Саясат • 17 Маусым, 2019

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жүгі салмақты

1648 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Іргесі берік, бірлігі бекем елі­міз­дің іркіліссіз ілгерілеуі үшін ойы азат, танымы терең хал­қы­мыз тағдыршешті саяси нау­қан­да тарихи таңдауын жасап, жаңа Президент ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты сай­лады. Мемлекет басшысы сай­лауалды бағдарламасында бү­тін­діктің кетеуін кетірмей, тұ­­рақтылықтың тірегі – бей­біт­­шілік, игілік, өркендеу, әділ­дік және баршаға ортақ тең мүм­кін­діктерді сақтай отырып, әділетті, дамыған қоғам құруға бас­тайтынын айтты. Осы ойын Қазақстан Прези­ден­тін ұлықтау рә­сімінде тағы бір сабақтап, жа­ңа­дан Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңе­сі құрылатынын және бұл түйт­кілді мәселелердің түйінін тарқа­татын, халықтың озық идея­лары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң болатынын мәлімдеді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жүгі салмақты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде еліміздің жаңа даму кезеңінде саяси сабақтастық салтанат құрып, бейбіт күніміз баянды болуы үшін Елбасының стратегиялық жолын жалғастыра беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы сайлауалды үгіт-насихат жұ­мыс­тары үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болғанын, осы науқан барысында өңір-өңірді аралап, халықтың жай-күйімен етене танысқанын айтты. Сондай-ақ билік адамдардың талап-тіле­гіне құлақ асып, проблемаларын жер­гілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беріп тұруға мін­детті екеніне тоқталды. Президент әділ­діктің үстемдік құруын талап еткен ха­лықтың мәселелері шындыққа жанасатынын жоққа шығармай, Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі осы бағытта жұмыс істейтінін жария етті.

«Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы осы жылдың тамызында өткізіледі. Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асыру­дың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықтың ауызбірлігі, қоғамдық келі­сім, этносаралық және кон­фес­сия­ара­лық татулық – қашаннан ілгері жыл­жудың алғышарты. Осы құн­ды­лық­тар­ды басшылыққа алатын болмысынан бітімгер жұртымыз қандай дау тумасын, соңын дабыраға ұластырмай шешуге ден қояды, ағайын араздасса араша түсіп жарастырады, тіпті ел мен елді елдестіруден де енжар қалмайды. Бұл сөзімізге осы күнге дейін талай күрделі мәселелердің күрмеуін шешкен келелі кеңестер дәлел бола алады. Президент өткен онжылдықтарда мемлекетіміздің қалыптасуында жасалған озық дүниенің барлығын алып, соның негізінде алға еркін қадам баса беретінімізді айтады. Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңе­сі де өз нәтижесін көрсетіп, халық пен билік арасындағы көпір боларына сенім мол.

Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Президент Әкімшілігі бір ай мерзім ішінде Кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері жөнінде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларымен, аза­мат­тық сектор өкілдерімен консультациялар өткізеді. Соның қорытындысымен Кеңестің құрамы мен Кеңес туралы ереже бекітіледі. Бұл тұрғыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің күн тәртібінде қаралуы тиіс маңызды мәселелер легін кейінгі кезде жаппай наразылық танытып, үн қатқандардың проблемасы бастап тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қоғамның кем-кетігін айқын көріп отырғанын, халықты толғандырған бас­ты мәселе табыс көлемінің азаюы екенін айтады. Бұл сөзін Euronews телеарнасына және The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында да растап, билік халықтың талабын естігенін, жағдайды реттеу үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Жалпы, Мемлекет басшысы стра­те­гиялық сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, бейбітшілік пен қоғамдық келі­сімге, азаматтардың лайықты өмір сүр­уіне, қоғамның демократиялануына және ымырашыл сыртқы саясатқа басымдық беріп отыр. Осылайша азат ойлы азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін ашық әрі әділ жұмыс істеудің маңызы артады.

Бүгінге дейін түрлі таным-түсініктегі, діни көзқарастағы қазақстандықтар бір үйдің баласындай, ынтымағы жарасып, құтты шаңырағын шайқалтпай, берекесін қашырмай өмір сүріп келе жатыр. Біздің қоғамда әралуан пікір бір мақсат, ортақ мүдде төңірегінде тоқайласады. Осының жарқын бір көрінісі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болу керек. Қазір жер-жерде бірқатар алқалы жиын өтіп, сарапшылар аталған Кеңестің құрамына кімдер кіру керектігін, оның күн тәртібінде қандай мәселелер қаралу қажеттігін қызу талқылап жатыр. Мәселен, жақында 6,5 млн қазақстандықтың мүддесін қорғайтын Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коа­ли­ция­сының кезекті отырысы өтіп, онда алқалы топ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жөнінде кеңінен пікір ал­масты. Сол басқосуда «Бірлік» партия­сы­ның төрағасы Серік Сұлтанғали бұл Кеңес атқарушы билік пен қоғам арасында диалог орнатып, әлеуметтік ең өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, оның шешілуіне, сол арқылы дамудың жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Елбасы өңірлердің әкімдеріне халықтың әл-ауқатын көтеру үшін барлық мүмкіндікті жасағанын, олар сол үдеден шыға алмай, соңы осындай дауға ұласқанын айтты. Яғни, жергілікті әкімдіктердің жұмысы қожырап, жұрттың тұрмысы төмендеп кеткен.

