Кіп-кішкентай балалардың, тіпті кейбірінің дүние есігін ашпай жатып та ауыр дертке шалдығып, басына түскен тағдыр сынағын үлкендерше мойымай көтеріп келе жатқан мықтылығын ерлікке баламасқа амалың жоқ. Ұлы философтардың бірі Бертольд Брехт те «Өнердің барлық түрі ең ұлы өнерге – жер бетінде өмір сүру өнеріне қызмет етеді» деп бекер айтпаса керек. Бірнеше рет химиятерапиядан өтіп, ауыр уколдар мен таблеткалардан жүрегі әбден шайлықса да, өмірдің бір күндік жарық сәулесі үшін шыдамдылық танытып, қабылдауға тиіс екенін титтей зердесімен түйсінетін балдырғандардың әр күні үміт пен сенімге, күдік пен күреске толы.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында қойылған қазақстандық сазгер Юлия Лебедеваның «Музыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ертегі спектаклінің басты ерекшелігі – рөлдерде жас актерлер ойнайды. Бұл балалардың әрқайсысы дерлік онкология дертіне шалдығып, ұзақ әрі ауыр күрес жолын жүріп өткен. Кейбір балалардың әлі емделіп жүргенін ескерсек, бұл жобаның қаншалықты қымбат әрі қажет екенін бағамдауға болады.
Драма театрының сахнасында өткен спектакльдегі басты рөлдердің бірін баршаға есімі танымал жас орындаушы Данэлия Төлешова ойнады. Ол қайырымдылық жобасына қатыса отырып, күрделі аурулармен күресуге мәжбүр болған балаларға қолдау көрсеткісі келетінін айтты.
«Шығармашылық қанатымен» жобасының авторы, «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сурия Есентаева:
– Біздің бірлестікті 2013 жылдың соңында тәжірибелі дәрігерлер құрды. Білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларымен қатар, біз әлеуметтік жобалармен де айналысамыз. Осы жұмысты атқара жүріп, біз онкологиялық аурулармен күресу аса күшті рухты және күш-қуатты қажет ететінін, ал осы ауруға тап болған отбасы мүшелері психологиялық және моралдық қолдауға зәру екенін түсіндік,– дейді.
2017 жылы «Ғылыми-медициналық қоғам» бірлестігі «Шығармашылық қанатымен» атты жобаны іске қосқалы бері Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының науқастарын актерлік шеберлікке, декорациялар мен костюмдер жасауға, жалпы театр өнеріне баулып келеді. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасында «Мөлдір құдық» атты музыкалық ертегі қойылған еді. Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар актер ретінде рөл сомдап, билеттерді сатудан түскен бүкіл қаржы олардың емін жалғастыруға бағытталды. 2018 жылы Астанадағы Елшілер жұбайлары дипломатиялық клубының «ASA» қайырымдылық комитетінің қолдауымен Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында «Батыр вакцина» атты спектакль қойылып, онда тағы да кішкентай науқас балалар рөлдерде ойнаған болатын. Екі спектакль де науқастардың тарапынан жылы қабылданып, оған қатысу балалардың жалпы хал-ахуалына оңынан әсер етіп, емделу нәтижесінің жақсара түскені байқалған-ды.
Балалар онкологиясында басталған осы игі бастама, енді міне, Юлия Лебедева жазған «Музыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ертегісімен жалғасын тауып отыр. Бұған Мәдениет және спорт министрлігі де қолдау көрсетіп, спектакльдің тұсаукесері үшін М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасын, ал репетиция жасау үшін Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрының сахнасын ұсынды. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі де музыкалық ертегінің тұсаукесеріне өз қолдауын білдірді.
Жобаның көркемдік жетекшісі Нұрия Қожамұратова: «Ұзақ әрі күрделі емнен өткен балаларды оңалту және әлеуметтендіру біржолғы іс емес, оны тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Қазіргі таңда біз балаларға актерлік шеберлікті үйрететін «Шығармашылық қанатымен» атты шағын арт-терапия студиясын аштық. Театр – көпқырлы өнер, оған бейнелеу өнері, музыка, модельдеу, актерлік шеберлік, би сынды өнер түрлері кіреді. Күрделі және сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған арт-терапиялық жобамызды толығымен жүзеге асыру үшін әрбір бала мен ересекке (балалардың ата-аналары және онкологияға шалдыққан ересек науқастарға) өздерінің жүрегіне жақын шығармашылық бағытты таңдауға мүмкіндік беретін Арт-терапия орталығын барлық аймақта құру қажет», дейді.
Сондай-ақ театрда ұйымдастырылған балалардың сурет көрмесінің де айтары мол. Қол ұстасып күлімдеген ата-анасын, шаттыққа бөленген бауырларын, ынтымақты достарын, әдемі әрі еңселі туған үйін қызылды-жасыл ашық түспен бейнелеген балалар өмірдің жарқын, ғажап, қымбат екенін бәрімізден гөрі жақсырақ сезетінін бояу тілімен барынша ұғындырған.
Онкологияны жеңген балалар сахнада рөл ойнау арқылы әлі емделіп жүрген, моралдық қана емес, материалдық көмекке де мұқтаж балаларға қолұшын созып, үміт пен өнердің ажалды жеңіп шығар күші барына сендіріп отыр. Ал сенім – ең күшті қару.
АЛМАТЫ