Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Сен бізді қуантып жүрсің

648 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың белгілі қа­лам­гері Көсемәлі Сәттібай­ұлы екеумізді шығар­ма­шылық жолда басымызды түйістірген жер – «Жас Алаш». Алаштың осы ардақты басылымында «Егеменге» барып есейіп, ес жиғанға дейінгі күркіреген күндеріміз өтіпті. Қай кезде де өзінің жастыққа тән мінезінен бір сәтке ажырамаған басылымда жүріп біз шың­далдық, талай от пен суға бірге түстік.

Сен бізді қуантып жүрсің

Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсы. «Қолымда найза, шағылып айға» деп Қасым ақын айтқандай, қала­мымыздың қауырсыны ұшып, өткір найзаға айналған кезі. Ел өмірі­нің өзекті мәселелері басы­лым бе­тінде өткір көтеріліп жатты. Бе­тің бар, жүзің бар демей, әкім-қараларды атынан аударып тас­таймыз. Жұрттың назары «Жас Алашта». Қысқасы, Шер­ағаң­ша айтқанда, «мылтықсыз майдан­ның» бір сұрапыл түрі бас­талды. Өмірінде газет оқудан бір күн қолы босамаған әкем мар­құмның «осы «Жас Алашта» жанынан безгендер жұмыс істейді-ау деймін» дейтіні де осы тұс. Ай­мақтардағы тілшілер де шетінен «сен тұр, мен атайын» болып шық­ты. Шымкенттен Қуандық Ораз­бекұлы, Қызылордадан Миуа Байназар, Қарағандыдан Айтбай Сәулебекұлы, Көкшетаудан Өмір­зақ Мұқай, Атыраудан Құттыгерей Смадияр, Ақтөбеден Баян Сәр­сен­бина, Оралдан Қазыбек Құтты­мұратұлы, қайсыбірін айтайын, әр нөмір сайын бір «бомба» дайын­дап тұрады. Міне, сол ортада оза шапқанның бірі жамбылдық Кө­семәлі Сәттібайұлы еді. Бұған дейін аудандық, облыстық басы­лым­дардың мектебінен өткен оның қалыптасып, журналистиканың жалынан мықтап ұстап атқа мінген, елге кеңінен танылған кезі де осы «Жас Алаштан» басталды десем, қателесе қоймаспын. Өзім де осы өңірдің тумасы бол­­ғаннан кейін көп жағдайға сырттай қанықпын. Күн-түн та­қырып іздеп тыным көрмейтін, ұрыншақтау, максималист кезіміз ғой. Бір күні мен де ел жаққа, Са­ры­суға сапаршыладым. Бұрын-соңды облыс басшылары аттап ба­сып, ат ізін сала бермейтін Бет­бақтағы елдің жағдайы туралы «Ата жұртшыл абориген» атты жанайқай жаздым. Ол жарияланымды іле-шала облыстық телевидение, радио, газеттер жоққа шығарып, шулап кетті. Уақыттың қиын кезі ғой. Сол тұста облысқа ұлтжанды, мемлекетшіл азамат Серік Әбікенұлы Үмбетов әкім болып келіп жатқан. Ол кісі мәселеге түсіністікпен қарап, аудан­ға барып елмен кездесіп, көп жайға көз жеткізіп, едел-жедел тапсыр­малар беріп, басқаша байла­ныс орнауына зор ықпал етті. Айтайын дегенім, облыстағы «көзіміз бен құлағымыз» Көсемәлі Сәттібайұлының осынау қиын шақта азаматтық танытып, өз ұстанымынан айнымай тізе қосып жұмыс істегеніміз еді. Оның үстіне бір-бірінен еншісі бөлінбеген, көршілес, Көсемәлі туған топырақ Таластың да тағдыр-талайы Са­ры­сумен төркіндес еді. Бізді та­быстырған осы бір ортақ түсінік жылдар бойына жалғасын тапты. Бізді мал табу емес, үлкен тірліктер жолындағы кішілік, кісілік, парасат-пайым табыстырды. Біз үшін бәрінен де «Жас Алаштың» абыройы, аты биік еді. Соның атына кір келтірмес үшін талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтуге тура келді.

Сол күндердің бір әңгімесі есіме түсіп отыр.

