14 Маусым, 2019

Роботпен операция жасайтын дәрігер

1005 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облыстық кезеңіне қатысыпты. «Мұны артынан естідім. Мені кім ұсынғанын өзім де білмедім» деп таңданады өзі.

Роботпен операция жасайтын дәрігер

Жас дәрігер, хирург Ринат Мұратханұлы Мұздыбаевты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген тізімнен ұялы телефоны арқылы тауып, хабарластық. «Жұмыстамын. Келе беріңіз» деді. Келсек, жұмыста екен. Жұмыста болғанда, операция жасап жатыр екен. «Он минут күтіңіз» деген соң уақытты босқа өткізбейін деп дәрігер жұмыс істейтін урология бөлімін аралап, алдымнан шыққан бірнеше бейтаныс кісіні әңгімеге тарттық. «Өте қарапайым. Емделушілерге жақсы қарайды. Өз жұмысын біледі. Ақкөңіл. Ринат Мұратханұлын әріптестерінің бәрі құрметтейді» деді біз ең бірінші «ол кісі қандай адам, қандай маман?» деп сауал қойған осы жерде 16 жылдан бері жұмыс істейтін (қазіргі қызметі – санитарка) Галина Порягина.

Урология бөлімінің бекетінде отырған қыздарға да осы сұрағымызды қойып, өзім өмірі көрмеген дәрігер туралы сыр суырпақтадық. «Алтын қолды дәрігер. Өте сауатты. Ол көбіне іш құрылыстарына лапароскопиялық операциялар жасайды. Осындағы былтыр ашылған роботтандырылған хирургия орталығында біздің бөлімнен Ринат қана операция жасай алады. Көп ізденеді. Білімін жетілдіріп, шет елде оқып келді. Емделушілердің барлығы мақтайды. Бір сөзбен айтқанда, жақсы дәрігер» деді урология бөлімнің бекетінде отырған, өздерін Эльвира, Арай, Таня деп таныстырған үш медбике.

«Емделушілердің барлығы мақтайды» деген соң әлгі медбикелерден хирург емдеген науқастармен пікірлесейік деп палаталарының нөмірін сұрағанымызда 704 палатаны нұсқаған. Барсақ, Ринат Мұратханұлынан ем-дом алған науқастар жазылып, шығып кеткен екен. «Әріптестеріңіз шынымен де мықты дәрігер-ау деймін. Емдеген адамдарының бірі қалмай шығып кетіпті» деп қалжыңдағандай болдық үш медбикеге бекеттерінің тұсынан өтіп бара жатып. «Жаңа технологияның арқасында қазір бұрынғыдай емес, науқастар тезірек жазылады. Бұрын бір ай жататын, қазір әрі кетсе бес-алты күнде емделеді» деді үш медбикенің бірі Эльвира. Ал Арай есімді медбике:

«Ол кісі басқа жаққа кетіп қалмай, бізде жұмыс істей берсе деген тілек қана айтамыз» деді біз құдды бір әріптестерін басқа қызметке бүгін әкеткелі жатқандай.

Біз палата аралап жүргенде іздеген дәрігеріміз де қызмет бөлмесіне келіп, күтіп отыр екен. «Пациенттердің бәрін шығарып жіберіпсіз. Ешқайсысымен сөйлесе алмадық» дедік хирургтің қолын алып жатып. «Сөйлесемін десеңіз, 702-де бір кісі қалды» деді елгезек дәрігер көңілімізді жыққысы келмей. 702 палатаға барсақ, ол кісі де орнында жоқ екен. Сыртқа шығып кетсе керек.

1982 жылы Өскеменде дүниеге келген, 2005 жылы Семейдің медициналық академиясын бітірген Ринат Мұратханұлы 2008 жылдан бері Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының (бұрынғы 1-інші қалалық аурухана)  урология бөлімінде еңбек етіп келеді екен. «Операцияларды роботтың көмегімен де, лапароскопиялық тәсілмен де жасаймыз. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен ашылған роботтандырылған хирургия орталығында былтырдан бері 100-ден астам операция жасадық. Әрине, бригадамен, командамен жұмыс істейміз. Оның ішінде хирург те, уролог та, онколог та бар» дейді бірінші санатты уролог-дәрігер.

Ринат 2017 жылы өңірдегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында Германия мен Италия мемлекеттеріне барып, робот көмегімен операция жасаудың қыр-сырын шет елдік мамандардан үйреніп қайтыпты. «Әрине, роботты ашық операциямен салыстыруға келмейді. Десек те роботтың артықшылықтары көп. Мәселен, адамның аты адам ғой, операция барысында кейде дәрігердің қолы дірілдеуі мүмкін. Ал робот нақты. Сәл баяу болуы мүмкін, бірақ дәл. Бағдарламаны қоясың, болды. Роботтың қолдары да икемді. Адамнан гөрі мүмкіндігі зор. Адам істей алмайтын дүниелерді жасайды. 360 градуста емін-еркін бұрылады. Тез емдеп, тез тігеді. Робот пен лапароскопия ашық операцияларды азайтуға септігін тигізді» дейді ол.

Сөз арасында бұған дейін қанша операция жасағанын да сұрадық. «Есімде жоқ. Санамаппын. Біз мерген емеспіз ғой» деп қысқа қайырды.

Жас дәрігер былтыр Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталыпты. 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облыстық кезеңіне қатысыпты. «Мұны артынан естідім. Мені кім ұсынғанын өзім де білмедім» деп таңданады өзі.

Иә, Ринат Мұратханұлы өздеріңіз де байқап отырғандай қақ-соқта ісі жоқ, өлерменденіп, атақ-абырой соңынан алаөкпе болып жүгірмейтін қарапайым дәрігер. Бізге осылай көрінді. Осы қалпынан таймаса, осы қарапайымдылығын, осы еңбекқорлығын, осы ізденімпаздығын жоғалтпаса дейміз.

ӨСКЕМЕН