Аймақтар • 14 Маусым, 2019

«Жасыл» экономикаға өтудің көкейкесті мәселелері

254 реткөрсетілді

Әлемдік экономиканың «жасыл» секторының ауқымы әзірге салыстырмалы түрде елеулі емес. Сонымен қатар кейбір жекелеген мемлекеттердің шаруашылық кешеніндегі «жасыл» секторының өсу әлеуетінің үлесін бағалау да қиынға соғады. Осыған орай, халықтың өмір сүру деңгейіне әсерін де құн көрсеткіштері тарапынан бағалау күрделірек.

Сондықтан «жасыл» экономика идея­сы қоршаған орта бойынша (ЮНЕП) БҰҰ бағдарламасы ретінде 2008 жылы қабылданды. ЮНЕП-ке сай, «жасыл» дегеніміз – келешек ұрпаққа қоршаған орта үшін елеулі тәуекелге жол бер­гізбейтін, адамдардың теңсіздігін қыс­қартып, әл-ауқатын ұзақ мерзімге жақ­сартуды қамтамасыз ететін экономика.

«Жасыл» экономиканың қайыршы­лық­тан құтылуға, экономиканың жоға­рылауына, әлеуметтік интеграцияға ық­пал етуге, адамдардың әл-ауқатының жақ­саруына көмектесетіні құпия емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) классификациясына сай, «жасыл» технология­лар бірнеше саланы қамтиды: жалпы экологиялық басқару, энергияны жаңадан іске қосылған көздер арқылы өндіру, климаттың өзгеруі салдарынан болған зардаптарды жеңілдету, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, отындарды пайдалану тиімділігін арттыру, сонымен қатар ғимараттар мен жарық беруші құралдардың энергиялық тиімділігін арттыру.

Егер әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, көшбасшы елдердің алдында, әрине, Оңтүстік Корея тұр. Бұл елде ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 3%-ы немесе 60 млрд АҚШ доллары «жасыл» сек­­тордың дамуына бөлінеді. Ал АҚШ жа­сыл экономиканы дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергетиканы жетілдіру жолын таңдады. Күн құ­рылғыларының көмегімен 2030 жылға қарай ел тұтынатын энергияның 65%-ы, жылудың 35%-ы өндірілетін болады. ЕО елдерінде түгелге жуық энергетика, қо­ғамдық көлік пен инфрақұрылымды дамыту, эко-қоныстар, сонымен қатар қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі са­ла­ларында «жасыл» шаралар іске қосылған.

Швеция 2020 жылдарға қарай өз елін­де мұнайдан толық құтылуды, кө­мір мен ядролық энергияны үдерістен шы­ғаруды жоспарлап отыр. Қытайда 2020 жылға қарай электр энергиясының 15%-ын жаңа энергия көздерінен алу, ал экономикадағы көміртегі мөлшерін 45%-ға азайту жоспарлануда. ҚХР-дың энергия үнемдеуге, жаңа энергия көзін та­буға, тиісті технологияларға бөлінген мемлекет қаржысының көлемі АҚШ пен ЕО көрсеткіштерінен асып түсті. Қытай өндірушілері күн батареяларының әлем­дік экспортының 40%-ын, жел құ­рылғыларының 20%-ын иеленеді.

Қазақстанға келер болсақ, бізде де бұл салада белгілі бір деңгейде іc-­ша­ралар жүзеге асырылуда. Қазақ­станның жасыл экономиканы өр­кен­детуге мүмкіндігі мол. Жасыл тех­нологияға әлдеқайда ұтымды әрі қолжетімді кең-байтақ тер­ри­­тория­сы, тиімді геосаяси жағдайы, на­рық­та­ғы жоғары сұраныстары жаңа мүм­­кіндіктерге қолайлы жағдай ту­ғызады. Жасыл экономикаға көшу әл­деқайда та­­­нымалдықты иеленіп ке­леді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­та­масымен «Жасыл» экономикаға кө­шу тұжырымдамасы жасалды. Тұ­жырымдамада экономиканың бел­гілі бір саласын реформалауға ерекше ба­ғыт­талған басымдыққа ие мін­­­дет­тердің түзілімі көрсетілген.

