Руханият • 18 Маусым, 2019

Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы

1415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Өткеніңді танымай, келешегіңді болжау мүмкін емес» деген тұжырым бар.

Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы

Ақмола облысының мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасы Көкшетау қала­сының тарихи музейі қыз­меткерлері осы тұжырымға сай қызмет атқарып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі туған жеріміз – Көкше өлкесінің көне де шежірелі тарихының тұнығына тереңнен бойлап, туған қаламыздың бастан кешірген қилы-қилы кезеңдерін зерттеп-зерделеп, ұлттық рухани, мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, олардың озық үлгі­лерін ұрпақ бойында жалпықазақ­стан­дық патриотизм қалыптас­тыру негізінде қоғам игілігі үшін ұтым­ды пайдалану – аса маңыз­ды әрі жауапты іс.

Көкшетау қаласының тарихи музейі қызметкерлерімен жоспарланған әрбір танымдық, тағылымдық іс-шараның маңыз­дылығына мән беріле отырып, жауапкершілікпен жүзеге асырылады. Осы күнге дейін атқарылған мәдени-көпшілік іс-шараларға жергілікті тұр­ғындар мен қала қонақтарының әлеу­меттік же­лілер арқылы берген оң баға­сы музей қызметі бағытының дұрыс­тығының белгісі деп біле­міз. Мәселен, биыл «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында шежірелі Көкше жерінің өз қойнауында бүгіп жатқан талай тарих сырларына бойлау, әлі де зерттелмеген, ашыл­маған тарих беттерін анық­тау, ғибратты ғұмырлары Көк­ше тарихымен тығыз байланыс­ты Уәлихановтар әулетінен бас­тап, жеке тұлғалардың ту­ған жеріміздің тари­хының қа­лып­тасып, дамуына қосқан үлестері бойынша зерттеу-зерделеу жұ­­мыстарын жүргізу, оларды дә­ріптеу, кеңінен насихаттап, келер ұрпаққа аманаттау мақ­сатында «Көкшем – шежі­релі өлкем», «Туған жер – туған ел» патриоттық бағдарламалары аясында көпшілік қауымды Көкше өңірі тарихымен, оның көрікті жерлерімен және киелі нысандарымен таныстыру мақсатында «Туған қалам – қазынам» және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұлтымыздың сәндік-қолданбалы өнері арқылы мәде­ниетіміздің маңыздылығын, қасиет­тілі­гін таныту мақсатында «Ұлттық қол­өнер – қасиетті төл өнер» атты музей­­лік жобалар қолға алынып, оларды жү­зеге асыру барысында түрлі форматта та­ным­дық, тағылымдық іс-шаралар атқарылуда.

Ғасырлар бойы тұнығы лай­­ланбай, ұрпақтан-ұрпақ­қа сабақтасқан ұлттық құндылық­тарымыздың озық үлгілерін келер буынға аманаттау – бүгінгі қоғам еншісінде.

Осынау игілікті мақсаттағы қыз­ме­тіміздің бір айғағы ретінде жаз мау­сымының алғашқы күнде­рінде Бурабай саяхат айма­ғындағы Абылай хан алаңында ұйымдастырылған «Ұлттық мұра: өткеннен – келешекке» атты жылжымалы көрмені айтуға болады.

Біздің өлкеміз ұлы тұлға­лардың есімдерімен, халқымыз­дың басынан өткен маңызды тарихи оқиғалармен байланысты. Халқымыздың атқа міну мәдениеті, салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары көрініс табатын кәсіптің дамуы осы жерден бастау алады. XIX ғасырда көкшелік қолөнершілер мен шеберлердің бұйымдары түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерде жоғары сұранысқа ие болғаны тарихтан белгілі.

Ашық аспан астындағы «Ұлттық мұра: өткеннен – келешекке» атты көр­меде демалу­шы отандастарымыз бен шетелдік қонақтардың назарына музей қорында сақталған қазақ хал­қының тұрмыс-тіршілігінде тұтынылған заттар, киіз, сырмақ, текемет басу, алаша, ши, аяққап, құрақ көрпе мен кілем тоқу сияқты дәстүрлі қолөнер шебері Смағұл Кенжебай, ағаш шебері Еркеш Мәкенов, тері мен металл шебері Рустам Шәріповтің бірегей туындылары ұсынылды.

Сонымен қатар көрме барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкше­тау мемлекеттік универ­ситеті мен А.Мыр­захметов атын­­дағы Көкшетау универ­­си­теті студенттерінің шығармашылығын шыңдау және өнер жолындағы алғашқы қадамдарын қолдау мақсатында көпшілікке насихатталған халқы­мыздың болмысын, мәдениетін, тұрмысын бейнелейтін ұлт­тық нақыштағы картиналары демалушыларды жоғары талғам­ды­лығымен тамсандырып, рухани, эсте­тикалық ләззатқа бөледі.

Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масы тарапынан бекітіл­ген кестелік жоспарға сәйкес ұйым­дастырылған көрме нә­ти­жесінде Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы бойын­­ша атадан қалған асыл мұ­раны көздің қарашығындай сақтап, жалғастырушы сәндік-қолданбалы өнердің жергілікті, танымал хас шебер­лерімен қатар, есімдері дүйім жұртқа бей­мәлім суретшілер мен ұлттық қол­өнер шеберлері анықталып, өнерлері дә­ріптелді.

 

Күнсұлу НҰРҒАЛИЕВА,

Көкшетау қаласының тарихи

музейінің ғылыми қызметкері

Ақмола облысы