Руханият • 13 Маусым, 2019

«Daily News» дәріптеген Дәулетбеков

527 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тарихтың тегершігі кері айналып, адасқан әр шындық өз орнын табар болса, тұғырынан жылжып кеткен әділеттілікпен ең алдымен тұлғалар табысар еді. Үлкен іс тындыра тұра, өмірден өз үлесін алмақ түгілі есесін жіберіп алған ерлердің уақыттың күліне көміліп кеткен есіл еңбегі келер ұрпақтың аршып алғанын күтіп тым-тырыс еленбей жататыны бар. Замандастарының зобалаңын көрген, «ұрланған», «тоналған» Хәкімнің тап осындай тұлғалардың қатарынан екені хақ.

«Daily News» дәріптеген Дәулетбеков

Ұлттық кино тарихындағы алғашқы қазақ кеңес-актері, кино­режиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, КСРО Кине­ма­тографистер одағының мүшесі Хәкім Дәулетбеков хақындағы мә­лімет-деректің тапшылығы сондай, кино мен руханияттың төңі­регіндегі мамандар болмаса, есімін естіген бетте елең ете қала­тын­дай танымалдылыққа жете алмаған күйі кетті. Рас, қайтыс болған соң Алматыдағы Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы тас үйге «тұрды» деген ескерткіш-тақта ілінді. 2010 жылы Кино үйінде дүркіретіп болмаса да, деректі кинодағы орнын көрсетіп 100 жылдығын атап өткендей болғанымыз да рас. «Белгілі адамды белгісіз етпейміз, есімін жаңғыртып, еске алып жүреміз» деген уәделер жан-жақтан жамырай берілген, бірақ әдеттегідей бәрі де бәз бая­ғы қалпына қайта түсіп, талант естен тарс шығарылды.

Әкесінің дара туғанын, Мәс­­кеудегі ВГИК-ті бітірген бірінші қазақ екенін, 1934 жылы «Мос­­фильмге» штаттық кес­темен жұмысқа алынған бірінші кәсі­би кинорежиссер болғанын дәлел­деп, шын бағасын алуы үшін бір сөмке құжат пен сарғайған суреттерді құшақтап алып, шырылдап жүгіріп жүрген жалғыз жоқтаушы қызы Сәуледен өзге тарихи тұлғаны өз тұғырына қондыруға асыққан жанашырлар әзірге табылмай тұр. Ал Сәуле Дәулетбекованың қолындағы архив материалдары мен сарғай­ған ескі суреттер сөйлеп берсе, біз «тұңғыш» деп таныған адам­дар­дың талайы тұңғыш болмай қалуы әбден мүмкін. Бірақ мақ­сатымыз тұңғыштардың төңі­ре­гінде талас тудыру емес, бір уақ көзіне тура қарап қойсақ, шын­дық­тың бағасы биіктей түсе ме деген ой.

Расында да, «кино», «инс­ти­тут», «актер» деген сөз­дер құ­­лаққа тым тосын әрі түсі­нік­­сіз естілетін 1931-1934 жылда­ры Х.Дәулетбековтің Бүкіл­одақтық Мем­лекеттік Кине­ма­тографистер инсти­тутында оқуы ол кезең түгілі, бүгінгі уақыт тұрғысынан алғанда да тым ерекше қабылданатын «нонсенс». ВГИК-те жоғарғы актерлік білім мен режиссерлік шеберлік саба­­ғын атақты Н.Баталов пен С.Комаровтың шеберханасында жү­ріп алған қазақ қандай болуы мүмкін деп өзіңше елестетесің де. Маң­дайынан сипап, күтіп тұрған жеті атасы жоқ Мәскеуге жалаң аяқ, жалаңбас өскен жалқы жігіт қа­лай жол тауып келді?

Хәкім Мәскеуге «Жұт» атты фильм­­нің жетелеуімен келеді. Тағ­­дыр жолын тарқатпас бұ­рын «Хәкім деген кім еді?» деген сұраққа жауап берелік. Дала ақсүйектерінен құрылған отбасының жалғыз тұяғы Хәкім Дәулетбеков 1910 жылы Ақмола округіндегі №15 ауылда өмірге келген. Жастайынан жетім қалып, туыстарының көмегімен медреседе білім алған Хәкім ағасы Қайырбектің қамқорлығының арқасында қазақтың астанасы Қызылорданы іздеп табады. Осы жерде білімін тереңдетіп, оқу орнын бітірген соң Қы­зыл­ор­дада қазақ мектебінің мұға­лімі болып еңбек жолын бас­тай­­ды.