Иманғали Тасмағамбетовтің Премьер-Министрдің орынбасары кезі. Тараздың 2000 жылдық мерейтойын өткізу дайындығы қызу жүріп жатты. Имекең бастаған тойды ұйымдастыру комиссиясының мүшелері шаһардың ұлық мерекеге дайындығын өз көзімен көруге келеді. Көп ұзамай осы сапар жөнінде жамбылдық тілшіміз Көсемәлі Сәттібайұлының ма­қа­ласы жарияланады. Әрине ма­қалада әдеттегідей қыңыр сөздер де қатар жүреді, былайша айтқанда тұздығы аралас. Дей тұрғанмен де бұрынғы мақалаларға қарағанда бұл аса назар аударатын да дүние емес, «той өткізудің асқан шебері, хас шебері» деген тәрізді тіркестер бары есімде. Онда тұрған не бар деп қолды қонжитып қойып, нөмірге жібергенбіз. Бірақ оның соңы әжептәуір әңгімеге ұласатынын ол кезде аңғара қоймағанымыз рас еді. Жоғарыдан бір дөкей телефон шалып, «бастығыңызды таба алмай отырмын» деді. Шіркін, жастықтың желігі ғой, «жүрген шығар» дей салдым. Сөйтсем әлгі телефон шалған кісі кәдімгідей дөкей екен. Қызметтік этика деген мәселені есіме салды. Кәдімгідей зілі бар ескерту жасады. Бәріне көзім жеткен соң тапсырмасын тү­регеп тұрып тыңдадым. Ай­налып келгенде осы хабар үшін Имекеңнен кешірім сұрау керек екен. Имекеңнің тікелей теле­фонының нөмірін беріп, менің бірнеше рет қайталап айтуымды сұрады. Айтқанын істеп отырмын. «Енді мәселе былай: жағдайдың бәрін түсіндіріп айтып, маған жауа­бын беріңіз. Ана тілшіге ең қатаң шара қолданыңыздар. Жұмыстан шығаруға да болады» деді. Он ойланып, тоқсан толғанып, өзімше мұның да сырын түсінгендей болдым. Себебі ол тұста басылым­да саяси сараптама жасауда әжептәуір ысылып қалған кезіміз. Бұл мәселеде Көсемәлі де ұтқыр бола­тын, идея айтқыш еді.

Қош, сонымен Имекеңмен сөйлесуім керек. Телефон да со­ғылды. Тұтқаны өзі көтерді. Хал-жай сұрастық. Сыртымнан өте жақсы білетінін айтып, тіпті бірді-екілі мақаламды айтып та жіберді. Газетті үзбей оқитынын айтып, кейбір мәселелерге назар аудару керектігін еске салып, қадау-қадау проблемаларды атап көрсетті. Ал менің күткенім басқа. Есіл-дертім әлгі тапсырманы орындау. Содан амал жоқ, сөз арасында негізгі ойымнан хабар бергендей болдым.

– Оқыдым. Ондай-ондай болмаса, ол газет бола ма, ол «Жас Алаш» бола ма? Одан да мен саған бір тапсырма берейін, –  деп ша­руаға көшті.

Сондағы шаруасы мынау еді. Астанадағы «Турист» қонақ үйінің алдында Абайға қойылған ес­керткіш бар. Ескерткіштің қо­нақ үйдің алдында тұрғаны ерсі екен, яғни өз орнында тұрған жоқ. Екін­шіден, ұлы ақын бір бұрышта қойнына тас тығып алған бұзақы секілді тұр. Мен жігіттерге тапсырма беремін. Ес­керткішті әр қырынан суретке түсіріп, саған жібереді. Осыған бір қатырып тұрып текст жазшы. Ал ана мәселеге басыңды қатырма, – деді. Көп кешіктірмей «Жас Алаштың» бірінші бетіне «Бұл Абай – қай Абай?» деген мақалам суреттерімен жарияланды. Әрине, мен бұл мақаланың Име­кеңнің тапсырмасы екенін еш­кімге айтқан жоқпын. Сөйтіп, Сәт­тібайдың баласы Көсемәлі үшін сұраған кешірімнің соңы осы­лай сәтті аяқталып еді.

