Алда атқарылатын міндеттер әлі де көп. Бірінші кезекте Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президентінің Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мемлекеттің жастар саясатын жүзеге асыруда белсендірек болуға шақырды. Ол форумда жасаған баяндамасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел жастарына ерекше үмітпен қарап отырғанына назар аудартты. Мемлекет басшысы: «Сендердің алдарыңда Қазақстан дамуында шешуші рөл атқаратын міндет тұр. Менің міндетім – сендердің ең үлкен армандарыңды жүзеге асыру және өздеріңнің жеке тарихи жетістіктеріңді құру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап беру», деген болатын. Алда атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстың жауапты бөлігі жастардың иығына артылатынын әр саналы жастың терең сезінуі тиіс екенін еске салды.
Бүгінде мемлекет жастарды қолдау бойынша бірнеше бағдарламаларды жүзеге асыруда: «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы, кәсіпкерлік идеяларды дамытуға бағытталған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы – сол мақсаттың айқын көрінісі. Алдағы уақытта да жастар стартаптарын қолдайтын, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты ауқымды бағдарламалар қолға алынады. Еті тірі, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті зор жас басқарушылар үшін мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде кадрлық резерв құрылады. Жансейіт Түймебаев жастарды осы бағдарламаларға қатысуға, ҚХА алаңындағы ең үздік жастар идеясын жүзеге асыруға көмектесетін Jastar jyly – dangyl jol жобасы негізінде жастардың әлеуметтік өсу мүмкіндігін кеңейте түсуге шақырды.
Биылғы жылы Ассамблея тағы да бірнеше қызықты жобаларды – әлеуметтік хакатон, «Ауыл әкімі болғым келеді!» жобасы, «Жастар синергиясы – 2019» форумын өткізуді жоспарлап отыр. Жоғары оқу орындарында «Жарасым» клубының желілерін кеңейте түсу де Ассамблеяның жастар қанаты алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі.
Сондай-ақ, жиында ел аймақтарынан келген жастар сараптамалық топ пен кәсіпкерлерге өз авторлығымен әзірленген стартап жобасын таныстырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кезеңдерін жүзеге асыруды мақсат тұтқан шара аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары өз жетістіктерінің сырымен бөлісті. Өйткені форумды ұйымдастырудағы мақсат та сол – жастарды білім алуға үндеу және бос уақыттарын тиімді, әрі белсенді өткізудің жолдарын ортаға салу, Жастар жылы аясында жаңа идеялар мен жобаларды қолдау, сондай-ақ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының жетістіктерімен таныстыру болатын. Форум ел экономикасының дамуына сеп болатын жастардың тың жобаларына қолдау көрсетуді көздеп отырғандықтан, барлық өңірден шақырылған белсенді жастар өнертабыстарын назарға ұсынды. Расында да, жастар жиынға тың бастамаларымен келіп, өздерінің идеясынан туған ауылшаруашылық, экологиялық, әлеуметтік салаларды дамытуға негізделген жобаларымен жарыса таныстырып жатты. Алматы облысының жастары пісіп-жетіліп, дәлелденген дайын жобасына инвесторлар іздеуге кіріссе, қызылордалық жастар үш тілді дамыту жобасының нәтижесін көрсетуге асық.
Форумның жас қатысушылары үшін «Жетістік тарихы» атты мотивациялық кездесулер мен жастарға көшбасшылық дағдыларды сіңіруге бағытталған интерактивті семинар-тренингтер ұйымдастырылып, олар жылдам дамып келе жатқан ақпараттық кезеңнің ілкімді істерін үйретуге үндейтін пайдалы идеялардан қанаттанып шықты.
АЛМАТЫ