Орталық жұмыс­шы­лар коопе­ра­­­­тивін­де­гі жағдайды жолға қо­йып, қазақтар арасындағы сауат­­­­сы­з­­дықпен күресу жө­нінде ком­­­­сомолдық тапсыр­ма алған көзі ашық, белсенді Хәкім Қы­зы­лор­дадан Алма­ты­ға арна­йы жіберіледі. Ол мұнда Бүкіл­ре­сейлік «Шығыскино» тресі кино­­экспед­ициясының Үкіметтің тап­сыр­масымен қазақ тақырыбына арнал­­ған «Жұт» атты тұңғыш көркем фильм түсіріп жатқанының үсті­нен түседі. Басқаларға қара­ған­да орыс тіліне жүйрік, сөзі орнық­ты, ойы қалыптасқан, жаны жайсаң жас жігітті режиссер М.Каростин бірден іш тартып, фильмге түсуге ұсыныс білдіреді. Елірген байға есесі кетіп, қой аузынан шөп алмайтын Малай атты момын батырақтың рөлін ойнау 9 жасынан жетім өскен Хәкімге аса қиынға соқпайды. Өзі де қарап жүрмей, бүкіл түсіру тобын маңайдағы ауылдарға ертіп апарып, кедей-кепшіктің жұпыны тіршілігін көрсетіп, базар аралатып, қазақтың өмірімен таныстырады. Тіпті көшеде ойда-жоқта ұшырасып қалған, екі иығына екі кісі мін­ген­дей Абыз Тайшыбековтің алып тұлғасына қатты қызыққан режиссер фильмдегі бір қойдың етін бір-ақ жейтін мес қарын бай-құлақтың рөлін ойнауға қанша үгіттесе де, байырғы қызыл партизан «түспеймін» деп ат тонын алып қашқанда, оны осы Хәкім көндіріп береді. Бұрын-соңды мұндай мешкейлікті көрмеген мәскеулік киногерлердің екі көзі тас төбесіне шығып, талайға дейін жыр ғып айтып жүріпті.

Қазақ өміріне арналған тұң­ғыш «Жұт» көркем фильміне кеңесшілік жасауға Сәбит Мұ­қа­нов шақырылады, ал Ілияс Жансүгіров оның көмекшісі болып бекітіледі. М.Каростин мен С.Ермолинскийдің қазақ өмірін арқау еткен көркемсуретті «Жұт» фильмін түсіріп жатқанын естіген бетте Е.Арон өзі түсіруді қолға алған «Дала әндері» атты деректі-хроникалық фильмін тоқтатып қойып, дереу көркем фильмге айналдырады. Солай бола тұра, «Жұтты» Мәскеу бекітеді де, деректілігі басым болғандықтан, «Дала әндері» көркем фильм ретінде бекітілмейді. Бұл кезде Балқаштың бойында «Алтын жағалау» атты деректі фильм түсіріп жатқан А.Лемберг те қазақ киносының тарихына тұңғыш көркем фильмнің режиссері ретінде енуді ойлап қолындағы барлық деректі материалын Е.Аронға береді. Екеулеп фильмді қайта жасап, ішіне Серке Қожамқұлов ойнайтын қысқа эпизодты кіргі­зе­д­і. Кейін «Дала әндерін» «мағынасыз әрі идеясы айқын емес» деп қатаң сынға алған К.Сирановқа Серке ағамыздың өзі сценариймен таныспағанын, рөлге дайындалмағанын, бәрін де Лемберг пен Аронның нұс­қа­уымен жасағанын айтып: «Ту­ра­сын айтайын, фильм­де мен емес, режиссер ойнады!» деп өзі де мойын­даған екен.

Бұл кезде Мәскеудегі басылымдар Малайды ойнаған Хәкім Дәу­лет­беков тура­лы «жаңа қазақ даласын­да қалыптасып келе жат­қан жас жігіт­тің образын шы­­­на­йы аша білді» деп жарыса жазып жатқан бола­тын. Бұл ту­ралы М.Каростиннің Хә­­кім­ге жазған хатында: «Шығыскино» кино­­студиясы тү­сірген, Хәкім Дәу­летбеков ойна­ған «Жұт» кино­кар­ти­на­сының бірінші көркем фильм болғанын қуана қуаттаймын. Ал оператор Лемберг хроникер-документалист болатын» деген жолдар кездеседі. Осының өзінен орыс кинорежиссерлерінің әрқайсысында әлі өнер мен мәдениет қанат жая қоймаған қазақ даласындағы ұлттық киноның тарихын өзінен бастап, бірінші болғысы келетін ішкі есебі мен ниеті болғанын және онысын өздерінің де жасыра алмағанын байқауға болады. Өкінішке қарай, қызғаныштың қызыл иті ішін тырнағанда, мазасы қашатын өнердегі мәдени қарақшылар екеуінің есімін де, еңбегін де ұмыттыру үшін айдың-күннің аманында алтын қорда жатқан «Жұттың» да, кейін түсірілген «Қаратау құпиясының» да көзін жойып, қолды жасайтынын М.Каростин де, Х.Дәулетбеков те, әрине ол кезде білген жоқ. Сөйтіп Х.Дәу­лет­бековтің тұтас тағдырына көлеңкесін түсірген нағыз жұт Каростиннің киносында емес, қазақ өнерінің қабырғасында басталған еді.