Ол ауыл-аймақпен, бір өңірмен шектеліп қоймай, өрісі кеңейе бас­тады. Тақырып ауқымы да өзгерді. Елге танымал тұлғалардың тағдыры, жалпы елдік, ұлттық мәселелер төңірегінде тереңнен толғаған туындыларды бірінен соң бірін тоғытты. Жұрт біледі, осы Тараздағы Көк базардың жанында мешіт бар еді. Алланың қасиетті үйінің аяқ астында тұрғанын айтып «Мешіттен де биік үйлер бар» деп жұрт назарын аударды. Кейіннен қандай мешіт салынғанын жұрттың көзі көріп, айран-асыр қуанды. Көсемәліде мұндай дүниелер жетіп-артылады. Оның санына жетпейсің. Егер тақырыбының өзін еске салсақ, көзі қарақты оқырман бірден сезе қояры сөзсіз. Мәселен, былай:

«Арақ-шарапсыз дастарқаннан Алланың нұры сезіледі», «Жердің жемелегі жанып жатыр», «Әулекі әкімдер – әулеттің соры», «Той мақ­саты той «генералдарын» тойдыру емес», «Қазақтың «богомаздары» көбейіп тұр», «Жардың басындағы жантақты жанынан безген түйе жейді», «Парламенттегі лақ көкпар», «Адамсондардың дерегі Атыраудан шықты», «Гу­бер­натордың соңы губер­ния болып жүрмесін», «Қазақ­стан «құрақ көрпешеге ұқсап тұр­масын», «Ша­ңыраққа қара», «Кил­лер шал­­дар келе жатыр», деп кете берер еді. Мұның сыртында кей-кей­де келіп-кетіп жүретін ша­ғын ой-тол­ғаныстарының жөні бөлек. «Жа­сасын құзғындар», «Құз­ғын­дар қазы болса...», «Сұң­қардың сыйы», «Жапалақ», «Тырақы», «Құз­ғындардың көзқарасы», «Тек­тілік», «Көкектің балапаны», «Кө­леңке», «Күшік пен шенеунік» атты тәм­сілдеріндегі өткірлік, өмір шын­ды­ғынан әркім өзін танып алары сөзсіз. Соның ішінде мына бір-екеуін оқып көрелік:

«Ол... қарақойын адам, – деді маған, бәленше туралы. – Әуелде дос адамдай мойныңнан құ­шақтап жүреді. Сосын... буындырып өлтіреді.

Рас болса, сұмдық екен». («Қара­қойын адам»).

«Ақылбайдың атында мін жоқ. Кінә қожайынында. Оң қолымен ұрса, сол қолымен тізгінді тартады. Сосын ат байғұс амал жоқ бір орнында айналшықтай береді, айналшықтай береді. Жануар кейде көзі алайып көткеншектеп кетеді».

Ақылбайдың аты мен қазақ тілінің тағдырында өте ұқсастық бар. («Ақылбайдың аты»).

Әдетте өзегіңді өртеген ойларды, шырылдаған шындықты жеткізудің де осындай форма, тәсілдері болады. Егер тақырыбы табылса, оймақтай ойдың өзін шын шебер шедеврге айналдыратынын осыдан-ақ байқауға болады. Бұл суреткердің ғана қолынан келетін тәсіл.

Суреткер демекші, Көсемәлінің жазушылық жолының да осындай ой ұшқындарынан бастал­ғаны сөзсіз. Егер бүгінде біз­дің буын әдебиетте азды-көп­ті же­тіс­тікке жеткен болса, ол жур­налистиканың, яғни Шерағаң­ша айтқанда «жеңіл кавалерияның» да арқасы. Меніңше, журналистика әдебиетке барар жолдағы жаттығу. Көсемәлі де сол жолдан өтті. Бүгінде ол – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің марқасқаларының дуалы аузына, уәлі сөзіне ілінген қаламгер.

Рас. Бүгінде әрісін айтпағанда, берісі Шерағаң – Шерхан, Камал ағалардан қалған классикалық жур­налистиканың, дәстүрлі бас­пасөздің тағдыры күрделі кезеңге тап келіп тұр. Баспасөздегі алтын арналар мен бастаулар, озық, нә­зира үрдістер де үзіліп қал­ған тә­різді. Бірақ Көсемәлілер бар­да бұл уақытша жағдай деп ой­лай­сың.

Ең бастысы, Тараз жеріндегі көркем көштің жүгі ауған жоқ. Қара жерді жарып келе жатқан кемедей көркем керуен әлі де талайларды алыс сапарға алып шығары сөзсіз. Соның бел ортасында сөзі сара, өзі дара, Әми­надай әдемі әлемі, Олжастай әлемдік додада олжа салып, Алаш атын аспандатып жүрген ұлы бар, немерелерінің ортасында нұр­ланып отырған отбасының отағасы, көркем Көсемәлінің де көсе­гесі көгеріп, бөкен желіске салып келе жатқаны мені де, біздің буын­ды да қуантады.


Қали СӘРСЕНБАЙ