Руханият • 13 Маусым, 2019

«Талан» фильмі Оңтүстік Африкада өтетін кинофестивальге қатысады

704 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Режиссер Болат Қалымбетовтің «Талан» көркем фильмі 18-28 шілде аралығында ОАР Дурбан қаласында өтетін Durban International Film Festival бағдарламасына қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан киносының тарихында бірінші рет болып отырған жағдай. Оңтүстік Африка Республикасының кинофестиваліне «Қазақфильм» АҚ жобасымен бірге тағы бір отандасымыздың фильмі – режиссер Абдель Фифтибаевтың «Бойжеткен» фильмінің де қатысатыны белгілі болды.

«Талан» фильмі Оңтүстік Африкада өтетін кинофестивальге қатысады

Оңтүстік Африкадағы ең көне  және ең ірі кинофестивальдердің бірінен саналатын Durban IFF кино бәйгесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 180-нен астам фильм ұсынылып отыр. Сондай-ақ фестиваль шеңберінде өнер тақырыбы мен  кино бизнесіне арналған түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер де ұйымдастырылмақ.  

«Талан» картинасында танымал қазақстандық режиссер Болат Қалымбетов қиын-қыстау жылдарда бір-бірінен ажырап қалған ағайынды екі бауырдың  тарихын ұлттық кино тілімен шынайы баяндайды. Бауырлар бірнеше жылдан кейін күтпеген жерден кездеседі. Адамдар арасындағы бауырмалдық пен мейірімді, адамнан да, қоғамнан да алыстап, жойылып бара жатқан ізгі құндылықтарды дәріптейтін фильмнің мазмұны терең, айтар ойы қатпарлы. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Талан» фильмі Шәкен Аймановтың 14-халықаралық кинофестивалінде «үздік режиссерлік жұмыс» деп танылған болатын. Сондай-ақ, осы фестивальде тарихи картина «Ел Арна» телеарнасының «Ел Арна таңдауы» дипломына ие болды.

АЛМАТЫ