«Жұттың» арқасында орыс кино­режиссерлерінің көзіне түс­кен Х.Дәулет­бе­ковтің Мәс­кеу­ден бір-ақ шығып, ВГИК-тің студенті атанғаны өз алдына, оны тәмамдамай тұрып-ақ 1930-1939 жылдар аралығында «Шығыскино» тресіне штат­тық актер болып жұмысқа қабыл­да­на­ды. 1931 жылы режиссерлер Дубровский мен Эль-Регистан Х.Дәулетбековті «Қаратау құ­пия­сы» атты жаңа фильмдегі жолсеріктің рөлін ойнауға шақы­ра­ды. Тау сағызынан отандық кау­чук өндіруге арналған өнді­ріс­тік тақырыптағы фильм бол­ған­дықтан, идеясы тың, жанры жаңа, актері азиаттық, сонысымен де қоғамды жалт қаратқан фильмге Американың «Daily News» басылымының тілшісі де назар аударады. Фильм жарыққа шыққан соң (1932 жылғы 80-санында) «Daily News» былай деп жазады: «Осыдан екі жыл бұрын ғана Хаким Давид-Беков ешкім білмейтін бозбала еді, ал ол қазір СССР-дегі ең мықты актерлердің бірі!» Бір ғана рөлімен осындай бағаға ие болған Хәкімнің Мәскеудің маңдайалды режиссерлері мен актерлері арасындағы танымалдылығы тіпті арта түседі. «Тынық Дон» фильмінің алғашқы нұсқасы мен «Рязандық әйелдер» фильм­дерінің режиссері бол­ған О.Преображенская мен И.Правовтан Хәкім тағы да қазақ тақырыбына арналған «Жау соқпағында» фильміндегі Абы­лай­дың рөлін ойнауға шақырту алады. Осы фильмнен кейін Хәкім И.Пырьев, А.Абрикосов, Б.Тенин, Э.Цесарский, Н.Плотников, М.Нароков секіл­ді орыс киносының алтын қорына енген фильмдерді түсір­ген атақты режиссерлермен жа­қын араласа бастайды. «Ана», «Шыңғысханның ұрпағы» сияқты фильмдердің авторы, атақты М.Пудовкин 1935 жылы Хәкімге «Жеңіс» атты туындысындағы байланысшының рөлін ұсынады. Әсіресе 1936-1939 жылдар Хәкім үшін шығармашылық табысқа толы жылдар болды. Орыс киносының классиктері ғана емес, әлемдік кино өне­рі­не де елеулі ықпалын жаса­ған әйгілі С.Эйзенштейн, В.Пудовкин, Я.Протазанов, Г.Алек­сандровтармен танысып, олар түсірген фильмдердің көп­ші­лік сахнасынан, эпизодтық көрі­ністерден рөл алады.

1934 жылы ВГИК-ті бітірген Х.Дәулетбековтің 1936-1940 жыл­дар аралығында М.Горький атындағы Әдебиет институтының драматургия факультетінде оқы­ған бірден-бір қазақ болғанын да сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек. Институтты бітір­ген 1940 жылы Қазақстан үкі­­меті ұлттық киностудияны ұйымдастырушылардың қа­та­рында Хәкімді Алматыға ша­қы­рады. Ол еліне келген соң Қазақ КСР Халық Комиссариаты өнер басқармасының сценарий бөлімінің басшысы әрі режиссері болып бекітіледі. 1941 жылдың соңында «Біздің қаланың жігіті» фильмін түсіруді бастаған режиссер Александр Столперге ассистент болып тағайындалады. Осы фильмнен кейін Х.Дәулетбеков тұңғыш қазақ кинорежиссері болып танылады. Фильмнің түсірілімі аяқтала сала Хәкім өз еркімен майданға аттанады...

