Үкімет • 06 Маусым, 2019

Бюджеттің атқарылу есебі тыңдалды

980 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төр­ағалығымен өткен пала­таның жалпы отырысында Үкімет пен Респуб­ли­­калық бюд­жеттің атқа­ры­луын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жыл­ғы респуб­ликалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есебі қаралды.

Бюджеттің атқарылу есебі тыңдалды

Экономика өсіп келеді

Негізгі баяндамашы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуына қарағанда, 2018 жылы экономиканың негізгі салаларында оң өсу қарқыны сақталған. Оған экономиканы диверсификациялау, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және ішкі тұтыну белсенділігін біртіндеп қалпына келтіру себеп болған.

– Негізгі капиталға салын­ған инвестициялар да эконо­ми­каның өсуіне ықпал етті. Был­тыр олардың көлемі 18 па­йызға өсті. Салалар арасында ин­вес­тициялардың елеулі өсуі өнеркәсіпте – 27 пайыз, құ­ры­л­ыста – 21 пайыз, жылжымай­тын мүлікке қатысты операция­ларда – 20 пайыз және ауыл шаруашылығында – 14 пайыз деңгейінде байқалды. Осының нәтижесінде, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 4,1 пайызды құрады, – деді Ә.Смайылов.

Үкімет өкілі депутаттарға кірістер мен шығыстар, бюджет тапшылығы туралы егжей-тегжейлі айта келе, салық-кеден саласындағы әкімшілендіруді әрі қарай цифр­ландыру салықтық түсімдердің көлемін ұлғайтуда басты рөл атқаратындығын атап өтті.

Ә.Смайылов өз баяндамасында есепті талқылау кезінде мем­лекеттік борыштың өсуіне және квазимемлекеттік субъектілердің борыштарына баса назар ауда­рыл­ғанын да атап өтті.

– Үкіметтің алдындағы басты міндет – мемлекеттік борыштың көлемін қауіпсіз деңгейде сақтау. Ол үшін біз бюджеттің күтілетін кірістерін және әлеуметтік тө­лемдердің өсуін ескере отырып, он жылдық кезеңге ықтимал қарыз жүктемесін есеп­тейміз. Мемлекеттік борыш есепті жыл­дың соңында төмен деңгейде қа­лып отыр. Оның мөлшері ішкі жал­пы өнімге шаққанда 25,8 пайызды құрады, – деді Ә.Смайылов.

Жоба құны артық есептелген

Жалпы отырыс барысында Нұрлан Нығматулин Үкіметтің және Есеп комитетінің назарын бірқатар маңызды шешілмеген мәселелерге аударып, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың себептерін атап көрсетті. Нақ­ты­рақ айтқанда, бюджетті жоспар­лау барысындағы кемшілік­тер­ге, министрліктер мен ве­домство­лардың бюджеттік бағдар­ла­ма­ларын үйлестірудің жеткіліксіз­дігі мен осы бюджеттік бағдарла­ма­ларда көзделген мақсатты ин­ди­катор­лар­дың өзара байланы­сы­ның жоқтығына назар аударды.

Ал қосымша баяндамашы Рес­­публикалық бюджеттің атқа­ры­луын бақылау жөніндегі Есеп ко­митетінің төрағасы Наталья Го­дунова, есептік кезеңдегі же­тіс­тік­тер мен кемшіліктерді тізіп берді.

Оның ішінде жобасы ұқсас, бір-бірінен артық-кемі жоқ әлеу­­меттік нысандардың құры­лы­сы­на жұмсалатын қаражат­тың әркел­кілігіне көңіл аударды. Бұл жобалардың құрылысы аяқ­тал­ған уақытта да олардың аса айыр­­ма­шылығы сезілмейді екен. Демек, сараптама жағы ақсап жатыр.

– Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында желілік парктің бірінші кезегі құрылысына жобалық-сметалық құжатнаманы түзету кезінде сметалық құнының ар­тық көрсетілуі 413 млн теңге бол­ды. Бұл тек бір нысан бойын­ша және бірінші кезекке қа­тыс­ты. Қостанай қаласында «Юби­лейный» шағын ауданын­да кезекте тұрғандар үшін тұрғын үй құрылысы жобасы тұр­ғы­сын­да құнын көтеру 150 млн теңге болды. Бүгінде елі­мізде 144 жеке сараптамалық ұйым тір­келген. Оларға қатысты бі­лік­­­тілік талаптарын күшейту керек. Сонымен қатар орын алған қай­шылықтарды жойып, құ­ры­лыс нормаларын қайта қарас­тырған жөн және типтік жобалар­ды пайдалану тәжірибесін кеңей­ту керек, – деді Наталья Годунова.

Баяндамашының айтуынша, еліміз бо­йынша жоба құнын асыра көрсетудің орташа көлемі 30 пайызға дейін жетеді.

Сертификат үшін ақы төлеу әділдік емес

Депутаттар жалпы отырыс барысында осы қаржылық құ­жатты қызу талқылап, орта­лық мемлекеттік органдардың басшыларын сауалдың астына алды.

Айталық, депутат Жәмилә Нұрманбетова елімізде үш тілде білім беру жүйесіне көшу барысында 6740 пәндік мұғалімді ағылшын тіліне оқыту үшін рес­публикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралғанын, бірақ мұ­ғалім­дердің 12 пайызы ғана са­бақ­ты толық­тай ағылшын тілінде өткізетін деңгейде білім алғанына назар аударды. Ал осыған қара­мастан, пәндерді ағылшын тілінде тек ішінара өткізетін деңгейдегі 5922 мұға­лімге білік­тілігі жоғары әріптес­терімен бірдей 35394 теңге көлемінде ақы төленіп келген.

– Оқытылған мұғалімдердің көбі тиісті пәндерді толық ағыл­шын тілінде оқыта алмай келеді. Мұны мұғалімдердің өздері де сөкеттік деп есептемейді. Сон­дықтан да, қосымша ақы сертификаты барлардың барлығына төленіп келеді. Ал оқыту сапасы ескеріліп жатқан жоқ, – деді Ж.Нұрманбетова.

Бұл сауалға Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова негізі сабақты ағылшын тілін­де өткізушілерге қосымша ақы төлерде мұғалімдер мен оқушы­лар­дың білім сапасы ескерілуі керек еді, бірақ бастапқыдан білім санаты әр деңгейдегілердің барлығына бірдей ақы төлеу туралы шешім қабылданғандықтан, министрлікте енді ғана ақы төлеу жүйесін қайта қарап жатырмыз, – деп жауап қайтарды.

Осы арада Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

– Оны талқылаудың не қа­жеті бар? Оны сіздер талқылап жат­қанда 1,6 млрд теңге төленіп кетті. Сіздер тілді білгендігі үшін ақы төлеп жатқан жоқсыздар, сіздер «сертификат» деп аталатын А4 форматындағы қағаз үшін төлеп жатырсыздар. Бұл, ашығын айтқанда, стратегиялық жоспардағы есептеріңіздің көрсеткішін жақсарту үшін ғана қажет. Сондықтан білім деңгейі сәйкес келмесе, ақы төленбесін деген бұйрық шығарыңыздар. Бұл мұғалімдердің тіл білуге ынтасын да арттырар еді. Қазір ше, сертификат алғандардың барлығына ақы төлеп, мұғалімдерді кері тартып жатырмыз. Бұл әділдікке жатпайды. Ең бастысы, осындай көзқарастың кесірінен білім сапасы құлдырайды. Осын­дайдың кесірінен халықтың үш тілде білім беруге деген теріс көзқарасы қалыптасады, – деді.

Жалпы отырыс барысында тұр­ғындарды алаңдатқан және бюд­жеттің кіріс-шығысына, мем­лекет қаржысының тиімді жұм­­салуына байланысты көпте­ген мәселелер көтерілді. Ал жиын­ды Мәжіліс Төрағасы қоры­тындылады:

 – Біз жылдағы дәстүр бойынша өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы мәселені жан-жақты талқыладық. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз көп. Со­нымен бірге кем­шіліктер де бай­­қалып отыр. Оның бар­лы­­ғы алдағы жұмыста ерекше назарда болу керек. Себе­бі бюд­жеттің жоғары деңгей­де атқа­ры­луы – елімізді дамыту­дың, хал­қы­мыздың жағдайын жақсар­тудың басты кепілі. Осы жолда, Елба­сымыз айтқандай, қазынадан бөлін­ген әрбір тиын тиімді жұм­салуы керек. Сондықтан Үкімет те, Есеп комитеті де бүгінгі ұсы­ныстарды ескере отырып, бола­шақта айтылған кемшіліктер бо­йынша жұмыс істеуі қажет деп есептейміз, – деді Нұрлан Нығматулин.

Құжат Сенаттың қарауына жолданды.