Тарих • 11 Маусым, 2019

Түркістан тарихы ежелгі заманнан басталады

4843 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні көне замандардан бері Орталық Азия өркениетінің алтын бесігі болған қасиетті Түркістан қаласы құрылыс алаңына ұқсайды. Қала за­манауи қайта жаңғырып жатқанда оның ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ артық болмас. Себебі Түркістан тарихына қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ «Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған қала» деген ақпаратты оқимыз. Расында да солай ма?

Түркістан тарихы ежелгі  заманнан басталады

Түркістан аймағында қызмет атқар­ған археологтар бұл өңірдің тарихы те­рең­де жатқанын дәлелдеген. Басқасын айт­пағанда қазақ жеріндегі ерте тас дәуі­рінің тұрақтары Қаратаудың екі жа­ғын­­да да аз емес екендігін дәлелдеген Х.Алпыс­баевты атасақ та болады. Түр­­кістан қаласының айналасындағы Шоқ­­­тас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерт­­­кіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Біздің өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық му­­зейімен бірге Таңбалы жар маңында жүр­­гізген зерттеулеріміз неолит, яғни жаңа тас дәуірінің үлкен тұрағын анық­тады. Кезінде Ә.Х.Марғұлан да Бетпақ­да­ланың екі жағында да заманымыздан бұрынғы ескерткіштер, соның ішінде нео­лит пен қола дәуірі мол екенін жаз­ған болатын. Дегенмен Түркістан қала­сы­ның тарихын біз сол неолитпен немесе қола дәуірінің тарихымен байланыс­ты­­ра аламыз ба? Біздің ойымызша бай­­­ланыс­тыруға болады және ол үшін бі­р­­та­лай дерек бар.

Адамзаттың ежелгі дәуірінің тари­хы­нда жұмбақ көп. Атақты неміс мә­дениет­­танушысы К.Ясперс осыған орай: «Адамның қалыптасу тарихы ең терең құпия, біз оны әлі күнге дейін түсінбей келеміз» деп өте тауып айтқан болатын. Қазақстан же­рі­не ең ежелгі аталарымыздың қай жақ­тан келгені анықталған жоқ, мүмкін Оңтүстік-Шығыс Азиядан, мүмкін, Кіші Азия­дан келген болар деген жорамал бар. Соны­мен қатар адамзат баласының қалып­тасу процесіне Орталық Азия өзінше үлес қосты дейтін де ғылыми тұжы­рым­дар бар. Оның бір көңілге қонатыны – Homo sapiens күрделі табиғи ортада, оңтүс­тік пен солтүстік арасындағы континенталды ауа райында қалыптасуы мүмкін. Бұл қисынды жорамал, ауа райы мен табиғат сол жерді мекендеген адам­дарды тәрбиелейтіні, ақыл-ойын дамы­ту­ға мәжбүрлейтіндігі белгілі.

Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның тер­риториясында аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған кішігірім жауынгер тайпалар тығыз қоныстанды. Оның бір белгісі біздің заманымыздан бұрынғы 12-10 мыңжылдықтарда орын алған «Топан су» әңгімесінің Түркістан өңірінде сақталуы дейміз. Жер шарын мекендеген мыңдаған этностың ішінде тек төртеуі ғана өз жұртынан Нұқ пай­ғамбардың кемесі тоқтаған тау­ды көрсете алады: арабтар – Жуды тауын, яхудилер (еврей) – Сион тауын, армяндар – Арарат тауын, ал қазақтар – Қазығұрт тауын. Тас дәуірінің соңына қарай халық санының өсуі қазақ жерінен басталған бірнеше қоныс аударуға жол ашты. Олардың ішінде шығыс деректері шумер тайпаларының Оңтүстік Азияға бағытталған миграция­сын жиі атайды. Шығыстың егіншілік оази­с­­теріне алғашқы болып өте ерте замандарда келген шумерлер Ежел­гі Қосөзен т.б. өркениетін құрды (Шу­мер, Мысыр, Мохенджо-Даро); олар Қытай өркениетінің пайда болуына да әсер етті деген мағлұматтар бар. Миг­ра­цияның екінші толқыны б.з.б. ІV-ІІІ мыңжылдықтар соңында үнді-еуро­па­лық қауымдардың ыдырауымен байланысты. Үнді-еуропалық тайпалар Еуразия кіндік даласынан Еуропаға (грек­тер, фракиялықтар, кельттер және т.б), Кіші Азияға (хеттер және т.б.) бет алады. Бұл қозғалыстар Еуразия құрлы­ғының тарихында бұрын-соңды болма­ған құбылыстарды туғызды.

Түркістан өңіріндегі қалалық мәде­ниет­тің көне тарихы да осы кезеңмен байла­нысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасыр­дың ортасына қарай Ресейдің қазақ саха­расындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жа­ғы­нан барлығынан да алда екенін айт­қа­нымыз жөн; себебі Түркістан қа­ла­сы татарлардың тарихи шығар­ма­ла­рында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тара­ған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің неме­ре­лері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қала­лар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түр­кістан билігіне қарап тұрған. Осы ай­мақ­ты олар ескі заманда Яссы деген атау­мен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың бар­лығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».

Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан архео­логиялық қазбалар біздің жыл сана­уымызға дейінгі бірталай уақыт мөл­шерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оң­түс­­­тікке қарай 350 метр жерде. Биік­ті­гі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары қатар жүргізілуде. Біздің ойы­мыз­ша Күлтөбе қорғанының төменгі қабат­тары қазіргі жыл санауымызға де­йін­гі екінші, тіпті үшінші мыңдық жыл­дыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының ірге­­­­­­­­сі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұл­тан күмбезіне таяу орналасқан қа­сиет­ті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшы­ла­ры­ның бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Түркістан қаласының солтүстік-баты­сына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөк­терінде Қарнақ аталатын көне қа­ла­­­шық тарихы да бізді көне заман­ға же­телейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқ­ты археологтар қазба жұмыстарын жүр­гізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.

Түркістан аймағында «нақ» жалға­уы­мен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сы­ғанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жү­й­нек) қалашықтары кездеседі. Түр­­кістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шап­­қанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шы­ғысқа қарай» деген сөзді кездес­тіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағы­насын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қара­тауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» бол­са керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заман­нан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атау­дың этимологиясын іздеу бары­сын­­да Францияның батыс аймағы Бре­тань­да орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қар­нақ ғибадатханасының тарихы өзі­міз­дің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланыс­ты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңі­рі­нен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.

Түркістанның шығыстағы қақпасы болып саналатын Сайрам тек қана Орта­лық Азия емес, жалпы Еуразия құр­лы­ғындағы ең көне қалалардың бірі. Әлем халықтарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген атақты Рашид ад-дин «Жами-ат тауарихта» Сайрам тари­хын қазақ «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышылық өркениеті басталған энеолит дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан деп атады және қазір де солай атап келеді, осы Абулджа-ханның Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жа­қын екендігіне келгенде олардың бар­­лығының да жауаптары бір. Бүкіл моғолдар, түрік тайпалары және бар­лық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.

Абулджа-хан көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және Қазтағ, сол шамада Инандж атты қала болған. Абулджа ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук Какьян және Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалар орналасқан.

Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шеті­нен екінші шетіне жету үшін бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді....» .

Содан бері Сайрам аты да сан ал­уан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бір­де Мадинат ал-Байзо, бірде Ақ ша­һар, бірде Орынкент деп атады. Сай­рам­ның қасиетті орындары, осы жерде туып-өскен ғұламалар туралы аз жа­зылған жоқ, солардың ішінде Ми­рахмад Мирхолдарұлы жазған «Сай­рам тарихи» кітабы да бар. Ол ескі деректерге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пайғамбар сәжде қылған, Қызыр пайғамбардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пай­ғам­бар­лар жүрген, Ануширван Әділ билік жүр­гіз­ген дейді.

Қола дәуірінің тарихы баяндалған «Авестаның» қасиетті гимндерінде де Түркістан өңіріндегі қалалық мекендер мен Қаратаудың теріскей жа­ғын­дағы шұрайлы жайылымдар тура­лы айтылған. Көптеген ғасырлар бойы Қа­ратау беткейлерінде абыздар ар­иан, тұ­ран, қиян тайпаларының тұрақ­та­рында Зәрдүш ілімінің қасиетті мәтін­де­рін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Біз Зәрдүш атауынан ежелгі Күнге табынушылықты, Күнді қасиеттеуге байланысты пайда бол­ған «Жар» (Жарықтық, Жаратушы) ұғымын көреміз. Солтүстік Қаратеңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта «Арианам Вайджа», яғни арийлер кеңістігі, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суа­рылып жатқан Арианам-Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің бірде дұшпан, бірде дос болатын турлар мен қияндар да мекендеген. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға – құдайлар пан­теонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыс­та­рының қым-қиғаш тарихы өрледі. Зороастризмнің (Зәрдуш) негізін салушы Заратуштраның өмір сүрген жылдары М.Бойстың айтуы бойынша: «б.з.б. 1500-1200 жылдар аралығында өмір сүрген. Осы кезеңде Ұлы дала мәдениеті гүлдену үстінде болған, оны «дала ренессансы» деп атауға болады».

Бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этно­тарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды, дегенмен ұлан-ғайыр дала кеңістігінде болған мем­лекеттерге, маңызды оқиғаларға, үлкен тұлғаларға барлау жасауға мүм­кіндік береді. Бұл бетбұрыс дала метал­лур­гия­сының дамуына байланысты болды. Түсті металл өндірудің көптеген орталықтары дала аймақтары шекарасынан шығып Шығыс Қазақстан мен Алтай тауларын, Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Қазақстан, оңтүстігінде Бетпақдаланы да қамтиды. Қоғамда кен өндірісімен, құрылыспен айналысатын, қыш заттарын дайындайтын қауымдар қалыптаса бастайды. Ірі өнеркәсіптік мамандану және мал санының өсуі мәдени дамудың негізін салады. «Авеста» кіта­бын­да Сайрам аты аталады. Қаңлы елі­нің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей Сайрамда «Қаңқа» аталған «жой» болды дейді жергілікті өлкетанушылар.

Сонымен қазіргі күні Түркістан ша­ғын қала болғанымен ертеде үлкен қала­лық аймақтын орталығы болғаны сөзсіз. М.Ж.Көпейұлы шежіресінде Түр­кістанды «Қырық қақпалы Қара­шық» деп атайды, қазіргі уақытта Қара­шық Түркістаннан Қаратауға қарай орна­­ласқан орташа қалашықтардың бірі. М.Ж. Көпейұлы «Түркістан һәм қадим­нен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Ала­тауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысында «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын. Біздің ойы­мызша әуел баста Қаратаудың күн­гейінде орналасқан орталығы Түр­кіс­тан болған бүкіл қалалық аймақ Қара­шық аталған. Бұл мегаполисті айна­ла қырық қақпалы қорған болуы әбден мүмкін деген ойдамыз, әйтпесе қырық қақпа ортағасырлардың ең үлкен қа­ла­лары атанған Бағдат пен Бұхарада да бол­маған.

Түркістан өңірінің одан бергі тари­хы белгілі десек те болады, тек көне түрік заманын Қарахан өркениеті сияқ­ты ғаламат құбылыспен байланыстыра қараған жөн. Себебі Қарахан мем­­лекетінің саяси дәстүрлері де көне замандардан өз бастауын алады, олар­дың билеуші әулеттерінің тіпті Афрасияб патша тұқымымыз деген тарихи сенімі де көне замандарға, арий-тур замандарына нұсқайды. Ежелгі түрік әдебиетінде Алып Ер Тоңға атымен белгілі Афрасияб атауының түпкі мағынасы біздің ойымызша Қарахан. Себебі Афрасияб Қарахан атауының иранша аудармасы, атақты шығыс ша­йыры Фердоуси жырлайтын Иран-Тұран соғыстары заманындағы түрік елінің әфсаналық басшысы Афрасияб біздің аңыздарымыздағы Қараханға дөп келеді. Ал егер Қарахан қай заманда өмір сүруі мүмкін деген сұрақ болса, онда Әбілғазы шежіресіндегі «Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді» деген мәліметіне сүйену керек. Әбілғазы хан Ұлытау мен Кішітаудың мыс кенін өндіретін үлкен орталық болғанын ескертеді. Қараханның атақты Оғыз ханның әкесі екенін және олардың өмір сүрген заманы біздің пайғамбарымызға дейінгі үш мың төрт жүзінші жылдар екенін де ұлы шежіреші жазып қалдырған.

Сонымен қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер біз Бетпақдаланың ортасынан неолиттің қалың тұрағын кездестіріп жатсақ, ондай тұрақтың Түркістанның орнында болғаны сөзсіз. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрия­ны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз. Міне, Түркістан қаласы қашан пайда болды дегенде ең алдымен еске түсетін мәселе осы.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

профессор