«Сонда ВГИК-ті, Әдебиет институтын тұңғыш болып тәмамдаған Хәкім Дәулетбеков талантты бола тұра, неге осы уа­қытқа дейін көпшілікке та­ныл­­маған, не себепті қазақ киносының алғашқы қарлы­ғаш­тарының қатарында аты аталмаған?» деген заңды сұрақ туады. Тіпті артықтау болса да, ойлағанның айыбы жоқ болар, «1937-нің нәубетінен қалай аман қалған?» деген сұрақтың да көкейге лықсып келетінін жасырмай-ақ қоялық.

Ел билігіне ерте араласып, әскери хорунжий шенін алып, Ақмола округіне қарасты Әліке-Байдалы болысын басқарып, Атбасар сыртқы округі аға сұлтанының орынбасары болған әйгілі Аққошқар Кішкентайұлының шөбересі (Аққошқардың Эрмитажда тұрған суретін Қазақстанға алып келіп, ғылыми айналымға енгізген – академик Әлкей Марғұлан) оның ұлы Бекеннен туған Дәулетбек байдың үш әйелінің ортасындағы Хәкімнің өмірі кедейді төбесіне көтерген кеңестің саясатына тура келіп, сыйыса алмаса, қитұрқы кезеңнің өлшемімен алғанда – қисынды. Ілім-білім жинаған жастық шағы Қазақстаннан қашықта, Мәскеуде, орыстың ортасында өтіп, 1937 мен 38-дің зобалаңынан жаны аман қалғаны бағы болса, үш рет ауыр жараланып, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бес медальды қадап, Белград қаласын алғаны үшін Сталиннің жеке Алғыс хатын алып соғыстан аман-есен елге оралған кезінен бастап қағаз-қаламы жалаңдап, арыз жазатындар режиссерге сор болып жабысты. Екі қолы жақсылардың жағасына жармасып өткен, шетінен көзінен тізіп көгендеп, ұстап беруден алдына жан салмаған атақты жазушымыз бұл жолы да жүрісінен жаңылмай, «байдың тұқымы, тұқымы ғана емес, бел баласы» деп Хәкімнің үстінен арызды боратқан да отырған. Сәуле Хәкімқызының айтуына қарағанда, әкесінің ұсталып кетуінен көп жағдайда анасы қорғап қалып, сақ жүруіне, сергек болуына себепкерлік жасайды. Хәкімнің әйелі Мамира Жантілесова да соғыс кезінде Калинин қаласында орналасқан КСРО Қызыл Армиясы Барлау басқармасының бас штабында жұмыс істеген қазақ қызы. Соғыс аяқталған соң алғашында Өзбекстан Қауіпсіздік комитетіне жіберіліп, кейін Қазақ­стан­ның Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне жұмысқа ауыс­ты­рылған Мамира өмір бойы жазықсыз ерін қызғыштай қору­мен өткен. Қауіпсіздік қыз­ме­тінде жұмыс істегендіктен, күйеуіне жала жауып, қаралаған кезекті арызды «керекті» жеріне жібермей, орта жолдан ұстап алып отырған.

Х.Дәулетбеков 1983 жылы 73 жасында қайтыс болды. Қазақ КСР-не еңбегі сіңген өнер қайраткері, талантты режиссер бар өмірін киноға арнап, 12 деректі фильм және «Советтік Қазақстан» киножурналы үшін 100-ден астам сюжет түсірді. «Ауылдан шыққан қыздар», «Кеген даласы», «Халық мұғалімі», «Қазақстандағы румын шаруалары», «Шөлмен шекарада», «Екі мәрте Еңбек Ері», «Лиманное орешение Казахстана», тағы басқа деректі фильмдері экран бетінен қайталап көрінсе, бүгінгі күннің көрермені үшін де қызықты болатыны сөзсіз. Бар жазығы бай баласы болып қыңыр саясаттың қырына іліккені болмаса, қазақ киноактерлік мектебінің негізін қалаушы алғашқы қарлығаш соңына осыншама мұра қал­дыр­ды. Қазақстанда жыл сайын өтетін әртүрлі дәрежедегі кинофестивальдер, «Құлагер» ұлттық жүл­десі секілді киногерлер қауы­мына арналған бәйгелерде де­ректі фильм жеңімпазына Хәкім Дәулетбеков атындағы арнайы сыйлық табысталып отырса, «Қазақфильм» киностудиясы алдындағы «Жұлдыздар аллеясынан» өз жұлдызын иеленсе, есімінің ел есінде жүруі үшін жасаған игі ісіміз болар еді. Тар кезеңде таудай талап арқалап, халқыма пайдалы адам болсам деген ұлы арманмен келіп, табанды қызмет еткен Хәкім есімі қайткенде ұмытылмауы тиіс.

 

АЛМАТЫ