«Жасыл» экономикаға көшудің мемлекет алдындағы басты міндеттері: ре­сурстарды (су, жер, биологиялық және т.б. ресурстар) пайдалану мен олар­­ды басқару тиімділігін арттыру, ағым­дағы инфрақұрылымдарды жаң­­ғырту және жаңасын салу, қоршаған ор­таға жасал­ған қысымды оңтайлы жол­дармен жеңіл­дету арқылы қоршаған орта сапасы мен тұрғындардың әл-ауқатын жоғарылату. Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі жеті бағыты қалыптасқан.

«Жасыл» экономиканы дамыту бағ­­дарламасы желісімен, Қазақстан эко­номиканың 10 негізгі секторын ин­вес­тициялауды жоспарлап отыр. Олар: ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, энер­гетика, балық аулау, орман шаруа­шы­лығы, өнер­кәсіп, туризм, көлік, қал­дықтарды қайта өңдеу мен кәдеге асыру, су ресурстарын басқару.

Елімізде «Жасыл» технологиялар­ мен инвестициялық жобалардың ха­лық­аралық орталығы» ҰАҚ-тың нә­тижелі жұмыс істеп жатқанын атап өту­ге тиіспіз. Аймақтар және қала әкім­дік­терімен бірлесіп, белсенді жұ­мыс­­тар атқарылады. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қа­лалары, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола облыс­тары бар. Орталықтың қызметі әлеуетті инвесторларды іздеуге қатысты инвес­тициялық жобаларды енгізу мен қол­дауға, жобаларға техникалық талдау жа­сау мен аймақтардағы ең үздік «жасыл» технология трансферттерінің мүм­кіндіктеріне бағытталған.

Сонымен қатар бұл саладағы жедел қарқында шешімін табуға тиісті бір­неше көкейкесті мәселені атап өткенді орынды деп есептейміз.

Бірінші мәселе. Қабылданған шара­ларға қарамастан, кейбір аймақтарда әлі күнге дейін экологиялық тұрғыдан қа­уіпті әрі ластанған, өткен ғасырдан келе жат­қан кәсіпорындар жұмыс істейді.


Ауыл шаруашы­лығында жел энергиясын қолдану 1%-ды ғана құрайды. Бұл − ЕО елдеріне қара­ғанда 10 есе аз. Сонымен бірге бас­қа Еуропа елдерінің тәжірибесі жел электр энергиясын тұтыну жалпы электр энергиясын тұтынудың шамамен 20%-ына жетеді. 


Заңнамалық базаны күшейтуді қажет деп санаймыз, ал Үкіметтің мұндай кәсіп­орындарды мәжбүрлеп жабу үшін ра­дикалды шаралар қабылдауы керек. Егер шетелдік тәжірибеге жүгінетін бол­сақ, тек ҚХР-дың өзінде 2 мың эко­логиялық тұрғыда ластанған компания мәжбүрлеп жабылған.

Екінші мәселе. Экологиялық инно­вациямен өндірілген тауарларды «жасыл» тұтынуды ынталандыру үшін Қа­зақстанда әлі күнге дейін «жасыл тө­лем картасы» жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, Оңтүстік Корея «жасыл төлем картасы» жүйесін іске қо­сып үлгерді. Қазақстан үшін бұл тәжірибе, біздің ойымызша, қызықты әрі тиімді болуға тиіс. Мұндай карта­лардың көмегімен «жасыл» тауарлар мен қызметтерді тұтынуды, жекенің ор­нына қоғамдық көлікті пайдалануды, сонымен қатар энерготиімді тауарлар­ды қолдануды есептеуге мүмкіндік туады. Жасыл карталардың осындай жүйе­сін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалаларында қанатқақты түрде ен­гізуді ұсынамыз.

Үшінші мәселе. Қазақстан − орманы­ аз мемлекет, ел аумағының 4,7%-ы ға­на орманды. Жасыл желектерді ұл­ғай­­ту үдерісі бүгінгі таңда баяу жүр­гізіл­гендіктен, оны жақсарту мүддесі туын­дайды. Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағындағы орман өсіру­шілердің орман өсімін молайту көлемі 453 мың га құрады. Жыл сайын «Ағаш отыр­ғызудың бүкілқазақстандық күні» акциясы өткізіледі. Бұған 900 мыңдай адам қатысып, 4,5 млн ағаш пен бұта отырғызылды. Алайда бұл − жеткіліксіз.

