Спорт • 18 Маусым, 2019

Ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алу турнирі өтті

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Таран ауданындағы Әйет ауылында ерлікпен қаза тапқан полицей Медет Досымхановты еске түсіруге арналған шағын-футбол турнирі дәстүрлі өтіп тұрады.

Ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алу турнирі өтті

«Балам 15 жасында маған жұртқа күн көрсетпеген тонаушыны ұстауға көмектескен еді. Жасөспірім ұлымның ешнәрседен қорықпай, қайсар шешім қабылдағанына таңқалып едім» дейді әкесі полиция ардагері Бауыржан Досымханов. Медет жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің туған өңірінде қызметін бастайды. Таран аудандық ішкі істер бөлімінде қылмыстық бөлімшені басқарды. Небәрі 28 жасында шектен шыққан талай бұзақыны тезге салды, ұрыларды ұстады. 2009 жылы сәуір айында Медет жылқы ұрлаған сұғанақтардың ізін кесіп, көрші ауданға барады. Ұрының ауласына кіре бергенде оның ағасы және сыбайласы үйден қарумен жүгіріп шығады да, полицейлерді көздеп шүріппені басып салады. Жанындағы достарын денесімен оқтан қалқалаған Медет ауыр жарақат алады, күре тамырын оқ үзіп жіерген оны дәрігерлер ажалдан аман алып қала алмайды. Медетті жерлестері ұмытпайды, оны еске алу үшін жыл сайын спорт, тағы басқа да шаралар өтіп тұрады. Бұл жолы ауылдағы облыстық деңгейде өткен турнирге 6 команда қатысты. Дәстүрлі шараны облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев ашты. Сөз алған «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы бастығының орынбасары Виктор Чернявский Жастар жылы жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелейтін мұндай шаралардың өтуі өте дұрыс, Медет секілді батырларды жастар білуі, ұмытпауы, ұлықтай беруі тиіс екенін айтты.

Турнирде бірінші орынды Облыстық полиция департаментінің командасы, 2-ші орынды рудныйлық полицейлер, 3-ші орынды Таран ауданы полиция бөлімінің командасы жеңіп алды.

Қостанай облысы

Таран ауданы