Ер-азамат егістік басында. Диқандарыңыз бүгінде әмбебап маман болып алған. Жылдар бойғы тәжірибе нәтижесінде дақылдарға қай кезде және қандай күтім жасау қажеттігін жақсы білетін агроном да өзі. Өңдеу-жинау немесе басқа да жұмыстарды атқару үшін ауылшаруашылық техникасын тізгіндей білетін механизаторды да сырттан іздемейді.
Механизатор демекші, диқандар бүгінде бұл мамандық иесін әрбір отбасыдан табуға болатынын айтуда. Мектеп қабырғасында-ақ техниканы меңгеруге қызығатындардың қатары көп, егістікте жүргендердің арасында арнайы дипломы жоқ демесеңіз, кәсіби мамандардан кем түспейтін жастар басым екенін айтушылар да аз емес. Диқандармен әңгіме барысында жуырда Мәжіліс депутатының механизаторлар тапшы екенін айтып, мәселе көтергені есімізге түскен-ді. Осы мәселеге қатысты ауыл тұрғындарының пікірін де сұрап білген едік. «Отыз жылдай тракторшымын. Бұл мамандық иесінің жұмыссыз жүргенін естімеппін. Жұмыс маусымдық та емес. Мысалы, ерте көктемнен басталатын дала жұмыстары бар, оған үйдегі шаруаны қосыңыз. Яғни қысы-жазы жұмыстамын. Жерді өңдеу, егу, күтімге алу, өнім жинау секілді жұмыстардың барлығына техника қажет. Екі жылдан бері өзге шаруашылықтарға жалданған емеспін, өз иелігімдегі жерден несібемді алудамын. Иә, тракторды тізгіндеген алғашқы жылдары басқа шаруалардың жұмысын да атқарып үлгеретінбіз, әрине ақылы. Механизатор тапшы дегенге келісе қоймаймын. Біздің өңір механизаторлармен өзін өзі қамтамасыз етіп келеді десек те болады. Өйткені бұл әкеден балаға беріліп келе жатқан мамандық. Мысалы, бір отбасының иелігінде трактор бар делік. Ол үйдің отағасы қартайғанша тракторшы болмайды, 40-45 жастан асқан соң міндетті түрде рөлді баласына береді. Яғни, бүгінгі механизаторлардың барлығы дерлік жастар. Екінші мәселе – техника. Кемінде 10 гектар жері бар шаруаға бір трактор керек. Әрине, шаруалардың жаңа техника алуға шамасы жетпейді. Ескісін алсаң жиі бұзылып, жамап-жасқауына көп қаржы қажет. Сондықтан жаңа техника алуға жеңілдіктердің көптеп жасалғанын қалар едік. Өз басым осы отыз жылға жуық уақыт ішінде үш жаңа трактор міндім. Ауылдағы жас механизаторлардың барлығы дерлік дипломсыз, яғни бала кезден техникаға әуес болып, есейе келе жақсы меңгеріп алғандар. Жүргізе де алады, жөндеуді де біледі. Оқымасын демеймін, бірақ олар өз қызығушылығымен техника тілін жақсы меңгеріп алған «самородоктар», дейді «Есім ата» шаруа қожалығының механизаторы Сабыр Құралов.
Ал «Атамекен» ауылдық округінің әкімі Ерболат Раев мемлекеттік қызметке келгенге дейін тракторшы болғанын мақтан етеді. «Біздің ауылдық округте 938 шаруа қожалығы бар. Оның 352-сінің 5 гектарға, 374-інің 10 гектарға дейін, 161-інің 10-20 гектар аралығында, 42-ісінің 20-50 гектарға дейін жері бар болса, 7 шаруаның жері 50 гектардан жоғары. Бөліп айтып отырғаным бекер емес. Шаруа қожалықтарының жер алқабы ұлғайған сайын техника қажеттілігі де арта түсетіні мәлім. Ауылдық округ бойынша 225 ауылшаруашылық техникасы бар. Оған 92 тіркеме, 15 мақта терім машинасын қосыңыз. Техника саны көп те емес шығар. Бірақ бәрін өзіміздің тұрғындар жүргізеді, сырттан маман шақырмаймыз. Заманауи техникаларды арнайы курстан өтіп, меңгеріп жатқандар да жетерлік. Тұрақты жұмыс істейтіндер де, маусым кезінде техника рөліне отыратындар да бар. Механизаторлардың басым бөлігі жастар, барлығы дерлік техникаға қызығушылықпен жастайынан меңгеріп алғандар. Мысалы, мен өзім де мемлекеттік қызметке келгенге дейін трактор жүргіздім. Мектепте 7 сыныпта оқып жүргенімде «МТЗ-80» айдағанмын. 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Міне, сол жақта 30 мың гектар жері бар ірі шаруашылықтарда механизатор жетіспейтінін аңғардым. Дегенмен қазіргі кездері де оңтүстік өңірден солтүстікке барып маусымдық жұмыс істеп келетіндер баршылық», дейді «Атамекен» ауылдық округінің әкімі.
Демек, Мәжіліс депутаты айтқан механизатор жетіспеушілігі Түркістан, оның ішінде Жетісай өңірінде байқалмайды. Әйтпесе, депутат білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқушыларға механизатор мамандығын тегін меңгеру мүмкіндігі ұсынылып жатса да, кадр тапшылығы шешілмей тұрғанын мәлімдеп еді. Ауылдағылар шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтерде механизатор мәселесі жергілікті жердегі жастар есебінен шешімін тауып келе жатқанын айтуда. Депутаттың сөзін жоққа шығару мақсатымыз емес, осы мәселені еліміздің оңтүстік өңіріндегі ауылмен тікелей байланыстыра отырып көңілге түйген жайттармен ғана бөлісіп отырмыз. Ал бүгінгі механизаторлардың біліктілігі қандай деңгейде?
Бұл орайда депутаттың: «қазір механизаторлар дұрыс даярланбайды, олардың кәсіби білімдері заман талабына сай емес. Қолданысқа шетелдік заманауи техника еніп жатқанда болашақ механизаторларға 1986-1987 жылдары шыққан ДТ-75, Т-40 тракторлары мен «Енисей» комбайндарын оқыту кімге қажет?» деген сұрағын біз Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің директоры Болат Жанәбілге қойған едік. Өйткені Түркістан облысы, Төлеби ауданы Көксәйек ауылында орналасқан 60 жылдық тарихы бар оқу орны ауыл шаруашылығының түп қазығы саналатын механизатор кадрларын дайындап келеді. «Колледждің өзіне тиесілі 83 гектар ауыл шаруашылығы жер телімі бар. Осы жерде студент жастар заманауи тракторлар мен комбайндарда оқу-практикалық жұмыстарын жүргізеді. Бидай, арпа, жоңышқа, ноқат секілді басқа да дәнді дақылдарды егетін жерлерді дайындайды. Егіп, өсіріп, оны күзде жинау жұмыстарына толықтай студенттер қатыстырылады. Осылайша колледжде оқыған теория мен дала жұмыстарындағы практиканы ұштастыра отырып, білікті маман даярлаудамыз. «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы дуальды оқытудың Жол картасына енуі кездейсоқтық емес. Өйткені жергілікті фермерлер мен ірі агрокәсіпорындар, құрылыс компаниялары жас тракторшыларға зәру. Жастардың арасында күннің ыстығы мен суығына қарамастан егіннің басты факторына жауапты тракторшы мамандығын оқитындары аз екені жасырын емес. Қазіргі таңда колледжде «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинисті» біліктілігі бойынша 146 студент білім алуда. Оның 61-і республикалық бюджет, 85-і облыстық бюджет бойынша оқиды. Өндірістік базамызда МТЗ-80.1, Т-40М, Т-28, Т-16НМ, ДТ-75МВ, доңғалақты және шынжыр табанды тракторларымыз, басқа да ауылшаруашылық машиналар, «Енисей 1200» астық комбайны бар. Түлектеріміз кез келген доңғалақты және шынжыр табанды тракторларымен және астық комбайндарымен жұмыс істейді. Және жеңіл, жүк автокөліктерін жүргізетін куәліктерін алып шығады. Түлектердің жұмыспен қамтылуы – 80 пайыз. Иә, базамызда заманауи техникаларымыз болмағанымен студенттің толық меңгеріп шығуына мүмкіндік жасайтын көрнекі құралдар мен оқулықтар, теориялық та, практикалық тәлім беретін білікті ұстаздар да жеткілікті. Яғни кәсіби талапқа сай білім берілуде», дейді колледж директоры.
Иә, колледж директоры айтқандай, механизатор мамандығын таңдайтын жастар аз. Тіпті ілгеріде «мектепте нашар оқыған бала тракторист болады» деген қате түсінік те орын алған-ды. Бүгінгі нарық, заман талабы бұл түсініктің мүлде қате екенін аңғартып үлгерген. Жастардың техникаға қызығушылығы артуда, сұранысқа ие механизаторыңыз табысты мамандыққа айналған. Жетіспей жатқаны механизатор емес, заманауи жаңа техникалар секілді. Жетісай ауданында механизатор мәртебелі мамандық екеніне көз жеткіздік.
Түркістан облысы