Қоғам • 11 Маусым, 2019

Кененің кеселінен абайлаңыз!

686 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті кеселдің бірі. Әсіресе күн жылынып, жаз шыға бастағанда бұл дерттің асқына түсетін әдеті. Кәдімгі кене шағудан басталатын қыз­ба­ның соңы адам өліміне дейін апарып, қайғылы жағдайға ұшыратады.

Кененің кеселінен абайлаңыз!

Бұл мәселе соңғы жылдары Жамбыл облысының тұр­ғындары үшін де өзекті мәселеге айн­алып отыр. Жыл сайын мамандар бұл кеселдің алдын алу мақ­сатында түрлі жүйелі шаралар ұйымдастырып келе жат­қанымен, түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Ағымдағы жылдың өзінде өңірде бір науқас тіркеліп, өкінішке қарай кеселінен айыға алмаған күйі көз жұмған еді. 

Мезгілсіз қайтыс болған 10 жасар қыз баланың Өзбек- с­тан Республикасының азаматы екені, өзі сол жақтан нау­қас­танып келгені белгілі болды. Осы жағдайдан кейін мар­құмның отбасы Өзбекстанға кері қайтарылған. Олар Өзбек-с­таннан Жамбыл облысына келген соң, Байзақ ауданы, Ақ­шо­лақ ауылының маңындағы қарау­сыз қалған үйді паналап, тілен­шілікпен айналысқан екен. Тиісті мамандар дер кезінде атал­ған аумақтың бәрін тексеріп, залалсыздандырған. Ақшолақ ауылының маңынан қызбаның ошағы анықталмаған. Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының салдарынан биыл ғана емес, жыл сайын адам өлімі тіркелуде. Екі жыл бұрын Бай­зақ ауданында кене шағып қайтыс болған жас келіншектің өлімі де көпшіліктің көңілін күпті еткен болатын. Былтыр да өкінішті жағдайдың орын алғанын жұртшылық жақсы біледі. Алайда, кенеден келетін кеселдің алдын алып, тиісті шаралар жүргізуде мамандар жұмыс атқарып келеді. Жам­был облысы бойынша қо­ғамдық денсаулық сақтау департаменті карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпи­демиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айдын Қал­матаевтың айтуынша, Кон­го-Қырым геморрагиялық қыз­басының ошағы Сарысу, Мойынқұм, Талас, Жамбыл жә­не Байзақ аудандары мен Тараз қаласының аумағында бол­са, тікелей ошақ аумағында 48 елді мекен орналасқан екен. «Ағымдағы жылдың 4 ақпа­нында Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасының табиғи ошағында тұрғындарды қорғау үшін, бірінші кезекті іс-шара­ларды атқару мақсатында Жам­был облысы әкімдігінің №17 қау­лысы қабылданды. Аталған қаулыға сай, көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын атқару іс-шаралар жоспары және жұмыс кестесі бекітіліп, жүзеге асуда», дейді ол. 

Ауру тасымалдаушы ке­ненің адамды жылы мезгілде шағатыны белгілі. Сол себепті де мамандар әрбір адам күрделі кеселге тап болмас үшін мұқият қорғануы керек екенін айтуда. Алайда, жаз мезгілінің ал­ғашқы аптасының өзінде-ақ кене шағудың «жыры» басталды. Облыс бойынша биыл мау­сым айында кене шаққан 830 адам тіркелген. Оның ішінде табиғи ошақтардың аумағынан 121 адам бар. Жамбыл облысы бойынша кенеден зардап шеккендердің барлығы 14 күндік медициналық бақылауда болуы қажет. «Себебі бұл – індеттің инку­бациялық кезеңі, яғни адам ағзасына аурудың қоздырғышы енген сәттен алғашқы белгілері білінетін уақыт аралығы. Атал­ған мерзім ішінде аурудың клиникасы байқалмаса, кенеден зардап шеккен тұлға бақылаудан шығарылады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамға кене шаққаннан, жанасқаннан, әсіресе кене басқан төрт түлік­ті күтіп-баққанда жұғады. Ағым­дағы жылдың наурыз-сә­уір айларында Ұлттық сараптама орталығы мен қоғамдық ден­саулық сақтау мекемесінің және обаға қарсы күрес стан­сасының қызметкерлері Кон­го-Қырым геморрагиялық қызба­сының эпидемиологиялық жағ­дайын болжау, малдағы және таби­ғаттағы кенелердің санын, оның індеттену пайызын анық­тау мақсатында 43 мыңнан ас­там кене жиналып, талданды. Нәтижесінде 116 сынамадан қызбаның қоздырғышы анық­талды», дейді бөлім басшысы А.Қалматаев.

Кене шағу оқиғасы көбіне елді мекендерде болады. Әсіресе зиянды жәндік қоражайларда, мал үстінде кездеседі. Оның бәрін түгел залалсыздандыру мүмкін емес, әрине. Сонда да болса қызбаның шоғырланған және шоғырланған болуы мүм­­кін аумақтарда қадағалау жұмыс­тарының жүргізілгені дұрыс. Бұл ретте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған елді мекендерде кенеге қарсы дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуде. Ұлттық сараптама орталығы мен ветеринарлық қызмет мамандары бірлесе көктемгі бірінші кезеңдік кешенді залалсыздандыру жұмыстарын сәуір және мамыр аралығында жоспарға сай 48 елді мекенде жүргізген. Енді кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші күзгі кезеңі биыл 22 тамызда бас­талады. Облыстың тиісті ме­дициналық мекемелерінде, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқас­тарға дәрі-дәрмек, таңу, вирусқа қарсы препараттарының және қан алмастырғыштардың қажет­ті резервтік қоры жиналған. Науқас­тарды дер кезінде оқшау­лауға, емдеуге және кене шағып зардап шеккен тұлғаларды 14 күндік бақылауға алуға 87 про­визорлық бөлімдер ашыл­ған. Сонымен қатар эпиде­миологиялық маусымда кенеден келер кеселді дер кезінде анықтау мақсатында Ұлттық сараптама орталығының «КамАЗ» автокөлігіндегі арнайы жылжымалы диагнос­тикалық зертханасы Сарысу ауданының Саудакент ауылында және Мойынқұм ауда­нының Мойынқұм ауылында обаға қарсы бөлімінде жұ­мыс атқаруда. «Облыс аума­­ғында Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұ­рақты. Қауіпті індеттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда», дейді А.Қал­ма­таев.

Былай қарағанда, елеусіз жән­дік сияқты болып көрі­нетін кенеден келетін кесел көп. Тіпті кене шағудың кей­бір жағдайының өліммен аяқ­талатынын да білеміз. Сон­дықтан да, «Сақтансаң – сақтай­ды» демекші, мейлінше сақ бол­ғанның жөні басқа. Бұдан кейін кененің кеселге ұшы­рата­тынын, тіпті өлімге апаратынын ұмытуға болмайды...


Жамбыл облысы