Сайлау • 11 Маусым, 2019

Қалыпты әрі еркін таңдау жасалды

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қалыпты әрі еркін таңдау жасалды
Георгий ЦЕРЕТЕЛИ,

ЕҚЫҰ қысқа мерзімді байқаушыларының басшысы және арнайы үйлестірушісі:

– Сайлаудағы заң бұзушылықтардың көлемі мен деңгейі маңызды. Кейде бізге белгілі бір деңгейдегі заңсыздықтар туралы мәлімет келіп түсуі мүмкін, алайда олардың саны болмашы ғана. Қалай дегенде де дұрыстап тексеру керек. Біздің мақсатымыз – болған жағдайды сол күйі беру, мәселенің маңызы мен тереңдігіне қарау. Егер заңсыздықтар болған болса, кінәлілерді жазалау керек. Кейін де ондай жағдайдың болуының алдын алу қажет. 

Халықтың жаңа Президентке талабы күшті. Халық одан әлеуметтік реформа мен демократиялық институттар мен азаматтық қоғамның дамытылуын күтіп отыр. Оны халықаралық қоғамдастық та қолдар еді. Үкімет саяси күштермен диалогқа келуі керек. Азаматтық қоғам қазір белсенді, бұл – жақсылықтың белгісі. Қазақстан – өңірдегі ең ірі елдердің бірі. Болашағынан да мол үміт күттіреді. Жаңа Президент ЕҚЫҰ-мен тығыз жұмыс істейді деп үміттенеміз. 

Сайлау қазақстандық қоғам үшін өте маңызды екенін көрсетті. Оның бір себебі, Тұңғыш Президенттің қатыспауынан да болса керек. Сайлау жалпы заң аясында өтті. Бірақ бәсекелестік те шектеулі болды, өйткені талап күшті болды. Сайлау процесінің өзі қалыпты және еркін өтті деу­ге болады. Байқаушыларымыз кейбір заң бұзушылықтарға жол берілгенін хабарлады. Сайлаудың өзіне келер болсақ, ЕҚЫҰ-ның тәуелсіз мемлекеттің сайлауын заңды немесе заңсыз деп тануына құзыреті жоқ. 


Маргарета Кинер НЕЛЛЕН,

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы:

– Сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан кезінде бізді диалогқа шақырды. Сол себепті де есігіміз әрқашан ашық.  

ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстандағы 10 мың­дай сайлау учаскесінің шамамен 1 мың шақ­тысын аралап шықты. 130 учаскенің ашы­луында болдық. 1350 учаскеде жалпы дауыс беру барысын байқадық. Біз статис­ти­калық талдауға ерекше мән береміз. Өйт­кені Қазақстанда ауыл мен қалалық жерлерде айтарлықтай айырмашылық бар. Біз территориялық комиссиялардың шама­мен жартысында болдық. Ал бармаған жер­лер­дің статистикасын тексеруден өткіздік.

Уршула ГАЦЕК,

Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросының сайлауды байқау миссиясының басшысы:

– Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы миссиясы бір апта елде болады. Өйткені біз арыз-шағымдар бола қалған жағдайда олардың қалай қарала­тынын байқауымыз керек. Алайда бюро Қазақ­станның не істеуі керек екенін бұйыра алмайды. Басты мақсатымыз – байқау мен ұсыныстар дайындау.  
Сайлау негізінен дұрыс ұйымдастырылды. Алайда адамдардың қолын анықтауда біз кей­бір сәйкессіздіктерді көрдік. Байқау­шы­лар­дың кейбірінің дауысты санау процесіне көңіл­дері толмағанын да жасырмаймын. Әрине, мұндай үлкен саяси науқанның кемші­лік­сіз болмайтынын, баршаның көңілінен шығу қиынның қиыны екенін де жақсы түсінеміз.

Дайындаған Бауыржан МҰҚАН, 

«Egemen Qazaqstan»