Руханият • 12 Маусым, 2019

Алматыда суретші Марис Хитахуновтың көрмесі өтуде

833 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі «Аламәт» продюсерлік орталығы және «Шәбнәм» ұйғыр креативті қыздар клубымен бірлесіп белгілі ұйғыр суретшісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі, педагог Марис Хитахуновтың 80 жылдығына арналған республикалық фестиваль ұйымдастырып, «Жер-Ана құшағында» атты көркем шығармалардың мемориалдық көрмесін ашты.

Алматыда суретші Марис Хитахуновтың көрмесі өтуде

ҚР Орталық музейі келушілер назарына алғаш рет М. Хитахуновтың (1939-1994 жж.) шығармашылығын ұсынып отыр. Бала кезінен сурет салумен айналысқан Марис «Жүгері жинау науқанындағы ата-аналарымызға көрсеткен көмегіміз!» ұранымен 14-15 жасында орындаған плакатының эскизі аудан бойынша І орынды, сәл кейінірек республикалық  «Дружные ребята» газеті жариялаған суреттер байқауында ІІ орынды («Колхозға көмек») иеленіп, болашақта өзінің суретші болатынын нық айқындайды. Бұдан кейін ол Н.Крупская  атындағы Бүкілодақтық Халықаралық университетте сырттай білім алды.  Еңбек жолын Ахтам ауылындағы мектептің сурет және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған М. Хитахунов, соңыра Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және А. Островский атындағы Ташкент Театр-сурет институтын тәмамдайды. Ұзақ жылдар бойы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі, Алматы Сәулет-құрылыс институты, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сурет училищелерінде қызмет атқарды. М.Хитахунов Қазақстан Суретшілер одағы Басқармасының, Қазақстан Мәдениет министрлігінің бейнелеу өнері жөніндегі сараптамалық комиссиясының, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық эстетикалық тәрбие бағдарламасын» орындау жөніндегі ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшесі, Қытай – Қазақстан достық қоғамының мүшесі болды.

Шебер шығармашылығында кескіндемемен қатар әдеби қызмет те маңызды орын алады. Марис – «Арман әлемі», «Умут учкунлири», «Прощай, лето», «Бейнелеу өнерінің негіздері» қолжазбасы, мерзімді баспасөзде және «Ұйғыр тілі және оқу» оқулық құралында жарияланған әңгіме, түрлі бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы. Бейнелеу өнеріне арналған орыс тіліндегі бағдарламаның ұйғыр тіліндегі шығарылымының аудармашысы, ол ұйғыр жазушылары мен балалар кітаптарының иллюстраторы ретінде де танымал.

М. Хитахунов – республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелердің қатысушысы. Суретшінің бірқатар шығармалары Қазақстан, Ресей, Түркия және т. б. елдердің музейлерінде, жеке коллекцияларда сақтаулы тұр.  

Марис Хитахуновтың өмірі және шығармашылық жолын толғаған «Жер-Ана құшағында» көрмесі суретшінің қызы Мухаббат Хитахунованың шығармаларымен, сондай-ақ ұйғыр суретшілері жаңа буын өкілдерінің жұмыстарымен де таныстырды. Суретші-кескіндемеші, педагог, Президенттік стипендияның екі мәрте иегері Мухаббат Хитахунова  бүгінге  дейін 200-ден астам халықаралық және республикалық көрмелерге қатысқан.   

Фестиваль аясында ұйғыр ұлттық музыкасынан концерт ұйымдастырылып, көрмеге қатысқан жас буын суретшілер марапатталды. Іс-шараға ұйғыр тілінде білім беретін мектеп-гимназияның оқушылары да тартылып, олардың арасында өткен «Менің балалық шағымның әлемі» сайысы негізінде 6-9 жастағы балалар асфальтта сурет салып, өзара жарысқа түсті.