Қоғам • 18 Маусым, 2019

Халықаралық жағдайларды терең сезінетін тұлға

585 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президентті ресми ұлық­тау рәсімі еліміздің тәуелсіздік тарихындағы жаңа бір кезеңнің шымылдығын ашты. Мемлекет басына жаңа буынның өкілі келді.

Халықаралық жағдайларды терең сезінетін тұлға

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің өркендеу жолына өрелі үлес қосқан өте тәжірибелі саясаткер. Мұны ол кісінің Үкімет басқарған кездегі, басқа да жауапты қызметтер атқарған тұстағы сарабдал шешімдерінен, жасаған жұмыстарынан анық көреміз. Мемлекеттің ішкі де сыртқы жағдайын жетік білетін, қоғам ахуалын жазбай танитын тұлға деп толыққанды айтуға болады. Мемлекет басшысына жүктелетін ең негізгі міндет − елдің тәуелсіздігін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені Президент сыртқы сая­сатта осы елдің экономикасы мен тұрақтылығын әрі қарай жетілдіру бойынша барлық істі тікелей өзі жүргізеді. Өзіне мем­лекет жауапкершілігін толық жүктейді. Осыны жан жүйе­сі­мен сезінген жаңа Прези­денті­міз салтанатты рәсім кезінде сөй­леген сөзінде: «Менің мақ­сатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қор­ғау» деп шегелеп айтты.

Қазір әлемдегі халықаралық жағдай аса күрделі кезеңде тұр­ғанын кез келген көзі ашық азамат білуге тиіс. Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін қа­лып­тасқан халықаралық құқық бұзылды. Алпауыт мемлекеттер басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласатын болды. Тіпті күшті державалар өзінен әлсіздерге өктемдік танытып, тізе батыратынды шығарды. Олардың мақсаты өзіне тиімді, ыңғайлы жүйе орнатуға тырысып, тек өз мүддесін қорғайтыны ашық байқалуда. Дүниежүзілік сауда ұйымының беделі түсті. Әр мемлекет өзінің жеке басын күйттеді. Бұл өз кезегінде әлем елдерінің экономикасының өрісін тарылтып, басқа да сала­ларға салқынын тигізе бастады. Көршілес Ресей Батыстың өте қатаң санкциясына ұшы­рап отыр. АҚШ-тың қысымы Қытай секілді ірі мемлекеттің экономикалық дамуына да кері әсерін тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Оларда да сауда-эко­номикалық қатынастар күр­делене бастады. Әлемде мұндай оқиғалар біздің де экономикамызды айналып өтпейтіні белгілі. Әлемдік нарықта шикізат бағасы төменге құлдилап барады. Мұны күн­делікті байқап отырмыз. Осын­­дай күрделі жағдайлар Мем­­лекет басшысына үлкен жауап­кершіліктер жүктейді. Осы се­кіл­ді халықаралық деңгейдегі күрделі мәселелерді терең сезі­нетін, ел үшін маңызды шешім­дер қабылдай алатын, сол алпауыт елдердің басшыларымен тепе-тең дәрежеде мәміле жасай алатын саясаткердің мемлекет басына келуі халқымызды оң­ға бастайтын игі іс болды деп есептеймін.

Расында да Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді күрделі кезең­нен аман алып өтетін, осы талаптарға барлық жағынан сай келетін тұлға. Тоқаевтың халықаралық саясаттағы биік беделі басқа елдердің бізге тізе батыруына, өктемдік таны­туына жол бермейді. Елдегі іш­кі жағдай қаншалықты күр­делі болғанмен, біз өзіміздің ын­ты­мағымыз­ды арттыра беруі­міз керек. Бей­бітшілік пен тұ­рақ­тылық болса ғана біз кез келген қиындықты оңай еңсере аламыз. Ал ішімізден іріп жатсақ, одан тек барлық сала жапа шегеді. Баға жетпес байлығымыз тәуелсіздік дейтін ұлы тұғырымызды шайқап алмауымыз керек. Президентіміз ұлықтау рәсімінде алға тартқан он міндет елімізді дамудың даң­ғыл жолына жетелейтін не­гізгі қадамдар. Осының бар­лығын жан-жақты саралап жол­ға қою үшін алдымызда зор жауап­кершіліктер тұр. Бұл жұ­мыс­тарда Қасым-Жомарт Кемел­ұлын бірауыздан қолдап, жаңа жетіс­тіктерге бірге қол жеткі­зуге күш біріктіруіміз маңызды.

Алдымызда нақты қандай проб­лемалар тұрғанын Мем­лекет басшысы жақсы сезініп отыр. Халықтың табысын арттыру, қоғамды жегідей жеген жемқорлық дертінің тамы­рына балта шабу, кәсіпкер­лер­ді қолдап, олардың іскерлік белсенділіктерін арттыру және қорғау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әділ әлеуметтік саясат, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, халықтың қолайлы өмір сүруі үшін таза ауызсумен қамту, жолдарды ретке келтіру мәселелерін басты назарға алып отыр. Дүйім жұрттың алдында ұлықтау рәсімін бірден өткеріп шұғыл іске кірісіп кеткені көңіл қуантады.

Президент тілге тиек еткен бағыттар шын мәнінде мем­лекетімізді орнықты дамудың жаңа деңгейіне шығарушы күш екеніне кәміл сенеміз. «Ал­дағы бірнеше жыл бедерінде заманымыздың басты сұрағы: қандай елдер прогресс сапынан орын алатынына, қайсы­сы әлемдік дамудың жиегінде қалатынына жауап берілетін болады. Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс – бұл біздің заманауи сын-тегеуріндерге бірден-бір дұрыс жауабымыз», − деген Тоқаев, әлемдегі жетек­ші технологияларға ұмты­лып, жаһандық дамудың жаңа дең­гейіне бет алған мем­лекеті­міздің ал­дағы бағыттарын ай­қындап бер­ді. Талапқа сай, зерделі жас­тар­ды жетекші салаларды бас­­қару ісіне тарту идеясы да өте өзекті мәселе деп айта аламыз. Себебі бойында ұлттық на­­мы­­сы қайнаған жасампаз жас­тар елі­­міздің жарқын болашағы, тәуел­­­сіздігіміздің негізгі тірегі. Олар­­ды үлкен іс­терге баулу бола­ша­ғымызға жа­сал­ған игі қадам.

Халықаралық қаржы нарық­тарының тұрақсыз­дануына қарамастан, халықтың табыс көлемін арттыру, табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық сынды өткір мәселені реттеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігі кезек күттірмейтін шаруалар. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім керек. Мұның арғы жағында билік пен қоғам арасындағы диалогтың берік орнауы тұрғанын жақсы білеміз. Президенттің осы мәселеге де аса нәзік қарап, баса көңіл бө­ліп отырғаны орынды ше­шім. Әлемдік тәжірибеге сүйе­не отырып, дамудың басты прин­циптерін негізге алып жұ­мыс жүргізетін Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі тұрақтылығы мен дамуын өрге сүйреп, сыртқы саясаттағы жоғары беделін одан әрі биіктете беретініне бек сенейік. Еліміз үшін осынау тарихи кезең баян­ды болып, жан-жақты жаң­ғырулар көш түзей берсе деген тілектеміз.


Икрам АДЫРБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері