Қоғам • 19 Маусым, 2019

Әділдіктің бағдаршамы

723 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің сот жүйесінде іргелі іс-шаралар, өміршең бастамалар жүзеге асырылуда. Оның бәрі өз бастауын Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан алды. Осы ірі бастама отандық сот жүйесіне тың өзгерістер әкеліп, құқық саласында соны серпіліс болды.

Әділдіктің бағдаршамы

Халықаралық ұйымдардың пікірінше бүгінде соттарымыз қолжетімді бола түсті. Кез келген сотқа көп шығынсыз, бюрократиясыз жүгінуге болады. Сотта істер тез қаралады. Бұрын іске соңғы нүкте қойғанша 2,5 жыл кетсе, енді бір жылдан аспайды. IT-сервис енгізілді. Арыздардың 90%-ы интернет арқылы беріледі.

Сотта жағдай жасау жағынан әлемдік рейтингте төртінші орын­дамыз. Алда тек Сингапур, Норвегия, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттер. Бұл – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жемісі.

Өткен жылғы 19 қарашада Елбасының қатысуымен өткен кеңесте сот жүйесінің одан әрі дамуына жаңаша серпін берген және сот төрелігінің сапасын арттыруға негіз болған үш бағыт анықталды. Ең алдымен кадрлар сапасын арттыру. Ол үшін сот жүйесіне білік­ті заңгерлерді, ғалым-құқық­танушыларды іріктеу, стимул жасау, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, оларды об­лыстық немесе Жоғарғы сотқа алудың жаңа тетіктерін қарас­тыру міндеті қойылды. Екін­ші міндет, судьяларды дауы жоқ істерден босатып, оларды күрделі істерге жұмылдыру, жүктемені азайту. Үшінші, сот процесін артық бюрократиядан тазартып, оны тиімді, ыңғайлы, түсінікті ету жолдарын негіздеу, іске асыру.

Биыл наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдағанда осы күрделі мәселелерді шешу жолдары, алда атқарылатын іс-шаралар талқыланып, тапсырмалар жүктелді.

Одан бері бірер ай өтті. Жоғарғы сот бұл бағытта не істеп жатыр деген сауал туындайды. Біздегі дерек бойынша, ауқымды істер атқарылуда. Кадрларды іріктеудің жаңа әдістері енгізіліп, судьялық қызметке «кездейсоқ» адамдардың оңай орналасуына тосқауыл қойылды. Судьялыққа белгілі ғалым-құқықтанушылар мен білікті заңгерлерді алуға жол ашылды. Мұндай жаңа тәсіл салық, кеден, инвестициялар, зияткерлік меншік бойынша, бәсекелестік пен монополияға қарсы қызмет саласындағы, сондай-ақ өзге сала­лар­дағы күр­делі істерді шешу сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Сондай-ақ судьяларды аттес­таттау тәртібі күшейтілген. Ар­найы құрылған Комиссия әр­бір судьяның шешімі мен үкімін мұқият зерттейтін болады. Әсі­ресе бұзылған актілерді қарау талабы қатаңдатылды. Биыл аттестациядан 500 судья өтпек. Бұл – әрбір төртінші судья үшін үлкен сынақ.

Қазіргі уақытта судьялыққа вакансия көп. Бірақ бүгінгі талап бойынша сот жүйесіне сан емес, сапа керек. Сол себепті Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп, іріктеу тәртібін күшейтті. Бұрын іріктеуден әрбір 4-ші кандидат оңай өтсе, қазір әрбір 25-ші кандидат үлкен еңбекпен өтеді.

Одан кейінгі мәселе – сот процестерін артық, қажетсіз бюро­кратиядан тазарту. Қазір түп­кілікті шешім шығару үшін судья оған дейін 20 шақты құжатты толтыруға мәжбүр. Одан арылу жолдары қарастырылып жатыр. Өйткені артық процедуралар, жүктеменің көптігі судьялардың өздеріне тікелей қатысты күр­делі істерді қарауларына едәуір кедергі болып келгені рас. Сон­дықтан сот төрелігіне тікелей қатысы жоқ функциялар соттардан алынып, нотариустар мен про­куратураға берілуде. Бұл судья­лардың жүктемесін едәуір төмендетеді және олардың нақты даулар мен күрделі істермен айналысуына мүмкіндік береді.

Қазір республика бойынша судьялыққа бос орындардың болуының түрлі себептері бар. Көбінесе өңірлерде жүктеменің көптігінен судьялардың жұмыс­тан шығуы орын алған. Егер 2017 жылы соттарға 2,7 млн іс пен материал түссе, 2018 жылы 4,5 млн-ға жеткен. Биылғы жылдың 4 айында 2 млн, яғни өткен жыл­дың бірінші тоқсанымен са­лыстырғанда екі есеге артқан.