Осыған орай, облыс әкімдігінің жұ­мы­сын шұғыл жеделдету, облыс ор­та­лығы маңында жасыл аймақ құ­ру бойын­ша іс-шараларды тездету ұсы­ны­лады.

Төртінші мәселе. Қазақстанда жел­­ энергиясын қалыптастыру ба­ры­сын­­да өндіріс орындары мен тұтыну­шы­лар арасында әртараптылық бай­қа­лады. Бір жағынан, жел күші ар­қы­лы өндірілетін электр энергия­сы­ іс жү­зінде шағын елді мекендер мен ша­руа ­қожалықтарында ғана тұтыны­ла­ды. Бұ­дан шығатын тұ­жырым, алыстағы ауыл­дарға электр энер­гиясын жеткізу жүйе­дегі энергияның көп шығынға ұшырайтындығынан экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Екінші жағынан, ауыл шаруашы­лығында жел энергиясын қолдану 1%- ды ғана құрайды. Бұл − ЕО елдеріне қара­ғанда 10 есе аз. Сонымен бірге бас­қа Еуропа елдерінің тәжірибесі жел электр энергиясын тұтыну жалпы электр энергиясын тұтынудың шамамен 20%-ына жетеді.

Бесінші мәселе. Жеткілікті тиімді нор­мативтік құқықтық базаны құру жағ­дайында тұрмыстық-қатты қал­дық­тар (ТҚҚ), қайталама шикізат, қай­та өңдеу мен қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы жұмыстарды бас­қару сапасы төмендегені байқалады. 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша өнеркәсіп қалдықтарын қайта өң­деу үлесі 32%-ды, ТҚҚ (ТБО) 11%-ды құрады. Бұған қоса, қалдықтарды жи­нау және шығару қызметі бойынша ел тұрғындарының 65%-ы ғана қам­тамасыз етілген. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай поли­гондардың үлесі 2017 жылдың есебі бойынша бар болғаны 16%-ды қамтиды.

Көптеген кемшіліктерге мән бер­мей-ақ осы көрсетілген көкейкесті мәсе­ле­лердің негізінде біз бүгінгі таң­да «жа­сыл» экономиканы қарқынды да­мы­туымыз қажет екендігін түсінуге міндеттіміз. Еліміздің Парламенті бұл мәселелердің өзектілігіне түсіністікпен қарайды. Парламенттің пайымдауынша, экономикалық реформаның тиімділігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқарушы субъектілердің еркіндігімен, мемлекет пен жер қойнауы қазбаларын пайдаланушы субъектілер арасындағы өзара түсіністіктің ұлғаюымен, ІЖО Жасыл кітабы бөлімінің ерекшелігіне сай халықаралық міндеттерді орын­­­дау­мен тікелей байланысты. Сон­дық­тан көп нәрсе осы қызмет бағы­тының жетілдірілген заңнамалық тұр­ғыда қам­тамасыз етілуіне қатысты бо­латын­дағы туралы айқын пайымдау бар. Атап айтқанда, біздің көзқарасымыз бойынша, заңнаманы төмендегідей негізгі бағыт­тарда жетілдіруге болады:

Біріншіден, елімізді өндірістік ин­но­вациялық дамытудағы мемлекет саясатының нормативті-құқықтық саласын жетілдіру.

Шынында да, 2004-2015 жылдар аралы­ғындағы Қазақстан Республи­ка­сының Экологиялық қауіпсіздік тұжы­рым­дамасы қоршаған ортаның сапасын қор­шаған ортаны қорғауды басқару жүйесін радикалды жетілдіруді жүзеге асыру есебінен сатылы кезеңдермен жақ­сартуды пайымдады. Атап айтқанда, заң­наманы, табиғатты пайдаланудың эко­номикалық тетіктерін жетілдіруді, мем­лекеттік экологиялық бақылау мен экологиялық мониторингті, ырық­тан­дыру жүйесі мен экологиялық сараптаманы, т.б. жүйелендіру көзделді. Алайда, өндірісті дамытуға қатысты ша­ралар жүйесіне тікелей енгізілмесе, біз­дің ойымызша, шаралардың қандайы бол­са да, жаңасы ма, басқасы ма, нәти­желі мақсатқа жеткізбейді. Әсі­ресе Қа­зіргі Индустрия 4.0. тұжырым­дама­сы­ның ұстанымдарына негізделіп жедел­детілген әртараптандыру кезеңін­де.