Мәселенің төркініне үңілген «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов те осы ойды қуаттады. Ол агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту арқылы халықтың ба­сым бөлігінің негізгі мәселелерін сейіл­ту­ге болатынын сөз етті. Осыған қа­рап, халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауқатты ауыл­дар­дың қатарын арттыру Кеңестің күн тәрті­бі­нен түспейтінін бағамдаймыз. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Аза­мат­тарымызды толғандырған нақты мәсе­лелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығай­тамыз. Аймақтағы қордаланған мәсе­­лелерді шешуге халық белсене ара­ла­­сатын болады», деп нақтылап айтты.

Аймақтардың әлеуетін арттыру ту­ра­лы сөз болғанда осыдан бірер жыл бұрын жыр болған жер дауы еске түседі. Сол тұста Жер кодексіндегі басты мәселелер талқы­ланып, ауыл шаруа­шы­лығы мен ауыл­ды дамытуға байланысты көкейкесті мәселе көп екені байқалды. Нәтижесінде, Жер комиссиясы құрылып, бұл қоғам мен биліктің ымы­раға келе алатынын көрсетті. Бұл сөзімізге белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының білдірген пікірі тұз­дық болды. «Сайлау кезінде көптеген мәселенің беті ашылғаны рас. Содан билік пен халық арасында диалог орнатудың қажеттігі туып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылмақ. Бұл Кеңесті құру туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев сайланбай тұрып, бағдарламасында да көрсетті. Проблемалардың оң шешіміне Кеңестің құрамының дұрыс жасақталуы ықпал етеді. Біздің елде осындай сипатта жақсы тәжірибе болған. Кезінде жерге қатысты дау шығып, жұрт дүрліккенде арнайы Жер комиссиясы құрылып, оған қоғамның белсенді өкілдері мүше болып, өңірлерде жан-жақты түсіндіру шаралары өтті. Соңында комиссия жұмысы нәтижелі болып, бір мәмілеге келді. Сол сияқты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ел арасынан халық сенім артқан тұлғалар кіріп, нақты проблемаларды көтере білу керек. Сонда ғана бұл бастама біраз жағ­дайды жөнге келтіреді. Бұған қоса аталған Кеңес алдағы уақытта Парламент сайлауларында нағыз халықтың сөзін сөй­лейтін депутаттардың іріктеліп шы­ғуы­на да жол ашады», деді саясаттанушы.

Расында, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жүктелген міндеттер жүзеге асып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қозғау салса, демократияның өрісі кеңейіп, халықтың қамын жеген шын жанашыр қалаулылар бой көрсете бастайды. Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығының вице-президенті Айдос Сарым Кеңестің құрамына қоғамға сөзі өтімді, тиісті шешімдерді қабылдауға қауқарлы азаматтардың көптеп енгені маңызды екенін айтады: «Сайлаудан кейін еліміздің алдында үлкен реформаларды жүзеге асыру мәселесі тұр. Бұл бағытқа ендігі жерде тек халықтың қалың қолдауымен ғана қадам жасауы­мыз керек. Ол үшін көппен кеңесіп, ақылдасқан абзал. Ал көпшіліктің атынан сөйлейтін білікті азаматтардың Кеңеске қосылғаны маңызды. Сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысы өрге басып, халықтың көңілінен шығып жатса, алдағы сайлауларға деген сенімді де арттыруға сеп болады. Өйткені алда Мәжіліс, Сенат және мәслихаттардың депутаттарын сайлаймыз. Яғни келесі жыл электоралды жыл болады. Бұған қоса осы Кеңес арқылы сайлау, БАҚ, митингілер, саяси партиялар мен қоғам­дық бірлестіктер туралы заңнама қайта қаралып, бұл заң айналасында дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыруға оң әсерін тигізу керек».

Жаһандану дәуірінде әлеуметтік желі­лер­дің әлеуеті күшейіп, азаматтар өз көзқа­расын еркін білдіріп, дүниетанымы кеңейіп, санасы сергіп жатыр. Мемлекет басшысы пікір алмасу, хабар таратудың мүмкіндіктері артқанын, соған сәйкес қоғамның өзгергенін ескеріп, ашықтық пен әділдікке баса мән беріп отыр. Сон­дық­тан азаматтық қоғамды дамытуға ерек­ше назар аударылып, биліктің ха­лық алдындағы жауапкершілігін арт­тыру қажет. Бұл тұрғыда Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі билікке елдің талап-тілек­терін жеткізетін алаң болмақ. Ал қа­лың жұртпен диалогқа келу үшін олар­дың тілінде сөйлей алу керек. Бұдан мем­ле­кет­тік тілді меңгеруге қа­жет­­­­тілік туып, қазақ тілінің қадірі де ар­тады. «Кеңесіп пішкен тон келте бол­мас» үшін мәселенің мәнісін жете түсі­ніп, қабылданған шешімдерді шашау шығармай орындаған жөн. Ұлттық кеңес ұлтты ұйыстыратын ұтымды ұсыныс, келсаппен түйгендей кесімді сөз айтылатын, бірлігімізді баянды, тірлігімізді тиянақты ететін бастама болғай!