Өзге елдермен салыстырсақ, өткен жылы әрбір ресейлік судьяға орта есеппен 1 000 іс пен материалдан келсе, қазақстандық судьялар шамамен 2 000 іс пен материал қараған. Биыл одан да көп: 3500-ге жуық болмақ. Болжамға сәйкес республика соттарына 8 млн іс пен материал түсуі мүмкін.

Жоғарғы сотта нақты әрі стратегиялық маңызды міндет­терді орындау үшін заң­дарға түзетулердің үш топтамасы әзір­ленді. Жалпы, әзірленген 15 заң жобасының алтауы күшіне енді, үшеуі Парламентте, ал қал­ғаны Мәжіліске енгізу сатысында.

Жоғарғы сот төрағасының пікірінше, жүктеме мәселесін шешудің ең тиімді жолы – татуластыру институтын дамыту. Дамыған елдерде даулардың 70-80% татуласумен аяқталып жатады. Неге? Өйткені татуласу сотқа қарағанда әлдеқайда тиімді, арзан, жылдам, ыңғайлы. Сотқа жүгіну оларда қымбат әрі ұзаққа созылады.

Бір жылдан астам уақыттан бері соттар жұмысына жаңа фор­­мат енгізілуде. Мысалы, син­гапурлық тәжірибе бойынша «Түнгі соттар», «Отбасылық сот­тар» және татуластырушы судьялар пилоттық режімде жұмыс істеуде.

Дерекке жүгінсек, 16 өңірде татуласу орталығы ашылды. Рес­публика бойынша 46 орталық жұмыс істейді, татуластыру кабинеттері – 1016. Оларда кәсіби медиаторлар, нотариустар, сот орындаушылар, басқа да мамандар бар. Міндет – келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, ортақ шешім іздеу және ұсыну.

Өткен жылы «Түнгі соттар» жобасы іске қосылды. Бұрын жол-көлік оқиғасы орын алғанда, полицияның хаттама толтыруы мен сот шешімін алу – 3 айға, сақтандыруды алу 100 күнге созылатын. Қазір жол-көлік оқи­ғасы болса, полицияның хаттама толтыруы мен сот шешімін алу – 3 күн, оның күшіне енуі – 10 күн, сақтандыруды алу – 15 күн. Адамдар сағат 18.30-дан 22.00-ге дейін процестерге қатысады. Олар енді бұрынғыдай жұмыстан сұранып, күндізгі тұрмыстық мәселелерінен қол үзіп, әуреге түспейді. «Түнгі соттар» 16 облыста ашылып, жұмыс істеуде.

Өткен жылғы қыркүйектен бері «Отбасылық соттар» жобасы тиімділігін көрсетті. Отбасылық істер бойынша 107 судья жұмыс істейді. Психологтар мен медиа­торлар да белсене атсалысуда. Қаралған отбасылық істердің 41 пайызы бітіммен аяқталған.

Тағы бір жоба – татуластырушы судьялар. Олар адамдардың сотқа талап-арызын бермей тұ­рып, істің анық-қанығына же­туіне, соттағы істердің ұзаққа со­­зылмауына, олардың артық шы­ғынға батпауына көмектеседі. Қазір елімізде 93 татуластырушы судья жұмыс істейді. Олар өздері қара­ған істердің 55 пайызын бітіммен аяқтап отыр.

Ал өткен жылғы сәуірден бері республикадағы 50 сот ғимаратында фронт-кеңселер жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін фронт-кеңселер тағы 100 сотта ашылады. Оларда келушілерге қолайлы жағдай жасалған.

Үкіметпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп 20 ірі мәселені шешу міндеті тиянақталған. Мұндай бірлескен қадам экономика секторындағы күрделі даулар бойынша тұрақты, біркелкі және болжамды сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.

Қазақстан «Жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» рейтингісінде «Сот жүйесінің тәуелсіздігі» индексі бойынша 2017 жылы – 79-орында болса, 2019 жы­лы ақпанда – 73-орынға, «Заң үстемдігі» индексі бойынша 2017 жылы – 64-орында бол­са, 2019 жылы ақпанда – 65-орынға, «Бизнесті енгізу» («Келі­сім­шарттардың орындалуын қамтамасыз ету») индексі бойынша 2017 жылы – 6-орында болса, 2019 жылы ақпанда 4-орынға тұрақтаған.

Меніңше, сот – әділдіктің бағдаршамы. Көшедегі бағдар­шам жол жүрісін реттесе, отандық сот жүйесі қоғам өмірін заңдық тұрғыда реттейді. Себебі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау соттардың миссиясы. Жұрт­қа сапалы сот қызметі көр­сетілгенде ғана халықтың сотқа деген сенімі артады.

 

Нұрлан ҚАЛҚА,

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі

 

НҰР-СҰЛТАН