Аймақтар • 11 Маусым, 2019

«Ашық әкімдік» форматы

1288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімдігі халыққа қо­лай­лы мемлекеттік қыз­мет түрлерін ұсыну мақсатында «Ашық әкім­дік» форматында жұ­мыс істеуді қолға алды.

«Ашық әкімдік» форматы

Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жергілікті атқа­рушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асып отыр.

Әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орта­лығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет ете бастады. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелер бойынша кеңес беріп, қызмет көрсететін болады. Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.

Сонымен қатар мұнда қала әкімі мен орынбасарлары тұр­ғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс істеу үшін open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек, оның орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.

Н.Назарбаев даңғылы, 10-үй мекенжайында орналасқан аталған орталық мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттырады.

ШЫМКЕНТ