылық негізінде жү­зеге асырылатынын, сайлау туралы қол­даныстағы заңнама талаптарын қатаң сақ­тауға, сайлау комиссияларының мүше­лерін кәсібилендіруге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ж.Әлімбеков және Қапшағай қаласы әкімі аппара­тының басшысы Е.Қожахметов сай­лау­шылардың тізімін жасау бойынша жүргізілген жұмыстар, сайлау учас­келерін материалдық-техникалық жаб­дықтау, оның ішінде мүмкіндіктері шек­теулі адамдарға жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Т.Даутов, Қапшағай қала­лық сайлау комиссиясының төраға­сы М.Айтова, Іле аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Г.Чинаева, Талдықорған қалалық сайлау комиссия­сының төрағасы Е.Қошанбеков, Сарқан аудан­дық сайлау комиссиясының төр­аға­сы О.Тертюбаев сайлау науқанын өт­кізу, сайлау учаскелерін дауыс беру күні­не әзірлеу, сайлау комиссияларының мүшелерін каскадтық әдіспен әрі қашық­тықтан оқыту және тестілеу әдісімен оқыту жағдайы туралы хабардар етті.

Ортсайлауком аппаратының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы міндетін атқарушы Б.Байсейітов 2019 жылғы 9 маусымда сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде учаскелік сайлау комиссиялары қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Оқыту семинарларын өткізу кезінде қатысушылар сайлау науқанының негізгі кезеңдерін өткізу барысы, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс істеу, сайлау комиссияларының сайлау­ды әзірлеу мен өткізу, сайлау туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету бойынша өкілеттіктері туралы сұ­рақтар қойды. Ортсайлауком мүшесі Л.Сүлеймен 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау ко­миссияларының жұмысы туралы кеңінен айтып берді.