Сайлау • 11 Маусым, 2019

Кедергісіз және ашық өтті

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Түркі тілдес елдер Парламенттік Ас­самб­леясы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Кедергісіз және ашық өтті
Жиында Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы өкілдері 9 маусымда өткен Пре­зидент сайлауына қатысты ойларын ортаға салды.

«ТүркПА құрамындағы Әзер­байжан, Түркия, Қырғыз­стан елдерінің депутаттары және дип­ломатиялық хатшылық сайлау­ға байқаушы ретінде қатысты. Деле­гацияның негізгі құрамы 6 маусым күні келді. Біз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Түркістан сынды ірі қала­лар­дағы сайлау барысын бақы­ла­дық», деді ТүркПА бас хат­шы­­сы­ның орынбасары Әли Жұлдыз.

Бұдан әрі сөз алған Түркия ұлы ұлттық жиналысының депутаты Исмет Учма Президент сайлауы ешқандай кедергісіз ашық өткенін айтты.

«Біздің делегация сайлау күні бірқатар учаскелердің жұмысын бақылады. Сайлау ешқандай қиындықсыз өтті. Орталық сайлау комиссиясы­ның мәліметінше, сайлаушылар саны 77,4 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы демократия жағдайының жо­ғары деңгейде екенін көрсетеді. Жер­гілікті халық Конституция­ға сәйкес, өз дауыстарын қала­ған кандидаттарына берді. Қарт кісілердің және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйден дауыс беруіне жағдай жасалды. Сондай-ақ шетелде жүрген қазақстандықтар да сайлауға белсенді түрде қатыса алды. Сайлау барысында халықара­лық бақылаушылар жұмысына ешқандай кедергілер болмады», деді Исмет Учма.

Сондай-ақ ол «Ақ жол» пар­­тиясынан президенттіктен үміткер болып сайлауға қатыс­қан Дания Еспаева жайында айтып өтті.

«ТүркПА делегациясы сай­лауға  дейін әр кандидаттың штаб жұмыстарын  да бақыла­ды. Өздеріңіз білетіндей, 7 кандидат қатысты. Үміткерлер арасында жалғыз әйел адам болды. Дания Еспаеваның пре­зиденттіктен үміткер болып сайлауға түсуі Қазақстанда ген­дерлік теңдіктің бар екенін көр­сетеді», деді ол.