Екіншіден, мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде «жасыл» экономи­ка ұстанымдарына ерекше көңіл бөлу қажет.

Түсініктісі сол, экологиялық мә­се­ле­лер­мен «жанасу фронты» бұл мәсе­лелерді шешу үшін не өкілеттігі, не жет­кілікті қаражаты жоқ аймақтық-бас­қару иерархиясының ең төменгі то­бы − аудандық, ауылдық аймақ, нақты ауылдық деңгейде жүргізілуде. Осыған бай­ланысты біз жергілікті өзін-өзі бас­қаруды толыққанды дамыту мен қа­лыптастыру саласындағы заңнаманы жетілдіруден өз міндеттерімізді көреміз.

Үшіншіден, «жасыл» экономика сала­сындағы кадрларды даярлауға тиіс­піз.

Әртараптандырылған мемлекеттік бағ­дармаларды жүзеге асыру тәжірибесі ай­қын дәлелдегендей, инвестициялық және инновациялық жобаларды жасау алдындағы дайындық кезеңінде кадр мә­селесін, әсіресе инновация саласына тиісті мамандармен қамтамасыз ету мә­селе­сін ескермесек, бір орнымызда тұра береміз.

Өндіріске қажетті жаңа кадрлардың есебін айқындамау білім жүйесін еңбек нары­ғындағы маман тапшылығына әкеп соқтырды, осыған орай Индустрия­лан­дыру картасының кейбір негізгі жобаларын жүзеге асыру барысында тиімділігі толыққанды деңгейге жете алмады.

Мұның бәрі − экономиканың нақты сек­торының дамуын айқындайтын салалық және салааралық ведомстволар, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметтеріндегі елеулі келіспеушіліктің туындау көрінісі.

Ауқымды мемлекеттік міндет­­тер­­ді жүзеге асыру барысында ведомство­лар­дың өзара үйлесімділігіне зор ықпал жа­сайтын шараларды заңнамалық дең­гейде күшейтудің қажеттілігін ойлауға тура келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы индустриялық-ин­новациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келеді.

Төртіншіден, ғылымның беделін кө­теруге тиіспіз.

Бәрімізге белгілі, ғылыми зерттеу­лер­­­сіз қоршаған орта мен қоғамның эко­­­­логиялық қауіпсіздігі нормасын сақтай отырып, әлемдік нарықта өндіріс пен бәсекелестік артықшылығын жетіл­діру негізінде экономикалық өсімнің межелі деңгейіне көтерілу мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ғылымның талап­қа сай дамуынсыз «жасыл» экономика бағытынан ілгерілеу күту қиынға соға­ды.

Біз бұл салаға қатысты бірнеше кө­кей­кесті мәселені ғана атап өттік. Олар жеткілікті. Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, «жасыл» экономика аймақтық дамуды, әлеуметтік тұрақтылыққа ық­­­пал етуді, «жасыл» экономика сек­­то­рында құрылған жаңа жұмыс орын­дары есебінен экономикалық әлеуеттің ұлғаюын реттейді. «Жасыл» эко­но­ми­каға көшу климаттың өзгеруі, пай­далы қазбалардың сарқылуы және су ресурстарының тапшылығы секілді қауіп-қатерлердің ықтималдығын төмен­детеді. Дұрыс жолға қойылған жүйелі әрекет, мүдделі тараптардың үй­лесімді ісі, мемлекет, бизнес пен қоғам­ның бірлесе атқарған жұмысы бар кезде біз Қазақстанның бұл бағытта да әлемдік аренада жоғары жетістікке жететініне сенеміз.

 

Еділ МАМЫТБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  депутаты

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар